Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған концерт өтіп, түрлі салада абыройлы еңбек етіп, шаңырақтың ұйытқысы болып отырған қыз-келіншектер марапатталды. Мерекелік кешке қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов аяулы жандарға ақ тілегін арнап, әйелдер – тіршіліктің тұтқасы, өмірдің нәрі мен сәні екенін айтты.
Иә, “бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін” аналар қандай құрметке болсын лайық. Олар жақсылыққа жақтасатын, қиындықты жеңе білетін, өздеріне артылған міндетті абыроймен атқаратын алып күшке ие. Өңір басшысы өз сөзінде біздің облысымыз азаматтармен қатар қыз-келіншектердің адал еңбегінің арқасында толағай табыстарға қол жеткізіп отырғанын атап көрсетті. “Көңілімізге көктемнің шуағындай сезім мен нұр беретін әйелдер мерекесінің қарсаңында сіздерге ең ізгі тілектерімізді арнауға асықпыз. Сөз зергері, жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов нәзік жандарды “Жан-жолдасым” деп, аяулыларымызға ерекше құрметпен қараған. Арамызда тәуелсіз еліміздің ұл-қыздарын тәрбиелеп, азаматтарға сенімді тірек болып, қоғам ісіне білек сыбана кіріскен арулар аз емес. Олар тек тұрмыста ғана емес, әлеуметтік саланың, өндіріс пен ғылымның, әдебиет пен өнердің, спорттың өркендеуі үшін бойларындағы қабілеттері мен жігерлерін сарп етуде”, – дей келе Құмар Іргебайұлы бір топ көпбалалы анаға “Алтын алқа” наградасын табыстады.
Бұдан соң сахна төріне көтерілген қыз-келіншектер өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан зор үлестері үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Бала тәрбиесімен қатар қызметте зор табысқа кенелгендердің қатарында қызылжарлық Әсел Жабаева да бар. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде 20 жылға жуық қызмет етеді. Ұлттық қауіпсіздік майоры – антына адал болумен қатар үш баланың анасы. Ол: “Бүгінгі қоғамымызда үйде қол қусырып, босқа отыратын әйелді кездестіру қиын. Әрбір қыз-келіншек оқып, білім алып, отбасын құрып, саналы ұрпақ тәрбиелеуді армандайды. Жеке кәсіппен айналысып, қызметте бағы жанғандардың қатары артуда. Мұны қоғамның нәзік жандарға деген көзқарасының дұрыстығын, анаға деген құрмет ешқашан азаймайтынын көрсетсе керек”, – деп еңбегінің еленіп жатқанына алғыс білдірді. Әсел Әділханқызымен бірге облыс әкімінің қолынан марапат алғандардың қатарында қорғаныс, медицина, ауыл шаруашылығы, білім беру және өзге де салалардың өкілдері бар.
Кеш облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы әзірлеген мерекелік концертпен жалғасты. Жергілікті өнерпаздармен бірге Астана опера театрының әртістері де мереке иелеріне ән мен биден шашу шашты.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: “Күміс алқа” иегері Ақзейнеп Рамазанованы марапаттау сәті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.