«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫН ҚАУПІ ЖОҒАРЫ Алдын алуға барлық күш жұмылдырылуы тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктемгі су тасқынына дайындық – өзекті мәселелердің бірі. Қар күрт ерісе, өңіріміздегі өзен-көлдерге жақын орналасқан отыздан астам елді мекен су астында қалуы ықтимал. Қажетті алдын алу шаралары уақытында жүргізілмесе, көктемгі тасқынның зардабы одан да ауыр болуы мүмкін. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық барысы пысықталды.

Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Облыс әкімі жиналғандарға “ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ-ы облыстық филиалының директоры қызметіне кіріскен Қуаныш Ескендіровті таныстырды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

– Үстіміздегі жылы қар көп жауды. Метеорологтардың болжамынша, су тасқыны жылдағы көрсеткіштен қауіпті болуы мүмкін. Кейбір жерлерде ылғалдың мөлшері жылдық көрсеткіштен 40 пайызға артық. Өзен-көлдердегі мұз ерте еріп, тасқын судың қарқыны қатты болады деген болжам айтылуда. Сондықтан біз дайындық шараларын қолға алдық. “2021-2023 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жоюдың кешенді жоспары” атты жол картасы әзірленді. Су тасқыны кезінде туындайтын қауіптерден тұрғындарды, маңызды нысандар мен аумақты қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізетін топтар құрылды, – деді Рамиль Фаткулович.

Облыста бес жүз құтқарушы мен полицейлерден жасақталған топтар құрылған. Олардың қарамағында 155 арнайы техника, 83 мотопомпа мен 8 қайық бар. Жағдай күрделене түскен жағдайда қосымша 1912 маман, 1478 техника, 316 сорғы және 57 қайық тартылады. Бүгінге дейін 687 тонна жанар-жағармай, 32,4 мың тонна инертті материал және 24,8 мың құм салынған қап әзірленді. Елді мекендерден 780 мың текше метр қар шығарылды.

Сондай-ақ, өңіріміздегі ірі су қоймаларындағы ахуал да департамент мамандарының жіті бақылауында. Баяндамашының айтуынша, негізгі қауіп Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендерінен келуі мүмкін. Есіл өзенінің бойында орналасқан аудандар оқыс жағдайларға дайын болғаны жөн. Ал Шағалалы өзені арнасынан асса, оның зардабын Тайынша қаласы мен Теңдік ауылының тұрғындары тартады. Сонымен қатар осы аудандағы он ауылға қар суы кіруі мүмкін. Қызылжар, Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың Есіл өзенінің бойында орналасқан ауылдары мен Петропавл қаласының шеткі аудандарына да су келеді деген болжам бар. Сондықтан ведомство мамандары 6 мың тұрғыны бар 79 елді мекенді ерекше бақылауға алған.

Жиын барысында “Қазгид­ромет” республикалық мемле­кет­тік кәсіпорны облыстық фи­лиалының директоры Қымбат Мерғалимова қатысушыларды алдағы күндерге арналған ауа райы болжамымен таныс­тыр­ды. Алдын ала болжам бойын­ша, наурыз айының бірінші және екінші онкүндігінде қар көп жауа­ды деп күтілуде. Ал ай соңында ауа райы күрт жылынады. Қазір Петропавл және Сергеевка су қоймалары сәйкесінше 82 және 88 пайызға толған. Есіл өзені мен оның салаларындағы мұз­дың қалыңдығы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстыр­ғанда 34 сантиметрге жұқа.

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, шаһарда жыл сайын су басатын 249 аула мен 13 көппәтерлі үй бар. Заречный шағынауданын­да жүргізілген алдын алу жұ­мыс­та­рының арқасында бұл жо­лы су көп кірмеуі тиіс. Петро­павл­да 179 техника қар шығару және су сору жұмыстарын жүр­гізетін бо­ла­ды. Қазіргі уақытта олар тө­тен­­ше жағдайға тас-тү­йін да­йын. Жергілікті тәртіп сақшыла­ры сая­жайларда тұрып жатқан аза­мат­тарды аралап, ес­керту­лер жа­сау­да. Алдын ала бол­жам бо­йынша Заречный, Был­ғары за­уыты және Ойқала ша­ғын­аудан­дарындағы 240 үйді су басуы мүм­кін. Зардап шеккен аза­мат­тарды №12, 13 және 14 мек­­теп­терде ашылған қосын­дар­­ға жет­кізу жоспарлануда. Бү­гінгі таңда арнайы қызмет пен еріктілердің арқасында қауіпті ау­мақтардағы қар сыртқа шыға­рылуда. Облыс әкімі аулалар мен көшелердегі қар­ды сыртқа шығару жұмыс­та­рын ширату­ды, үш ауысыммен жұмыс іс­теуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов биылғы көк­темде су тасқынынан келер қа­уіп зор екенін айтып, жауапты ме­кемелер басшыларына нақ­ты тапсырмалар берді. Облыс әкі­мі­нің орынбасары Иван Тур­ков жетекшілік ететін жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Өңір басшысы орын­ба­сары Ға­ни Нығметовке қазірден бастап су басу қаупі бар аймақ­тардағы қарттар, мүгедектер мен жүкті әйелдердің тізімін жа­сау қажет­тігін ескертті.

– Тұрғындардың өмірін, олар­дың мал-мүлкін сақтауда жұмы­ла әрекет етуіміз қажет. Агро­құрылым басшылары да жауап­ты кезеңде қолдан келер көмек­те­рін аямаулары қажет. Қазіргі таң­да қандай елді мекендерге қауіп төніп тұрғаны белгілі. Алдымен осы ауылдардағы қар­ды шығарып, қажетті жұмыс­тар­ды атқарыңыздар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жауапкершілікпен әрі бірлесіп жүргізуіміз қажет, – деп Құмар Ақсақалов әкімдік отырысын қорытындылады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp