М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнологиялық факультеті екі жыл бойы болашақ технолог мамандарды даярлау үшін “Eurasian milk” ЖШС-мен тығыз әріптестік байланыс орнатты. Қазіргі уақытта бұл серіктес кәсіпорында 16 студентіміз тәжірибеден өтуде, оның алтауы – “Серпін” бағдарламасымен оқитын қыз-жігіттер.
Зауыт басшысы Андрей Гриценконың бастамасымен студенттер мен оқытушыларға шеберлік сабағын өткізу үшін университетке Польшадан “CSK Food enrichment Poland” компаниясының инженері Петр Згужыньски шақырылды. Тәжірибелі маман жиналғандарға ірімшік өндіру технологиясы туралы айтып берді. Сонымен қатар ол сүт өнеркәсібіндегі жаңашылдықтармен бөлісіп, Шығыс Еуропадағы ірімшік өндірудің негізгі проблемаларына тоқталды. Дәріс тыңдаушылары өнімнің құрамындағы май мен тұздың мөлшерін азайтуды, консерванттар мен аллергендерді қолданудан аулақ болуды және аз шығынмен заманауи технологиялық өндіріс үдерісін ұйымдастыруды үйренді. “Азық-түлік қауіпсіздігі” кафедрасының студенттері үшін бұл тақырып өте өзекті, өйткені, олардың білім беру бағдарламаларында сүт өнімдерін өңдеуге арналған пәндер бар. Бұдан соң Петр Згужыньски зауыттағы жұмысшылар үшін де бірқатар дәрістер оқыды.
Бұл күні “Eurasian milk” зауытының басшысы да факультет студенттерін ірімшік жасаудың қыр-сырымен таныстырды. Сондай-ақ, төртінші курстың 6 студенті үшін осы тақырыптағы дипломдық жұмыстардың ғылыми жетекшісі ретінде сөз сөйледі.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ медиа орталығының бас редакторы.