«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Отбасылық кәсіптің ырыздығы мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді әлдилейді. Қазіргі таңда олар ерлермен қатар түрлі кәсіптерді де меңгеріп жүр. Сондай асыл жандардың бірі – “Сәнді-Райымбек” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Күлжан Сақтанова.

Социал ауылының тумасы Күлжан Темірханқызы – сегіз қырлы, бір сырлы жан. Қазір ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрсе де, алғаш алған мамандығының бұл салаға еш қатысы жоқ. Ол басында денсаулық сақтау саласын таңдайды. Кейін 15 жыл бойы медбике болып жұмыс істеген.

– Осыдан он жеті жыл бұрын жолдасым Кәкім Әбуұлы шаруа қожалығын құру туралы ойымен бөлісті. Оның ауыл шаруашылығы саласында көп тәжірибесі бар, сондықтан бастаманың сәтті боларына іштей сендім. “Сәнді-Райымбек” серіктестігін құрып, қиындығы көп салада бағымызды сынап көруге кірістік, – дейді ол.

Аталмыш серіктестік бүгінгі таңда Шал ақын ауданындағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналды. Бастапқыда жұмысын Ақанбарақ ауылында жүз гектар жермен бастаған болатын. Кейін өрісін кеңейткен агроқұрылымның қазіргі егістік алқабы 5,1 мың гектарға дейін жетті. Сондай-ақ, бір мың гектардай жайылым мен шабындыққа ие. Жыл сайын 3,8 мың гектар алқапқа дәнді және майлы дақылдар егеді. Серіктестіктің үш қоймасы, машина-трактор шеберханасы мен өз кеңсесі бар. Жұмысшылар шаруашылықтың асханасында тегін тамақтанады.

Күлжан Сақтанова тозығы жеткен техника паркін жаңарту мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Соңғы жылдары заманауи техникалар сатып алуға 50 млн. теңге жұмсалған. Болашақта тағы бірнешеуі қатарға қосылмақ. Былтыр жерге минералды тыңайтқыштарды көп сіңірудің нәтижесінде күзгі орақ науқанында мол өнім алынған. Мәселен, бидай егілген әр гектардан орташа есеппен 14 центнерден астық жиналса, майлы дақылдардың шығымдылығы 7-8 центнерден айналған.

Сондай-ақ, агроқұрылым 2011 жылдан бері төрт түлік өсіруге ден қойған. Жыл өткен сайын мал басын арттырып, қазіргі таңда серіктестіктің қорасында қойдың саны – 300, жылқы – 100, ал сиыр 60 басқа жеткен. Сондай-ақ, жиырмаға жуық бие байлап, қымыз ашытады. Бұл серіктестіктің қымызы мен сүті тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие екенін атап айтқан жөн.

Бүгінгі таңда серіктестікте 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаз уақытында қосымша 30 жұмысшы тартылады. Еңбек майданында маңдай терін төгіп, таңның атысы, күннің батысы белдері бүгілмейтін еңбекқор жігіттер серіктестіктің жұмысын өрге сүйреуде. Әсіресе, механизаторлар Айдос Қайдаров, Сабыржан Шәйкенов, Анатолий Кадышев, Павел Вадиников, Сергей Тюменов, Сайран Сәрсекеев сияқты еңбек адамдарын ерекше атап өткен жөн. Оларға төленетін орташа айлық жалақы 104 мың теңгені құрайды. Уақытпен санасуды білмейтін бұл жұмысшылар бүгінгі таңда білікті басшы Күлжан Сақтанованың жетекшілігімен көктемгі егіс науқанына қызу дайындық үстінде. Барлық күш-жігерді ортақ іске салып, жұдырықтай жұмылған агроқұрылым көктемнің әр күнін тиімді пайдалануды көздейді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp