«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алтынның жүрек қалауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қайырымдылық – адам бойында­ғы асыл қасиеттердің бірі. Мынау жарық әлемді жүректері мейірімге толы жандардың қайырымды істері әрлендіріп тұр емес пе?! Бұл ретте мұқтаж адамдарға риясыз көмек, қалтқысыз қолдау көрсетумен айналысатын еріктілердің еңбегі ерен. Қиын жағдайда қалған жандарға көмек қолын созуға асық бойжеткендердің бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 4-курс студенті Алтын Шаяхметова.

Тимирязев ауданының тумасы Алтын Қазбекқызының волонтерлік қызметі университет қабырғасында басталды. Ол бірінші курстан бастап қайырымдылық кештері мен жәрмеңкелеріне қатысып, белсенділік танытты. Бір жылдан соң педагогика және психология кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Айтымовамен танысып, оған құрбыларымен бірге жақсылық жасау жөніндегі идеяларын ұсынады. Алғашқы қайырымдылық концертін Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатында ұйымдастырды. Бұл үшін шараның жүгін көтерер жомарт жандарды іздеді. Нәтижесінде қайырымды азаматтар табылып, сол күні балаларға киім-кешек, кеңсе заттарын сатып алып, тәттіге толы дастарқан жайып, қызықты ойындар өткізді. Бұл концерттен кейін белсенділер осы бағытта жұмысты жалғастыруға бекінді.

Аяулы ұстаз Айгүл Нұрланқызы бастаған белсенді қыздар “QAMQOR SKU” волонтерлік қозғалысын құрып, оның жұмысына университет студенттерін тартты. Бұдан бөлек, жүрегі мейірімге толы студент құрбыларымен бірге балалар үйіне түсетін тастанды және жетім балалардың санын азайту мақсатында 2013 жылы құрылған “Ана үйі” қоғамдық қорына баруды да ұмытпайды.

“Жақсылық еккен алғыс орады” демекші, Алтын әрбір күнін жоспарлап, сауапты іс жасауға талпынады. Еңбегінің өтеуі сол, көмекке мұқтаж адамдар ризашылық білдірген сәттерде қуанып, игі іспен айналысып жатқанын түсінеді. Осы ізгі көңілі үшін түрлі марапаттарға ие болды. Солардың ішінде негізгісі – 2019 жылы Петропавл қаласында ұйымдастырылған “Zhas­tar Uaqutu” форумында “Жыл волонтері” атануы. “Бір түсінгенім, волонтерлікке жұмыс ретінде қарамайсың, себебі оны жан дүниеңнің айнасы деп атауға болады. “Жақсылықтың ерте-кеші жоқ” дегендей, қызылжарлықтарды мұқтаж жандардың проблемаларына бейжай қарамай, қарттар және балалар үйлеріне барып, көмек көрсетіп тұруға шақырамын”, – дейді Алтын Қазбекқызы.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp