Облыстық әкімдік жанындағы Тілдерді оқыту орталығы Жамбылдың 175 жылдығына орай ұйымдастырған онлайн-байқауда Петропавл қалалық полиция басқармасының аға сержанты Серафима Окишева бас бәйгені жеңіп алды.
Ол мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан. Алған білімі өз нәтижесін берді, бүгінде ол екі тілді жетік меңгерген, іс қағаздарын мемлекеттік тілде кәсіби түрде жүргізеді.
Байқауға қатысу үшін Серафима Окишева жыр алыбының «Ленинградтық өренім» өлеңін нақышына келтіріп оқығаны жазылған бейнеролик жіберді. «Ленинград қоршауын басынан өткерген батырлардың ұрпақтары әлі күнге дейін Жамбылдың рухты өлеңін құрмет тұтады. Ақынның бұл өлеңін сүйіп оқимын», дейді Серафима.
Қазылар алқасының мүшелері Серафиманың өлең оқудағы тіл тазалығын, тереңдігін бағалады. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаевтың айтуына қарағанда, жеке құрамның мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы жан-жақты қолдау табуда. Қызметкерлерге арналған сабақтар тұрақты өткізіледі. Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімі қазақ тілін насихаттауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруда.
https://egemen.kz