«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тыңдарманға тарту

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сегіз сері атындағы қазақ ха­лық аспаптары оркестрі өнерсүйер қауымға осы жылдағы алғашқы концертін ұсынды. Тыңдар­мандарының көңілін көтеруге асыққан өнерпаздар сахна шымылдығын “Тойбастар” композициясымен бастап, кеш бойы ұлттық нақыштағы туындыларды әуелетті.

“Бүгінгі күн жақсылықтың басы, ал биылғы жыл береке мен мерекеге толы болсын” деген ниетпен концертке “Тойбастар” деген атау беріліпті. Шара аясында өңіріміздің беткеұстар ұжымы филармония әншілерімен бірге 20-ға жуық танымал шығарма орындап, жұртшылықты бір серпілтті. Аға ұрпақ өкілдері Шәмші Қалдаяқов пен Нұрғиса Тілендиевтің туындыларын ерекше шабытпен тыңдаса, жастар жағы көктем, достық тақырыбындағы әндерді жылы қабылдады.

Былтыр туғанына 95 жыл толған сазгер, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің мұрасын халыққа жеткізу ұлттық аспаптар оркестрінің негізгі мақсаты. Кеште халық әртісінің “Арыс жағасында”, “Кешікпей келем деп ең”, “Ақмаңдайлым” сынды туындылары орындалды. Көрермендер Дәмеш Құрманкина, Нұрсұлу Ахметжанова, Асхат Таушев, Василя Габидулина, Еркебұлан Қарыпов, Ғалымжан Нұрпейісов сынды әншілердің өнеріне тәнті болды.

Концерт соңында тыңдармандар ризашылықпен қол соғып, қуанышпен тарқасты. Ардагер ұстаз Бақытжамал Құрымбаева: “Пандемияға байланысты біраз уақыт үйде отырып, сүйікті оркестріміздің осындай ерекше кештерін сағынып қалғанымыз рас. Төл аспаптарымыздың үніне құлақ түріп, өнерпаздарымыздың әсем дауысын тыңдап, бір марқайып қалдық. Ұлттық музыкамыз сахна тө­рінен кетпей, санамызда мәңгі қалуы тиіс. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған өнер ұжымына шабыт пен зор жетістіктер тілеймін”, – деп ақ батасын арнады.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp