Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданына барды. Сапар барысында өңір басшысы бірнеше өндірістік және әлеуметтік нысанның жұмысымен танысты.
Алдымен Полудино ауылына ат басын бұрды. Аудан әкімі Қайрат Омаровтың айтуынша, округ орталығында қазіргі таңда 1186 адам тұрып жатыр. Екі қабат мектеп пен Мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. 67 үйге ауызсу тартылған. Көшелерді жарықтандыруға 1,3 млн. теңге бағытталыпты. Үстіміздегі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізуге 318 млн. теңге бөлінбек.
Облыс бойынша он мың басқа арналған 16 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бұл 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тың жобалардың бірі Полудино ауылында жүзеге асырылуда. «Полудинское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жобаға 1,8 млрд. теңге бағыттаған. Соның 800 млн. теңгесі игерілген. 400 басқа арналған заманауи кешенде «Westfalen» фирмасының «Карусель» қондырғысы орнатылған. Австриядан жеткізілетін Симменталь тұқымды сиырлар жылына 2,5 мың тонна сүт береді деп күтілуде. Сондай-ақ, 15 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Құмар Іргебайұлы өңірімізде тауарлы-сүт фермалары құрылысына басымдық берудің нәтижесінде сүт өндірісінің көлемі біршама артқанын атап өтті. Мәселен, былтыр шаруашылықтар мен 21 заманауи тауарлы-сүт кешенінде 598 мың тонна сүт сауылған. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 5,5 пайызға артық. Сондықтан облыс әкімі серіктестік басшысына ферманы уақытынан кешіктірмей пайдалануға беру қажеттігін ескертті.
Облыс әкімі Булаево қаласындағы «Altyn urpaq» балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында болды. Жаңа нысанды ашып, оның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 48 млн. теңге бөлінген. Қосымша білім беру мекемесі өкілдерінің айтуынша, бұл жерде 6-17 жас аралығындағы балаларға арналған 19 топ бар. Орталық бір мезетте 200 баланы қабылдай алады. Жеткіншектер робототехника үйірмесінен бөлек, қолөнер, бизнес пен кәсіпкерлікке баулу топтарында білімдерін жетілдіруде.
Құмар Ақсақалов былтырғы жылдың тамыз айында ашылған «Жастар» жабық хоккей кортының жұмысымен танысты. «ЭксклюзивСтрой» ЖШС-і тұрғызған нысанның жалпы аумағы 2327 шаршы метрді құрайды. Құрылысына 84,3 млн. теңге бағытталған. Бір уақытта қырық адам жаттығады.
Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі аудан активімен кездесті. Жиында аудан әкімі Қайрат Омаров 2020 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Баяндамашының айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласы 125,3 мың теңгенің өнімін шығарған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13 пайызға артық. Сондай-ақ, 60 шақырым жол жөнделіп, 9012 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Булаево қаласында 18 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Ауыз су мәселесі де шешімін табуда. Былтыр алты ауылдың су тарату желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Советское ауылындағы су тарату жүйесін жөндеуге 585 млн. теңге бөлінді. Жұмыстар жыл соңына дейін аяқталмақ.
Актив отырысын қорытындылаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан басшылығына барлық сала бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған жергілікті агроқұрылым директорларына жерді тиімді пайдалану қажеттігін ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.