«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ “АШЫҚ ӘКІМДІК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданы Соколовка елді мекенінде “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі өз жұмысын бастағалы 200-ге жуық адамға мемлекеттік қызмет көрсетті. Бұл – ауылдық жерде ашылған екінші кеңсе. Нысанның жұмысымен облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов танысты.

Соколовка ауылдық әкімдігінің ғимаратында орналасқан фронт-кеңседе тегін WI-FI мен өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар. Мұнда мамандар мемлекеттік қызметтің 19 түрін көрсетеді. Атап айтқанда, азаматтарға бос жұмыс орындары жайлы жан-жақты мағлұмат беріледі. Сондай-ақ, “Еңбек” бағдарламасы, “Бастау” жобасы секілді мемлекеттік қолдау тетіктері кеңінен түсіндіріледі. Үй салуға немесе кәсіпкерлікпен айналысуға қатысты ақпараттар беріледі. Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар өтініштерін жазады. Қосалқы шаруашылығы бар тұрғындар үшін ветеринарлық дәрігер өз қызметін ұсынады. Мемлекеттік қызмет түрлерінің басым бөлігін “egov.kz” порталы арқылы онлайн түрде де алуға болады. Соколовка ауылында 2,5 мың адам тұрады, олардың 600-ы – зейнеткер. Қариялар үшін ашық әкімдіктің пайдасы зор.

Ғани Нығыметов өз сөзінде көптеген мемлекеттік қызметтер цифрландырылғанын, әр азамат үйден шықпай-ақ тиісті құжаттарын ресімдей алатынын, мұның өзі уақыт жағынан қолайлы екенін атап көрсетті. “Ашық әкімдіктердің жұмысына міндетті түрде мониторингтік талдау жасалынады. Ондағы мамандар тұрғындарға сөз жүзінде емес, нақты қызмет көрсетулері тиіс”, – деді Ғани Сақтағанұлы.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес ведомствосының басшысы Ернар Баянғазин “Ашық әкімдік” билік органдары үшін халықпен тікелей байланыс орнатудың оңтайлы құралы екенін, бұдан былай мемлекеттік аппараттың қызметі осы бағыттағы жұмыстардың қаншалықты дәрежеде жолға қойылғанымен бағаланатынын жеткізді.

“Ашық әкімдік” жобасын өңірдегі өзге де ауылдарда жүзеге асыру жоспарланған.

Жан АЙТМАҒАМБЕТОВ,

сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp