Меритократия, тиімділік, нәтижелілік, транспаренттілік қағидаттарына негізделген факторлар мемлекеттік басқару жүйесін кәсібилендіруде, бәсекелестік ортаға қабілеттілігін орнықтыруда маңызды рөл атқарады. Мемлекеттік қызметшілерді мансаптық сатылар бойынша жоғарылату ішкі конкурстар арқылы және ауысу тәртібімен реттеледі. Бұл адамның өзін-өзі дамытуға, білімін жетілдіруге деген ұмтылысын арттырары сөзсіз. Сондықтан өздеріне жүктелген қызмет саласында терең білімнің болуы – басты шарт.
Мемлекеттік қызмет туралы заңнамадағы негізгі қағидаттардың бірі мемлекеттік қызметшілерді оқыту, оның ішінде үздіксіз білім алу болып табылады. “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы” Заңда мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруға қатысты көрсетілетін қызметтер топтамасы Президент жанындағы білім беру мекемелерінде, филиалдарында, дербес білім беру, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметіне жататын ұйымдарда жүзеге асырылады. Үкіметтің 2020 жылғы 2 қазандағы №636 қаулысымен мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларына бірқатар толықтырулар енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес “Б” корпусының әкімшілік қызметшілерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына кәсіптік даярлаудың сапасын арттыру, кадрлық, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базаны нығайту талаптары қойылды. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру қызметтері ұсынатын тізбені Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган жанындағы үйлестіру кеңесі айқындайды. Мемлекеттік қызметшілер оқуға жіберілгенде мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласында оқыту бойынша бейінді мамандықтарды таңдау мүмкіндігіне ие болады.
Барлық мемлекеттік қызметшілер кемі үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өтуге міндетті. 2020 жылы жергілікті атқарушы және аумақтық мемлекеттік органдардың 1470 маманы түрлі оқу курстарында өз білімдерін жетілдірді. Мемлекеттік басқару академиясы Назарбаев университеті жоғары мемлекеттік саясат мектебімен бірлесіп “Жаңа формация басшысы” бағдарламасын әзірлеп, қолданысқа енгізді. Басқарушы кадрларды арнайы даярлау жобасы былтыр қолға алынып, басты міндет тыңдаушылардың кәсіптік-тұлғалық әлеуетін жетілдіруге, жедел басқару мен стратегиялық жоспарлаудың заманауи әдіс-тәсілдерін игеруге ықпал жасауға бағдарланған. Бұдан бөлек, функционалдық міндеттеріне орай кәсіби білімін толықтырып, практикалық тәжірибе алу мақсатымен өзге жерлерге тағылымдамаға да жіберіледі. Тағылымдама мерзімдері арнайы кестелермен түзіледі. Мұның өзі маманның кәсіби деңгейін арттыруға айтарлықтай ықпал етеді. Ең бастысы, мемлекеттік орган үшін маңызды. Өткен жылы 102 мемлекеттік қызметші үшін тағылымдама ұйымдастырылды.
Гүлжан ЖҰМАҒАЗИНА,
мемлекеттік қызмет істері
департаментінің бас маманы.