Апам туралы ойласам, көз алдыма алдымен мол пішілген, тізесіне түсіп тұратын, екі жерден қызыл тасы бар күміс қапсырма ілген қара бүліш қамзолы келеді . Қысы-жазы үстінен тастамайтын. Басында ақ орамал, аяғында қонышты қара етік. Көзі мойылдай қара, жанары шоқтай жанып тұратын. Ән айтқанды жақсы көретін. Жүн түтіп, жіп иіріп отырғанда айтатын әндері бар еді, ақырын ыңылдап бастап, біраздан соң дауысы көтеріле беретін. Ондай кездері мен де оқып жатқан кітабымды немесе ойынымды тастай салып, әнге құлақ түремін. Әннің мағынасын түсінетін жаста емеспін, бірақ апамның бұлақтың суындай таза дауысы менің жан-дүниемді баурап, ерекше сезімге бөлейтін.
Апамның дүниеден өткенін сыртта жүріп естідім. Топырақ сала алмағаныма әлі күнге өкінемін. Оған да он сегіз жыл болған екен. Ара-тұра ауылға барғанда алдымен зиратқа соғып, атам екеуіне Құран оқимын. Бала күнгідей ойымды айтып, мұңымды шағамын. Екеуінен жақын ешкімім жоқ еді, әлі күнге дейін орындары үңірейіп тұр. Қуансам, титтей бір жетістікке қолым жетсе “атам мен апам қалай қабылдар еді” деп ойлаймын, бірнәрсені дұрыс істемесем екеуі көріп тұрғандай “мұным жарамады” деп қуыстанатынмын. Кішкентай күнімнен бауырына басқаннан шығар, екеуін әкем мен шешемдей көретінмін. Тіпті жеті-сегіз жасыма дейін “атамның аузынан түсіп қалғанмын” деп жүрдім. Апам сырт көз үшін ұрысқаны болмаса, мені қатты жақсы көретін. Күні-түні қасындамын, кішкентай кезімнен жұмысқа араласып, қолын ұзарттым кемпір-шалдың. Қарт адамға соның өзі медеу емес пе, қолқанатым деп, мен дегенде шығарға жаны қалмаушы еді екеуінің де.
“Бастан ұшқан заманда елдің бағы,
Шемен етіп қу тағдыр шеріңді әрі.
Белді бекем буындың жиырма бесте,
“Көппен көрген ұлы той” – дедің дағы”. Ақын Дәулеткерей Кәпұлының осы өлеңін оқығанда апам келеді көз алдыма. Байдың қызы деп қуғын-сүргінді көп көрген, әулетімен ішке (Ресей) өтіп кетіп, аман қалған. Кейін заман түзелген шақта елге оралған. Бірақ жиырмасыншы ғасырдың басында туған ұрпақтың басына түскен сынақ сұрапыл еді. 41-де соғыс басталып, ер-азаматтар майданға аттанды. Елдегі бар қара жұмыс шал-кемпір, әйелдер мен балалаларға қалды. Соқаға өгіз жегіп, жер жыртты, астық үшін арпалысты, аш-жалаңаш жүрді. Мойымаған, қатыгез тағдырдың тауқыметіне қайсарлықпен қарсы тұрған ұрпақ еді олар.
Апам шошаладағы қара кебежені “үйімнің құты” деп толғанып отыратын. Таңғалатынмын, апамның мұнысы несі, қайдағы бір қара жәшікті кие тұтып. Оны жылына бір шығарып, күнге кептіреді. Қаңсып кетеді деп, шамалы дегдітіп алады да, қайта кіргізеді. Төрт қатар тақтай, бұрыштарына қаңылтыр ұстатқан, сырты ыс пен майдан әбден қарайған кәдімгі қорап. Ойнап кетпейтіндей қылып шақтап істеген қақпағы, 3-4 елідей төрт сирағы бар. Екі бүйіріне темірден иіп құлақ жасатқан. Үйге сыйлы қонақ келсе, кебежесін ашып, ұнның арасынан омыртқа, жая, қазысы бар, бір асым етін алып шыға қояды. Ауыл арасындағы қыдырмалар болса, сөреде ілулі тұрғандарынан асады. Қазының шыныдай сарғайған майын айтсаңшы. Табаққа түскендегі аңқыған иісінен бөлек, жылт-жылт еткен түрінің өзі тәбетіңді ашып жібереді.
“Әдейі сақтаған сыбағаң еді, алып отыр”, – деп қонақтың алдына үйе береді. Атам да білегін түріп тастап, мүйізсап бәкісімен жапырақтап турап, “жеженің” астына алады. Сүрдің майы жүрекке тимейді.
Сол қара кебежедегі ұннан пісірілген бауырсақты айтсаңшы. Сүрдің иісі мен дәмі сіңген. Оны жесең, ет жегендей боласың. Тіпті суығанын да тоспай шырпыға шаншып алып, добалдай бауырсақты тістеп қалғанда таңдайыңа жабысып, көзден ыстық жас ыршып шығатын. Оған да қарамай жей бересің, жей бересің… “Менің берекемді кіргізіп, отбасын асырап отырған осы кебеже, одан айырылсам үйімнен құтым қашады”, – дейтін әжем. Қазір атам да, апам да келместің кемесіне мініп кеткен, қара кебеже де жоқ.
Қайран, апам-ай! Маған біреудің тиіскенін, ренжіткенін естісе, жаны шығардың аз-ақ алдында қалушы еді. Ал мен біреуді ренжітсем “менің құлыным ешкімге тимейді, өзі соқтыққан ғой” деп үстімнен құс ұшырмайтын. Оны мұғалімдер де біліп алған, сөйтіп, менің еркеліктерім мен тентектігім көбіне жазасыз қалатын. Бар тәтті-дәмдісін маған тосушы еді. Әсіресе, қонақтан келген кезде алдынан жүгіріп шығып, мойнына асыла кететінмін. Қамзолының терең қалтасына қолымды сұққан кезде қолтығыма дейін кіретін. Ал ол қалтада не жоқ дейсіз? Кәмпит, құрт, печенье сияқты жейтіннен бөлек, оймақ, бор, тіпті сабынға (іс тіккен кезде бордың орнына матаға белгі салу үшін пайдаланатын) дейін шығатын. Құрт екен деп қомағайланып сабынды да, борды да талай ауызға салып жіберген кездерім болды.
Он екідегі кезім. Атамның дүниеден озғанына ай да толған жоқ. Мектептен келсем, апам ұршық иіріп отыр екен. Үстінде қара бүліш қамзолы. Әдеттегідей ыңылдап ән айтып отыр. Сай-сүйегіңді сырқырататын мұңды әуен. Портфелімді атып ұрып, ту сыртынан келіп, қапсыра құшақтай алдым. Түтіннің, тердің, кәмпиттің, сабынның иісі мұрнымды жарып барады. Қара қамзолдың, апамның иісі. Жұпар иіс!
Сағындық МАУҒАЗИН.