«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Толық адам” тағылымы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы об­лыстық қазақ сазды-драма театрының репертуары жаңа қойылыммен толықты. Ұзақ уақыт үзілістен кейін актерлер көрермендерімен қайта қауышып, “Толық адам” спектаклін сахналады.

Қойылым басталмас бұрын театр директоры Біржан Жалғасбаев өнерсүйер қауымның ыстық ықыласын сағынған шығармашы­лық ұжымның толқып тұрғанын жасырмады. Театр туындыларына шөліркеген руханият ордасының тұрақты мейманда­рының көңілі шат, арқа-жарқа. Шымылдық түрілгенде, залдағы абыр-сабыр сап тыйыл­ды. Көрер­мен көңілі ұлы Абайдың қара сөздеріне негізделген спектакль­ге ауды. Хакімнің ғақлияларын сах­налық қойылымға айналдыру мүмкін бе? Бұл ретте спектакльдің қоюшы режиссері, “Дарын” мем­лекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Мол­дағали данышпанның “Толық адам” ілімінің тұңғиығына бойлаған.

Спектакль барысында Абайдың өзі өмір сүрген қоғамдағы жайттарға деген көзқарасы кеңінен суреттелді. Бас кейіпкердің рөлін сомдаған актер Асылхан Рәзиев ғұламаның орамды ойлары мен парасатты пайымдарын, түзу жолды нұсқаған ұстанымдарын әсерлі жеткізе білді. Спектакльді тамашалай отырып, Абайды күйіндірген, толғандырған мәселелердің бүгінгі қоғамымызда да өзекті екенін аңғарасыз.

Пандемия талаптарына байланысты әдеттегіден азырақ жиналған көрермендер қойылымды ерекше ықыласпен тамашалап, өнер иелеріне қол соғып, қошемет көрсетті.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp