«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОН ТӨРТ ҚҰРСАҚ КӨТЕРГЕН кейуана ұрпағының құрметіне бөленуде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Безілдеп қоя берген телефон тұтқасын көтеріп едім, арғы жағынан: “Тағы да Зада әжең ғой”, – деді таныс дауыс. Сөйлескенім жаңа ғана еді ғой, деген екіұдай оймен тіл қатқанымша сөзін жалғастырып кетті. “Алжыған кемпірден не сұрайсың? Келіндерімді алтау деппін. Сөйтсем, жетеу екен. Түзетерсің, құлыным”, – деді анаға тән қамқор үнмен.

Бірлік елді мекенінде ұзақ жасаған қарияның тұратынын, ешкімге салмақ салмайтынын, барлық шаруаны өзі атқаратынын естіп, арнайы іздеп барған едім. Ауылдан шеткерілеу орналасқан еңселі үйге кіріп, төрге озғанымда кейуананың спорт телеарнасын тамашалап отырғанын байқадым. Кейін білгенімдей, кәсіпқой бокстың майталманы Геннадий Головкиннің әр жекпе-жегін құр жібермейтін жанкүйері екен. Басқа да хоббилары аз емес. Әлі күнге дейін бау-бақша өсіріп, жемісінен тосап қайнатады. Немерелері келерде бауырсақ, тоқаш-бәліштің неше түрін пісіріп, үстел үстін самсатып қояды.

Өткен өмірін жымиыспен еске алған кейуананы құдды бір шежіре ме дерсің. Екі ғасырда талай оқиғалардың куәсі болғаны, тағдырдың басқа салған тауқыметін көп тартса да, сағы сынбағаны, жақсы өмірге деген үміт отын өшірмегені әр сөзінен анық байқалады.

– Буынымыз қатпай жатып ұжымшардың жұмысына жегіліп, балалық шағымыз жоқшылықта өтті. Күннің ыстық-суығын елемедік. Ел тілеуі – боздақтардың соғыстан аман-есен оралуы болды. Басымызға қанша қиындық түссе де, обал-сауап, имани қасиеттерге қылау түсірмей өстік. Бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда қолда бардың қадірін білмейтін кей жастарды көргенде қарадай қарным ашады. Бірде теледидар түкке тұрғысыз нәрсеге бола бір-бірін атып тастаған бауырлар жайлы сұмдық хабар көрсетті. Жағамды ұстадым. “Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын” деген осы шығар? Осы жасыма дейін кісіге ауыртпалық салған емеспін. Бар тірлікті өзім атқаруға дағдыланғанмын. Қазір не ішем, не жеймін демейсің, бәрі бар. Бұл – тоқшылықтың, өз қолымыздың аузымызға жеткенінің белгісі. Қамыр илеп, нан жабуға ерінетін келін ертең өз қызына қандай тәрбие бермек? – дейді кейуана бізге іштегі шерін ақтарып.

Өзі көпбалалы әулеттен. Анасы Сақып 13 құрсақ көтергенімен, 9-ы шетінеп кеткен. Үйдің үлкені – Зада. Әкесі майданға аттанғаннан кейін шешесіне ілесіп, соқа айдайды. Сақпанға барады, аңызда масақ тереді. Бейбіт күн орнап, жұрт ес жия бастаған шақта оқуын жалғастыруға талпынады. 16-ға келген бойжеткен Қайыркен деген құрбысымен Кеңес ауылына жаяу-жалпылап қатынап, бесінші сыныпты бітіреді. Алайда, ондағы жетіжылдық мектеп жабылып, ілім-білімге деген ерен құштарлығы осымен тамамдалады.

Тотыдайын таралып өссе де, жігітпен сөйлеспек түгіл, бетіне қарауға ұялатын ибалы кезі. Бақытына қарай Қарағандыда еңбек армиясында жұмыс істейтін Жатай деген ауылдың беткеұстар азаматы жолығып, қазақтың дәстүрімен қолдан ұзатылады. Екі жас отау құрып, тұңғыштары Мереке дүниеге келеді. Алайда, ата-анасының қолқалауымен оны баласы жоқ туыстары бауырына басады. Адал ниетіне сай 14 құрсақ көтерткен. Оны дін аман. Жеті келінін қызындай мәпелеген. Кенжесі Жанат пен тұңғыш немересі Әлия бір жылы туғанын айтып, күліп алды. “Ұзақ жасаудың сыры неде?” – деген сауалыма: “Алланың маңдайға жазған сынағынан ешбір пенде қашып құтылмайды. Қиындыққа мойымадым. Қуанышқа асып-таспадым. Бұл соған берілген сыйы болар”, – деп жауап берді.

Тоқсан үштің төріне озған ақылгөй ана сиыр, бие сауып, қат-қабат тірлікке толы үй шаруасын бертінге дейін атқарып келген. Қазірдің өзінде 20 шақты қой ұстайды. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай жары Жатай марапатқа ие болғанда есімін “Медаль” деп ырымдап қойған ұлы – қолғанаты. Бір ауылда тұратын баласы Бауыржан мен келіні Жанар да қарайласып тұрады. Сонда да олардың көмегіне жүгіне бермейді. Барлық тірлікті өзі атқаруға бейіл. Бір көзі дұрыс көрмей қалғанымен, көзілдірік тақпайды. Оң құлағының ептеп мүкісі, кейде қан қысымының көтеріліп кететіні бар. Дәрігерге қаралғаннан гөрі халықтық ем-домды қолданғанды тәуір көреді. Ыңқыл-сыңқылы күшейіп бара жатса, “үкіметтің” дәрісін ішіп, сауығып кетеді. Бар ермегі­ – үй шаруасы мен бау-бақша. Былтыр 50 банкіге жуық тосап дайындап, келін-балаларына үлестіріпті. Еккен қарбыздары да жақсы шыққан екен.

Қазіргі негізгі алданышы – немерелері мен шөбере-шөпшектері. Оларды емірене сүйгенде тебіреніп, керемет күш-қуат алғандай әсерленеді. “Еліміз бақуатты, жұртымыз тыныш болсын. Бар тілеуім – халқымның амандығы”, – дейді төртінші ұрпағын қызықтап отырған Зада Баймолдина әжей.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp