«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ең биік өмір дейтін асып қырдан, Арман, мақсат, ойлары асықтырған. Білім – бастау, ұрпағын сусындатып, Ұстаз ғой, ел мерейін тасыттырған”, – деп ақын Марфуға Айтқожина жырлағандай, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, осы жолда адал еңбегімен құрметке бөленген жандарға қанша мадақ сөздер айтсақ та артық емес. Өйткені, мұғалім болу оңай болып көрінгенімен, нағыз ұстаз атану екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Осы орайда 40 жыл білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп, талай дарынды жасты үлкен өмірге қанаттандырған Шәрбан Камалиеваны ерекше ілтипатпен ауызға алуға болады.

Ұлағатты ұстаз Шәрбан Молдажанқызы 1951 жылдың 5 наурызында Аққайың ауда­нының Баянды ауылында дүниеге келген. Көп­балалы отбасында тәрбиеленіп, ­мек­теп­ті үздік тамамдаған ол ата-анасының ақ бата­сымен Көкшетау қаласындағы техникумға түсіп, кітапханашы мамандығын игереді. Ең­бек жолын тігіншіліктен бастаған нәзік жан өз ауылына оралып, 2 жыл аудандық мәдениет бөлімінде әдістемеші болып қызмет істейді. Жас маман өзіне сеніп тапсырылған міндет­терді абыроймен атқарып, ұжым сеніміне ие бола бастаған тұсында болашақ өмірлік жа­ры Хамит Мұхамадиұлын кездестіріп, көп ұза­май ша­ңырақ көтереді. 1976 жылы Тими­рязев ау­да­нындағы Докучаево ауылына кө­шіп барып, мектепке ұстаз болып орналаса­ды. Талай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп, үл­кен өмір­ге қанат қақтырған ол облыс орта­лығындағы №1 гимназияда қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып, сол жерден зейнет демалы­сына шықты.

Шәрбан Молдажанқызы осы білім ұясын­да еңбек еткен тұсында тәлімгерліктің қыр-сы­­рына қанығып, маман ретінде толыса түс­ке­нін айтады. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рында өзге этнос өкілдеріне ана тілімізді үй­ретуге талпынған ұстазға бұл міндеті қан­шалықты қиын болса да, ол сүйікті ісінен қол үзу жайында мүлде ойламапты. Балалар ара­­сында тіл машықтандыру үйірмелерін жүр­­гізіп, олардың өзара қазақ тілінде сөйле­суін мұқият қадағалапты. Нәтижесінде орыс, бе­лорусь, татар, украин отбасыларынан шық­­қан балалар мемлекеттік тілді аз уақыт ішінде меңгеріп, тіпті, осы бағыт бойынша пән олимпиадаларында бақтарын сынап көрген.

Шәрбан Молдажанқызы №1 гимназия­да қызмет еткен жылдары қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдарын редакциялап, ба­сып шығаруға атсалысты. “Мен қызмет еткен гимназия сапалы білім беру жағынан үздік оқу орындарының бірі болды. Қазір де солай. Білім саласында қажырлы еңбегімен таныл­ған ардагер ұстаздар Раиса Полищук пен Люд­мила Чебакова басшылық еткен тұста­ры мектебімізде 1 мыңнан астам бала оқы­ды. Беделі жоғары оқу орнында қызмет ету абырой, екінші жағынан үлкен жауапкерші­лік жүктейтін. Біз сол талапқа сай болуға ты­рысушы едік”, – дейді тәлімгер. Осындай же­місті еңбегінің өтеуі ретінде министрлік аяу­лы ұстазды грамотамен, білім бөлімі түрлі дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапат­таған. Шәрбан Молдажанқызы 2006 жылы өзге жерлестерімізбен бірге елорданың 10 жылдығына орай мерейтойлық медальға ие болғанын да мақтанышпен еске алады.

Айтпақшы, өңір жұртшылығы ардагер ұс­тазды “Балқадиша” фольклорлық ансам­блі­нің белсенді мүшесі ретінде де таниды. Ол өнер ұжымы ашылған 2004 жылдан бастап өзге әнші әжелермен бірге жергілікті тыңдар­манға көтеріңкі көңіл күй сыйлап келеді. Бүгінде Шәрбан апа – бес немересіне бас-көз болып отырған шаңырақтың ұйытқысы.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp