«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАР ТАҢДАУДА ЖАҢЫЛМА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жастардың өмірінде жауапкершілікті қажет ететін істің бірі – жар таңдау. Жастықтың буымен өмірлік қосағын таңдауда қателесетіндер қаншама?! Ендеше, осы мәселеде сүрінбеу үшін неге мән беру керек? Дана ата-бабаларымыз жар таңдауға қатысты қандай өсиет қалдырған?

Меніңше, жар таңдауда ата-ананың қосатын үлесі зор. Әке-шешенің баласына тәлімді тәрбие беруі, болашақ жарын таңдауда көмектесуі – негізгі міндеті. Сондықтан көргені мол осы кісілердің ақылына құлақ асқан дұрыс. Әдетте, жастар ақыл, тәжірибеге емес, сезімге сүйеніп әрекет етеді. Ал сезімдер көп жағдайда адамды жаңылыстырады. Ақырында жас жұбайлар ажырасып тынады. Бұрынғының салты қандай еді, шіркін?! Бала туған сәттен бастап жора-жолдастар құдаласып, бел құда, бесік құда атанатын. Ондағы мақсат – өздері танып-білетін отбасының қызын алу. Осы дәстүрді жаңғыртса, қоғам көші түзелер еді.

Баяғыда тән сұлулығы емес, жан сұлулығы маңызды болса, қазір басқаша, сырт келбетіне қарайтынды шығарыпты жастар. Бұл ретте “Сұлу жүзің – бір жылдық, сұлу мінез – жүз жылдық” деген мақалға мән берген жөн. Сондай-ақ, қыздың әлеуметтік жағдайы да жар таңдауда өзінің әсерін тигізеді. Халқымыз “Кедей мен кедей құда болса, арасында дорба жүреді, бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, бай мен кедей құда болса, ілінісіп зорға жүреді” деп бекер айтпаса керекті. Яғни, қыз өз отбасынан әлеуметтік жағдайы төмен үйге барғаны дұрыс, өзін еркін сезінеді. Ал бай үйге барса, өзін төмен санайды.

Тағы бір жайт – қыздың тегіне қарау керек: “Тектіден текті туады, Тектілік жолын қуады”, – демей ме халқымыз? Жақсыдан жаман тууы мүмкін, Жаманнан жақсы тууы мүмкін, бірақ түбінде тегіне тартады. Баяғыда тектіден қыз ал, тегіне қара дейтін аталарымыз болса, қазіргі таңда тектілік ұмыт болып барады. Бұл сөздің аражігін ажырата алмай жатқан жастар да жетерлік, бірақ оған бола жастарды кінәлаудың қажеті жоқ, отбасында айтылмаса олар қайдан білсін… Одан соң қыз баланың иманына қарау керек. Иманды қыз барлық жағдайда сабырлылық танытып, шешімін табуға тырысады. Жігіт атаулы осы қасиеттерге қарап қыз таңдаса, бір әулеттің керемет отағасы болып қана қоймай, бір елдің тізгінін ұстар азамат болушы еді. Мысалы, өнегелік тағылымға толы “Құтты білік” кітабында:

“Ай, таңдаушы, бай əйелден үміткер,

Құлы болып қалма оның, білікті ер.

Көңілі мүлік болып, тілін ұзартар,

 

Көтерерсің – болса малға құмартар.

Кісі ізгісі, гөзəлді іздеп шоларсың…

Сұлуды алма, елге күлкі боларсың.

Шырайлыны күллі ел сүйер, жақтар мың,

Оны хақтың құдіретімен сақтарсың…”, – деп Жүсіп Баласағұн бабамыз жас жігіттерге жар таңдауда қыздың қандай мінезі мен келбетіне қарау керектігін айтып кеткен.

Қазіргі таңда көптеген қателіктерге жастарымыз ұрынып қалып жатады. Оған себеп – отбасындағы тәрбие, қыз баланың аңқаулығы, ұл баланың жауапкершілікті сезінбеуі. Ер бала ойланбай шалыс басады, соңында қыз бала зардап шегеді.

Түгел сөздің түйіні, жар таңдауда аса мұқият болу қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: “Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі, үйлену – көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе”, – деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне назар аудартады.

Әлия ҚАЙЫРБЕКҚЫЗЫ,

зейнеткер.

Қызылжар ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp