“Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс – бар қазақтан,
Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі”.
Ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров осылайша жырға қосқан Алаштың ұлы перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері, саналы ғұмырында ұлт алдындағы “Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын”, деген уәдесіне берік болған Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толды. Білімі мен парасатына, ақылы мен арына арқа сүйеген Алаштың ардақтысы бар ғұмырын қазақтың бостандығы мен тәуелсіздігі жолына арнады. Біздің бүгінгі еркіндігіміздің түп қазығы – осы Әлихан бабаларымыз бастаған үркердей топтың жанкешті ерліктерімен сабақтасып жатыр емес пе?!
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Алаш көсемі – Әлихан Бөкейхан” тақырыбында өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция қазақтың ұлы перзентінің мерейтойына орай ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов пен өңіріміздің және еліміздің басқа да өңірлерінен тарихшы ғалымдар “ZOOМ” платформасы арқылы қатысты.
“Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден”. Бұл қанатты тәмсілге айналған сөздің авторын бүгінде қазақтың отансүйгіш әр баласы біледі десек артық айтпағанымыз болар. Әлихан Бөкейханның есімін ерекшелейтін де, ең алдымен, оның елге сіңірген есіл еңбегі дер едік. Оның әрбір әрекеті, жасаған қадамдары мен қолға алған бастамалары түптеп келгенде Алашты егемен ел етіп, қабырғасын қатайтуға бағытталды. Конференцияны жүргізген жергілікті университеттің Ғылым және инновациялар жөніндегі басқарма мүшесінің міндетін атқарушы Ақмарал Ыбыраева ұлы тұлғаның осындай мақсат-мұратын сөз етті. Бұдан соң облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтау сөзін оның орынбасары Ғани Нығыметов оқып берді.
– Еліміздің Тәуелсіздігі – Әлихан Бөкейхан бастаған зиялы қауымның талай жылғы арманы болатын. Сол асыл арманға біздер, бүгінгі жас ұрпақ, қол жеткізіп отырмыз. Тәуелсіздікті сақтап, елдің гүлденуі жолында біз бірлесіп аянбай еңбек етуіміз керек, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Отаршылдық саясаттың дәурені жүріп тұрған кезде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды арыстарымыз бас көтерді. Әсіресе, өткен ғасырдың басында Әлихан Бөкейханның есімі елімізде үлкен құрметке бөленді, ол ұлтымыздың рухани дүниелеріне, отандық тарихтың өркендеуіне, халықтың тарихи санасының қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Ұлт жанашыры XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық “Алаш” қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды, ағартушы ұстаз, майталман ғалым ретінде артына өшпес із қалдырды. Қазақ халқын Ресей империясының боданынан шығаруды көздеген Әлихан Нұрмұхамедұлы өз тілі мен діні, мәдениеті бар жеке мемлекет құру жолында көптеген ауыр жағдайларды басынан кешірді. Бірнеше рет түрмеге қамалып, тіпті, жер аударылған кездері де болды. Мәскеуде 10 жылдай үйқамақта отырғаннан кейін 1937 жылы 71 жасында ату жазасына кесілді. Ал 1989 жылы мамырдың 14-і КСРО Жоғарғы сотының қаулысымен толығымен ақталды.
Алаш көсемінің тарих саласы үшін атқарған еңбегі, тіпті, ұшан-теңіз. Конференцияға қатысушылар публицист-ғалымның осы қырына кеңірек тоқталып, зерттеу еңбектерінің елімізге, әсіресе, жас ұрпаққа тигізер зор пайдасы туралы әңгімеледі. Баяндамашылар “Әлихан Бөкейханның арманы”, “Қазақстан тарихы Әлихан Бөкейхан еңбектерінде”, “Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік идеясы”, “Алаш зиялыларының оқу-ағарту саласындағы еңбегі” және тағы басқа тақырыптар аясында ой-пікірлерімен бөлісті. Мәселен, аталмыш шараға Түркиядан арнайы бейнебайланысқа шыққан Кастомону университетінің профессоры Орхан Сойлемез “Әлихан Бөкейхан есімі Түрік елінде” атты баяндамасын оқыды. Ал Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы “Алаш” ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлы Алаш ардақтысының тарихи сананы қалыптастырудағы рөліне егжей-тегжейлі тоқталды. Оның пікірінше, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясындағы барлық мақсат-міндеттер, бүгінгі ұрпақ тәрбиесі осындай еліне жанашыр азаматтардың мұрасы арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.