Петропавл қаласына соңғы бірнеше аптада қар қалың түсті. Ақ ұлпаны тазартып, сыртқа шығару жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанымен, тиісті шаруаға жауаптылар қалалықтардың сынына ұшырауда. Облыс орталығының тұрғындары судың астында қаламыз деп алаңдап отыр.
Үстіміздегі жылғы ақпанда қаламызға екі айдың мөлшеріндегі жауын-шашын түссе, наурыз басталғалы қар күнде жауып, Петропавл тұрғындарын да, коммуналдық қызмет өкілдерін де әбден әлекке салды. Облыс орталығында қар тазалау жұмыстары күні-түні жүргізілуде. Күнделікті түскен қарды аршып, тазалаудан бөлек, соңғы уақытта тау-тау болып жиналып қалған кесек қарды шығару жұмыстары да қатар атқарылуда.
— Қар тазалау жұмыстары екі ауысымда жүргізілуде. Күндізгі сағат 15-00-де басталған шаруа таң атқанша жалғасады. Жұмысшы кенті, Ойқала, Зайсан, Заречный, Береке шағынаудандарының барлығында қардан аршу жұмыстары қарастырылған. Техника алдымен негізгі көшелерді тазалап, кейін шағын көшелерге барады, – деп түсіндірді Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Бұл жұмыстарға 300 шақты техника жұмылдырылған. Олар жиналған қарды қала сыртындағы арнайы орындарға шығарады. Петропавл қаласында мұндай 4 полигон бар. Дегенмен, коммуналдық қызметтер көшелер мен алаңдарды уақтылы тазалап үлгерер емес.
Облыс орталығындағы Колхозный Косогор көшесінің тұрғыны Валентина Афанасьева үйінің маңындағы қарды тазалау жұмыстарының жүргізілгенін күтіп жүр. Өйткені, күн жылынса, омбы қар етіп, ауласын бірден су баспақ. Бүгінде қыс бойына жиналған ақ ұлпаның биіктігі 2 метрге жетіп қалыпты.
— Бұл жылма-жыл қайталанатын жағдай. Жыл сайын қарды тазалаңдар деп соңдарынан жүреміз. Көше тар болғандықтан, маңайда жиналған қардың бәрін үйіме қарай сыра береді, – деп мұңын шақты зейнеткер.
Қазіргі уақытта көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін шеткері аудандарда жұмысқа екпін берілген. Тиісті жұмыс екі ауысым бойынша ұйымдастырылып, 20 шақты кәсіпорынның техникасы мен жұмысшылары еңбектенуде. Сонымен қатар, қаладағы 90 шақырымға тарта ашық суағарларды тазалау шаралары басталған. Қалалық әкімдік мамандары 2017-2020 жылдары су тасқынынан зардап шеккен аумақтар сараланып, алда атқарылатын шаруаның жоспары бекітілгенін жеткізді. Арнайы карта әзірленген.