Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Ұзақ уақыт үзілістен кейін актерлер көрермендерімен қайта қауышып, “Толық адам” спектаклін сахналады.
Қойылым басталмас бұрын театр директоры Біржан Жалғасбаев өнерсүйер қауымның ыстық ықыласын сағынған шығармашылық ұжымның толқып тұрғанын жасырмады. Театр туындыларына шөліркеген руханият ордасының тұрақты меймандарының көңілі шат, арқа-жарқа. Шымылдық түрілгенде, залдағы абыр-сабыр сап тыйылды. Көрермен көңілі ұлы Абайдың қара сөздеріне негізделген спектакльге ауды. Хакімнің ғақлияларын сахналық қойылымға айналдыру мүмкін бе? Бұл ретте спектакльдің қоюшы режиссері, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағали данышпанның “Толық адам” ілімінің тұңғиығына бойлаған.
Спектакль барысында Абайдың өзі өмір сүрген қоғамдағы жайттарға деген көзқарасы кеңінен суреттелді. Бас кейіпкердің рөлін сомдаған актер Асылхан Рәзиев ғұламаның орамды ойлары мен парасатты пайымдарын, түзу жолды нұсқаған ұстанымдарын әсерлі жеткізе білді. Спектакльді тамашалай отырып, Абайды күйіндірген, толғандырған мәселелердің бүгінгі қоғамымызда да өзекті екенін аңғарасыз.
Пандемия талаптарына байланысты әдеттегіден азырақ жиналған көрермендер қойылымды ерекше ықыласпен тамашалап, өнер иелеріне қол соғып, қошемет көрсетті.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.