Петропавл қаласындағы олимпиадалық резервтегі облыстық мектеп-интернат-колледжінде қазақ күресінен еліміздің іргесін бекемдеп, ентелеген жаумен күресте ерен ерлік көрсеткен қолбасшы, өз заманының қайраткері, дауылпаз жырау Қожаберген Толыбайұлы атындағы республикалық турнир өтті.
Дәстүрлі сайысқа Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Павлодар және Шымкент қалаларынан келген және жергілікті спорт мектептерінен барлығы 200-ге жуық жасөспірім қатысты. Бұл додада өңір намысын күрестен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, облыстық мектеп-интернат-колледжінің, «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері және аудандардан жиналған өрендер қорғады. Дәстүрлі жарыстың ұйымдастырушысы – күрес мектебінің директоры Мейрам Хамзиннің айтуынша, бұл турнир осымен үшінші рет өткізілуде.
– Соңғы жылдары өңірімізде қазақ күресі қарқынды дамуда. Республикалық жарыстарда өңір намысын қорғайтын білекті балуандарымыз тәрбиеленді. Осыдан бірнеше жыл бұрын құрылған кәсіби спорттық клуб та сәтті өнер көрсетуде. Эпидемиологиялық жағдай тұрақталатын болса, жыл соңына дейін қазақ күресінен бірнеше ірі жарыс ұйымдастырылмақ. Жасөспірімдер осындай додаларда шыңдалып, тәжірибе жинайды, – дейді Мейрам Тоқтарұлы.
Жарыс ережесіне сай 2004-2005 жылдары туған спортшылар боз кілемге шығып, 9 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Сайыс қорытындысы бойынша солтүстікқазақстандықтар арасынан Әділжан Жайлаубай (46 кг. спорт интернат), Ернар Қайрат 65 кг. (Ақжар ауданы) және Бахтияр Анура 76 кг. (Шал ақын) жеңістің биік тұғырына көтерілді. Қарсыластарын қапы қалдырған толағайлар боз кілем үстінде айла-тәсілдердің түр-түрін жасап, жанкүйерлердің қошеметіне ие болды.
Батыр бабамызға арналған сайыста өзге де жерлестеріміздің табандылықпен белдесіп, намысты қолдан бермеуге тырысқанын айтпай кетуге болмайды. Петропавл қаласындағы күреске мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері – Дмитрий Динер (55 кг.) мен Егізбай Нұрәлі (82 кг.), «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті – Алдияр Көшербаев (46 кг.), Шал ақын және Қызылжар аудандарының өкілдері – Дархан Қаратаев (70 кг.) пен Әділет Мырзаш (82+ кг.) өз салмақ дәрежелерінде жүлделі орындарға ие болды.
Екі күнге созылған жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен грамоталар табысталды.