Қазақтың “Ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатын” кең-байтақ даласы – ата-бабаларымыздың найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, біздерге жеткізген аманаты. Алтайдан – Атырауға, Арқадан Алатауға дейін созылып жатқан осынау ұлан-ғайыр мекенде өрісін кеңейткен бабаларымыз тәуелсіздікті сан ғасырлар бойы армандап, соның жолында құрбан болды емес пе?! Сондықтан Тәңірдің тәтті сыйы – Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтау – біздерге, жауқазындай жас ұрпаққа парыз.
Мемлекет басшысының: “Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуге тиіс”, – деген сөзін азаттықтың талбесігінде алаңсыз өсіп келе жатқан жастар терең ұғынулары керек. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы атқарған, алдағы уақытта ұйымдастыратын барлық жұмыстар ел Тәуелсіздігін нығайтуға, осы жолда бастарын бәйгеге тіккен алып тұлғалардың жүріп өткен жолдары мен еңбектерін кейінгі жастарға үлгі етуге, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің қанат жаюына бағытталған.
Жалпы, бүгінде өңірімізде 600-ге жуық мәдениет ұйымы бар. Соның 493-і – мемлекеттік. Клубтық үлгіде 264 ұйым, 320 кітапхана, 4 мұражай, мемлекеттік мұрғат пен 3 театр, филармония, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі орталық, тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Алайда, өткен жылы орын алған қауіпті індет қалыпты өмірге біраз өзгеріс енгізді. Өнер ұжымдары қашықтан жұмыс істеп, бірқатар шаралар онлайн ұйымдастырылды. Қиындықтарға қарамастан, мәдени ұжымдар көрермендерге қуаныш сыйлаудан шет қалған емес. Мәселен, 2020 жылы өңірдің мәдени ұйымдарында 17 мыңнан астам іс-шара онлайн өтіп, көрсетілім 3,5 миллионнан асты. Біз үшін бұл – жақсы нәтиже. Бұл орайда “Қызылжар аламаны” ақындар айтысы республика бойынша үздік телевизиялық жоба ретінде танылды. Өткен жылы ел өмірінде айшықты оқиғалар да орын алды. Ұлы философ, ойшыл әл-Фарабидің, ақын Абай Құнанбаевтың, жазушы жерлесіміз Сәбит Мұқановтың мерейтойлары мен Жеңістің 75 жылдығы атап өтілді.
“Рухани қазына – 2020” атты өнер және мәдениет қызметкерлері арасында өткен республикалық онлайн-фестивальда Аққайың аудандық кітапханасы үздік атанды. Ақпараттық-инновациялық ресурстар жобасы бойынша С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана Қазақстандағы АҚШ елшілігінің грантына ие болды. Бұл – біз үшін үлкен жеңіс.
Өңірдегі мәдениет саласы Тәуелсіздік жылдары серпінді дамыды десек, қетелеспеген болармыз. Соңғы бірнеше жылдың ішінде облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың қолдауымен аудандардағы Мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда 60 мәдени-сауықтыру орталығы ашылды. Бұл ересектер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беруде. Өткен жылы Н.Погодин атындағы орыс драма театрына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Қасбеті, көрермен залы, театр фойесі жөнделіп, жарық шамдары жаңартылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніне де жөндеу жүргізілді. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында өңірдегі мәдениетті, мемлекеттілікті, саяси құрылымды айқындайтын орта ғасыр шежіресі – “Қызыл оба” кесенесі ерекше маңызға ие. Сондықтан үстіміздегі жылы ескерткішті зерттеу жалғасады.
Еліміздің Тәуелсіздігі туралы сөз еткенде, біз өткен ғасырдың белортасында орын алған зұлмат соғысты ұмытпауымыз керек. Былтыр облыстық архив елімізде алғашқылардың бірі болып 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан солтүстікқазақстандықтар туралы электронды базаны құрастырды. Жалпы, өңірдегі мұрағат ісі оң өзгерістерге толы. Облыстық мұрағаттың табанды еңбегінің арқасында Санкт-Петербургтегі мемлекеттік архив қорынан №4 мешіт туралы тарихи құжаттар, 1920 жылы Омбы қаласында шыққан “Кедей сөзі” (қазіргі “Soltústik Qazaqstan”) газетінің алғашқы нөмірі табылды.
Бүгіндері өңіріміздегі мәдениет ұжымдары ел Тәуелсіздігінің торқалы отыз жылдығын тойлау жұмыстарына белсенді кірісіп кетті. Айтулы датаға орай өңірде ауқымды жұмыстар атқарылып, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен бірқатар шаралар жоспарланды. Өңірімізде тұғырлы Тәуелсіздікті мерекелеу Ақан сері атындағы облыстық филармонияның концертімен басталды. Алдағы уақытта “Тәуелсіздік құрдастары” атты облыстық вокал байқауы, “Гауһартас” атты қазақ халық аспаптары оркестрінің ІІІ республикалық фестивалі өткізілмек. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері көрермендерге “Елім-ай” спектаклін ұсынбақ. Облыстық музейлер бірлестігінің ұйымдастыруымен “Тәуелсіздік толғауы” атты суретшілердің халықаралық пленэрі, сондай-ақ, “Бабалар аманаты”, “Құдіретті туған жер” сынды тағы басқа шаралар жоспарлануда.
Қала тұрғындары мен қонақтарының бос уақытын тиімді өткізу үшін биыл жазда “QYZYLJAR art center” жаяу жүргіншілер арбаты ашылады. Арт-орталық үш аймаққа бөлінеді. Онда сауда павильоны, ақпараттық-көрме орталығы және сәндік-қолданбалы өнер шеберханасы болады. Облыс орталығында жаңа заманауи “Ботай” сурет галереясы іске қосылады.
Үстіміздегі жылы XIX ғасырдағы ислам мәдениеті мұражайын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталады. ХХ ғасырдың басында Петропавлда алты тас және үш ағаш мешіт болған. Тас мешіттің бірі 1870 жылы көпес Давлеткильдеевтің қаражатына салынған. С.М.Киров атындағы зауыттың аумағында орналасқан мешіттің қабырғалары бұзылып, мұнарасы ғана сақталған. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Тәуелсіздіктің мерейтойы қарсаңында бұл жұмыстарды абыроймен орындау біздерге жүктелген зор міндет деп білемін.
Досбол ӘБДІРЕЙІСОВ,
облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы.