Қазақ қоғамында келіннің орны ерекше. Заман өзгерсе де, бұрыннан келе жатқан салтымыз сол қалпында. Сүйікті жарының ризашылығына бөленіп, ата-енесінің ақ батасын алып жүргендердің арасында қазақ жігітінің етегінен ұстаған өзге ұлт өкілдері де баршылық. Осындай үлгілі келіндердің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Елена Мақажанова.
Еленаның ұлты орыс болса да, салты – қазақ. Нәзік жан болашақ күйеуі Нұржан Тұрлыбекұлымен 2008 жылы жоғары оқу орнының соңғы курсында оқып жүргенде танысыпты. Сол күнді Елена ерекше тебіреніспен еске алады: “Нұржан дәмханалардың бірінде аспаз болып жұмыс істейтін. Оның жақсы адам екенін бірден сездім. Алғаш көргеннен адал, қамқор, батыл болып көрінді. Телефон нөмірімді сұрады. Бердім. Міне, сол сәттен махаббат кітабының алғашқы парақтары жазыла бастады. Оқу аяқталысымен туған жерім – Сергеевка қаласына кетсем де, жиі хабарласып тұрдық”, – дейді ол.
Көп ұзамай Нұржан Еленаға отау құру туралы ұсыныс жасайды. Кейін қазақтың салтымен қалыңдыққа сырға салынып, беташар ұйымдастырылады. Той да дүбірлетіп өтті. Елена бірінші күннен қазақтың салт-дәстүрі мен жөн-жоралғысын бұзған емес. Ол атасы мен енесінің жағдайын жасап, әдептілігімен, елгезектігімен үлкендердің алғысына бөленуде.
– Некемізді мешітте қиып, мұсылман атандым. Тіпті, есімімді ислам дініне лайықтап Лейла деп өзгерткім келді, бірақ ақылдаса келе бұрынғы атымда қалдым. Енем Сәуле Есімбекқызының ақылымен шаңыраққа тастай батып, судай сіңісіп кеттім. Екінші анам атанған ол әдет-ғұрыпты ұстану жолын көрсетіп, үнемі өзінің ақыл-кеңесін айтып отырады. Енем – өте мейірімді, ашық кісі. Басқаларға әрдайым: “Келінім басқа ұлттан болғанымен, салтқа берік. Өте пысық. Барлық істі бірден қағып алады”, – деп мақтанып жүреді, – дейді келіні.
Келін атанған күннен ол ұлттық тағамдарымызды әзірлеп үйренген. Ет асып, бауырсақ пісіреді. Шаңырақта үлкендерді сыйлау, оларға дастарқан жаю тәртібін де тез меңгерген. “Келін қайын ененің топырағынан” демекші, мақаламыздың кейіпкері бүгіндері Мақажановтар әулетінің сыйлы келіндерінің қатарында. Ол абысындарына да үлгі.
Қыз балаға болашақ келін, ерін сыйлар жар, сәбиге өмір берер ана ретінде тәрбие беру оңай іс емес. Бұл – қазақта ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан кешегі Домалақ, Айғаным мен Зере аналарымыздың салып кеткен сара жолы. Елена абыз аналардың сол жолын жалғап, нағыз қазақ келініндей болуға тырысып жүр. Мұны енесі Сәуле Есімбекқызы да құптайды.
– Еленамыз қазақ келіндерінен бір кем емес. Тіпті, өзге келіншектерден артық екенін көріп жүрміз. Мен ешқашан өзге ұлттансың деп бетіне басқан емеспін. Балам сүйіп қосылған соң келінімді өз баламдай қабыл алдым. Өзі де өте мейірбан. Шаңырағымызға түскен күннен бастап, міне, 11 жыл бойы бір ренжісіп көрген жоқпыз. Осының өзі көп жайды аңғартпай ма?! Немерелерімізді дүниеге әкеліп, ата-әже атандырды. Соңғы кездері келінім де, немерелерім де мемлекеттік тілді үйренуге ден қойып жүр, – дейді Сәуле Есімбекқызы ағынан жарылып.
“Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық” демекші, екі жақ құда-құдандалы болған соң үнемі араласып тұрады. Бір-бірінің үйіне қонаққа да жиі барады. Қыста соғым етіне шақыру дәстүрін де ұмытқан емес.
Елена №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде география пәнінен сабақ береді. Нұржанның жеке кәсібі бар. Ұлы Расулдың жасы 11-де. Ол анасы жұмыс істеп жүрген мектепте оқиды. Ал 5 жасар Мәдина былдырлаған тілімен ата-әжесінің ермегіне айналған.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Мақажановтар әулеті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.