Өткен тәулікте облыс аумағында үш өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалынның салдарынан екі адам қаза тапса, тағы екеуін күйік шалды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
– Жыл басынан бері облыста 138 өрт тіркелсе, соның 76 пайызы жеке тұрғын үй секторында болды. От ортасында қалған 22 адам қаза тапса, 29-ы әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Ал материалдық шығын көлемі 71 млн. теңгені құрады, – деді мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Дмитрий Растихин.
Қайғылы оқиғалардың бірі 1 наурыз күні Аққайың ауданындағы Новороссийское елді мекенінде орын алды. Өкінішке қарай, оқиға орнынан 6 жасар баланың мәйіті табылды. Белгілі болғандай, әке-шешесі жұмысқа кетіп, бүлдіршін үйде жалғыз қалған.
Тағы бір оқыс оқиға Петропавл қаласыныңдағы Щорс көшесіндегі 84-ші үйде тіркелді. Отқа оранған жер үйдің ішінен 1939 жылғы ер адамның мүрдесі табылды. Ал 1998 жылы туған жігіттің қолдарын күйік шалды. Зардап шеккен азамат қалалық ауруханаға жеткізілді.
Бұл күні Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласында да жер үй өртенді. Цветочная көшесі, 26 мекенжайындағы жер үйде газ баллон жарылып, төбесі ортасына түскен. Өрт шығып, 1974 жылы туған әйелдің денесінің 28 пайызын күйік шалды.
Брифингте жақында Петропавл қаласы Интернационал көшесі, 21 үй мекенжайында газ баллон жарылған кезде жарақат алған 1999 жылғы қыздың ауруханада көз жұмғаны туралы айтылды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.