Үстіміздегі жылы медициналық сақтандыру қоры 6,2 миллиард теңгеге 7 мың экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) циклын қаржыландыруды жоспарлауда. Өткен жылмен салыстырғанда жасанды ұрықтандыру бойынша квота саны 7 есе өсті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде “Аңсаған сәби” әлеуметтік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты – қосалқы репродуктивтік технологиялардың (ҚРТ) көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге көмектесу.
Біздің елімізде ЭКҰ жүргізу тиімділігі орта есеппен 15-42 пайызды құрайды. Бала туу бойынша емдеу тиімділігінің көрсеткіші – 30 пайыз. Бұл еуропалық ең жақсы клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келеді.
Бүгінде елімізде 11030 әйел бедеулікпен есепте тұр. Ал 2010 жылдан бастап Қазақстанда экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Жасанды ұрықтандыру қызметіне отбасылық жұптар мен жеке адамдар да жүгіне алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну мен өзге де белгілер бойынша жасанды ұрықтандыру қызметі көрсетілмейді. ЭКҰ-ға жолдама алу үшін тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Медициналық ұйым мамандары науқасты диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымы 12 айдың ішінде бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда әйел “Емдеуге жатқызу бюросы” порталында тіркеліп, рәсімге дайындала бастайды. Әрбір адам экстракорпоралдық ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
Бұл орайда, жылына бір рет МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан тегін өтуге болатынын айтқан жөн.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының бөлім басшысы.