«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ КӘСІПОРЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Инвестиция тарту және экспорт үлесін арттыру мақсатымен елімізде 12 арнайы экономикалық және 23 индустриялық аймақ құрылып, жұмыс істеуде. Арнайы экономикалық аймақтарда (АЭА) 2002-2020 жылдар аралығында 183 жоба іске қосылған, олардың 46-сы – шетелдік инвестиция есебінен. Осы уақыт аралығында 15,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті қазынаға 150 млрд. теңге салық түскен. АЭА-ның инфрақұрылымына республикалық бюджеттен 314,3 млрд. теңге жұмсалып, бұл қаражат 910 млрд. теңге мөлшерінде еселеніп қайтқан. Демек, бюджеттің 1 теңгесіне 2,8 теңге инвестиция құйылды деген сөз. Биылғы міндет, тіпті, ауқымды. Яғни, 2 трлн. теңгенің 147 жобасы жүзеге асырылады.

Қазақстан Үкіметінің шешімімен Петропавл қаласының аумақтық шекарасы шегінде “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағын құру туралы шешім қабылданғаны белгілі. Ол 192,3 гектар жерді алып жатыр. Жаңа АЭА-ның құрылуы, біріншіден, облыс орталығын қарқынды дамытуға, екіншіден, тиімділігі жоғары, оның ішінде заманауи технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістер құруға, жоғары сұранысқа ие өнімдер шығаруды жолға қоюға, сондай-ақ басқарудың және шаруашылық жүргізудің озық әдістерін енгізуге, бұдан бөлек, қадау-қадау әлеуметтік проблемаларды шешуге мүмкіндіктер береді. Заманауи және экспортқа бағытталған өндіріс орындары пайда болғаннан кейін 3 мың адам жұмысқа тұрады. Бірінші кезеңде республикалық бюджеттен 16 млрд.теңге қарастырылып, қажетті инфрақұрылымдар салуға жұмсалады. Ширек ғасыр ішінде 1,5 трлн. теңгенің өнімін шығару көзделіп отыр.


Ірі инновациялық холдинг

Бүгінде “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағына кіретін “Alageum Elektrik” холдингіне қарасты Петропавл электр техникалық зауытын салу қызу қарқын алған. Газет оқырмандарына теріскей нарығына енді ене бастаған “Alageum Elektrik” холдингі жайлы аз-мұз мағлұмат бергенді жөн көрдік. Бұл – инвестордың еліміз бойынша салған бесінші трансформатор зауыты болмақ.
“Alageum Elektrik” – Қазақстанның ең ірі электр техникалық және инновациялық компаниясы. Оның қарамағына кіретін 30-дан астам кәсіпорын мен зауыт электр энергетикасы, машина жасау және құрылыс салу мәселелерімен айналысады. Өнім қазақстандық және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді, негізінен ТМД мен Таяу Шығыс елдеріне жөнелтіледі. Бір атап өтетіні, холдинг жоғары сапа мен сенімділікке “LAE”, “TAISS” (Италия), “STOLBERS”, “HUEBERS” (Германия), “TUBOLY” (Швейцария), “PRIMA POWER” (Финляндия) сияқты жетекші батыс елдері фирмаларының заманауи, жоғары технологиялық жабдықтарын өндірісте қолданудың арқасында қол жеткізді. Өндірісті үнемі жетілдірудің нәтижесінде қазақстандық құрам үлесі 80 пайызды құрайды. Ширек ғасырға жуық уақытта энергия үнемдегіш трансформаторлар шығару, шағын станция құрылысын жүргізу, электр техникалық құрылғыны және электр беру желісін монтаждау және жөндеу сияқты жобалар атқарылды.
Холдингтің еліміздің барлық облыстарында, Мәскеу, Шанхай, Ташкент, Бішкек, Ашхабад, Душанбе қалаларында өкілдіктері, Ресейде дилерлік желілері, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жобалау және ғылыми-инженерлік орталықтары, Кентау қаласында политехникалық колледжі бар.
Ең ірі өндіріс ошағы – Кентаудағы “Asia Trafo” трансформатор зауыты. Қуаттылығы жоғары трансформаторлар құрастырып, негізінен шетел нарығына шығарады. Кернеуі 110 кВ-тан 500 кВ-қа дейінгі электр құралдарын өзіндік бірегей технология бойынша жасайтынын айта кеткен жөн. Ал Орал трансформатор кәсіпорны электр қуатын тарататын, реттеп отыратын кернеуі 6-10 кВ.болатын күштік трансформаторлар құрастырумен айналысады.

Мемлекет қолдауы айтарлықтай

Жаңадан құрылған “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС-нің бас директоры Мақсат Үсенбаевпен екеуара сұхбатымыз кәсіпорын қандай өнім шығарады және біздің өңірге берер пайдасы қандай болмақ деген тақырыпта өрбіді. Ол “Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы” Заң аясында берілетін артықшылықтарға да тоқталып өтті.
Зауыт директорының айтуынша, заңның АЭА-ға кәсіби басқарушы компания тарту, шетел инвестициясының құйылуына қолайлы жағдай жасау, инвесторларға салық жеңілдігін ұсыну, жер телімдерін бөлу рәсімдерін оңтайландырып, әкімшілік кедергілерді жою бағытында тиімділігі өте мол. Салық төлемдері мен кедендік тарифті жеңілдету мәселесі де осы заң талаптары шеңберінде қарастырылады. Яғни, шикізат пен жабдық әкелу кезінде салық төлеуден, кедендік баж салығынан босатылады. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтерге арналған арнайы жеңілдікті тарифтер қарастырылған. Мұның бәрі жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар өңірлік бюджет кірістерін ұлғайтуды, аумақтың экономикалық және өнеркәсіптік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді. Мәселен, 15 гектар аймақты алып жатқан ескі ғимаратты қалпына келтіруге мемлекет 900 млн., коммуналдық желілер тартуға 1,3 млрд. теңге бөлген. Жергілікті билік жер телімінен көмектескен. Жобаның жалпы құны – 7 млрд. теңгеге жуық.
– 22 мың шаршы метрді құрайтын жаңа кәсіпорында жылына 13 мың дана электр техникалық жабдық құрастыру жоспарланған. Толық қуатына қосылған кезде 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Негізгі міндеттердің бірі – құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, құрылысшылар ғимараттың ішін әрлеуге кіріскен. Осы жылдың үшінші тоқсанына дейін технологиялық жабдықтарды орнатуды аяқтап, кәсіпорынды іске қосуды жобалап отырмыз, – деді М. Үсенбаев.
Соңғы үш жылда облыста сыртқы сауда-саттық айналымы 13 пайыз өскен. Экспорт көлемі 1,3 есе артқан. Импорт 1 пайыз төмендеген. Бұл – қуантарлық көрсеткіш. Біз сөз етіп отырған озық жоба Қазақстан нарығында импорттық тауар үлесін азайтып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлкен септігін тигізбек. Өйткені, электротехникалық өнімдер ТМД нарығында үлкен сұранысқа ие. Осы себепті жабдықтардың 95 пайызын сыртқа экспорттау жолдары ойластырылған. Өкінішке қарай, бұл салада түйткілді мәселелер де аз емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында өнеркәсіптік әлеуетіміз толық пайдаланбайтынын, ішкі нарықтың зор мүмкіндіктері бола тұра өңделген тауарлардың үштен екісіне жуығы шетелден әкелінетінін, сансыз көп жобаға қаражат ысырапшылдығын өткір сынға алған еді. Қазақстан машина жасаушылардың сегізінші форумында сөйлеген сөзінде әртараптандырылған, технологиялық дамыған экономика құру, өңдеу өнеркәсібі өндірісі көлемін 1,5 есеге арттыру тапсырмасын жүктеген болатын. “Alageum Elektrik” өнімінің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді болатынына инвесторлар да, жергілікті билік те, “Kazakh Invest” те толық кепілдік беріп отырғандықтан, алаңдауға еш негіз жоқ секілді. Екіншіден, Ресейден, оның ішінде мұнай компанияларынан қазақстандық трансформаторларға деген сұраныстың өсе түскені байқалады.


Маман тапшылығы өткір тұр

Бас директордың сөзіне қарағанда, Швейцариядан алғашқы лазерлік станок жуырда жеткізілген. Оның құны – 400 мың евроға жуық. Жыл аяғына дейін осындай 112 станок әкелінбек. Осында құрастырылатын трансформаторлардың көлемі әрқилы. Ал салмағы 10 килограмнан 500 тоннаға дейін тартады. Кезінде елімізге Ресейден әкелініп орнатылған мұндай жабдықтардың пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткендіктен, өнімге өзімізде де сұраныс жоғары болатын түрі бар.
Өкінішке қарай, бүгінгі таңда кейбір кәсіпорындардың қосалқы бөлшекке дейін шетелден әкеліп, айна-қатесіз құрастыра салуы үрдіске, үйреншікті әдетке айналып бара жатқаны ойлантпай қоймайды. Осы сауалды сұхбаттасымызға қойғанымызда ол былай жауап берді.
– Қызылжар қаласы – Ресеймен шекарас аймақта орналасқандықтан, біз үшін логистикалық жағынан өте тиімді. Бәсекелестерімізге қарағанда басқа да артықшылықтарымызды орнымен пайдалана білсек, ұтарымыз көп. Әзірге, кей материалдарды шетелдерден сатып алуға тура келеді. Мәселен, өнім өндірісіне қажет трансформатор майы Қазақстанда өндірілмейді. Бұл жағынан көрші елге тәуелдіміз. Кейбір темір түрлерін Ресейдің Новолипецк қаласынан алдыртамыз. Іргемізде Қарағанды тұрған жоқ па? Сондықтан болашаққа қазақстандық мазмұнды 70 пайызға дейін көтеру жобаланған, – деген кәсіпорын басшысы тағы бір проблеманың ұшығын шығарды. Шетелдік озық технологияларды басқаруға бесаспап мамандар жетіспейді екен. Иә, бүгінде жоғары импорттық жабдықтар мен технологияларды кәсіби жағынан шыңдалған білікті кадрларсыз көз алдымызға елестету қиын. Мысалы, металл бөлшектерін швейцариялық “Bystronis Laser AG” лазерлік қондырғысымен кесуге немесе вакуумды-кептіру пешінде кептіруге арнайы мамандардың өздері тәуекел ете қоймасы анық. Импортты алмастыру саясаты жергілікті нарыққа дендеп енген сайын шетелдік құрал-жабдықтардың “тілін” жетік білетін мамандар даярлау мәселесі – өзекті жайттардың бірі.
Жоғарыда сөз еткен Кентау политехникалық колледжі машина жасау саласына қажетті білікті кадрлар даярлайтын ұстахана саналады. Бірақ оның түлектері теріскейге келе ме, келмей ме? Ол жағы әзірге белгісіз. Алайда, “Alageum Elektrik” холдингінің басшылығы “алыстан арбаламай, жақыннан дорбалаудың” қамына кіріскен секілді. Қазір ескі жатақхана ғимараты сатып алынып, қалпына келтірілуде. 107 пәтерлі көпқабатты үй тұрғызу мақсатымен құрылыс компаниясы ұйымдастырылған. М.Қозыбаев атындағы университетке, бірқатар колледжге кәсіпорынға мамандар әзірлеуге қатысты келісімшарт ұсынылған. Дуальды оқу жағы қарастырылған. Жұмысқа қабылданған мамандарды Кентау политехникалық колледжінде қысқа курстарда оқытып алмақ.
– Ең бастысы, осында келген мамандарды тұрақтандыру. Кемі 5-6 жыл жұмыс істесе, үйді атына түсіріп беретін боламыз. Басқа да мүмкіндіктерін қарастырамыз, – дейді Мақсат Үсенбаев.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp