«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІРЕГЕЙ ЖОБА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыс орталығында түркиялық “YDA Holding” компаниясы тұрғызып жатқан көпбейінді аурухананың құрылыс жұмыстарымен танысты.

Петропавл қаласының “Шығыс” шағынауданындағы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып жатқан жаңа нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі. Озық үлгіде бой көтеретін заманауи ғимараттың жалпы құны 115 млрд. теңгені құрайды, болашақта сапалы медициналық көмек беретін бірегей кешенге айналмақ. Ауруханада жаңа жұмыс орындары ашылып, оның жанынан дәрігерлер үшін көпқабатты тұрғын үй бой көтеретінін де айту қажет.
Учаске инженері Азамат Анафин ауа райының қолайсыздығына қарамастан бүгінде құрылыс жұмыстары қарқын алып, нысанның бір бөлігінде гидрооқшаулау жүргізілгенін айтты. Жалпы, екі жылдың ішінде құрылысқа мыңнан астам адам тартылатын болады.
– Облыс орталығында Қызылжар өңірі ғана емес, еліміз үшін маңызды саналатын бірегей жоба жүзеге асырылуда. Қазір мұнда жұмыс қарқынды. Қадасы қағылып, бетон төселуде. Заманауи нысанның жалпы аумағы 90 мың шаршы метрді құрайды. Екі жылдың көлемінде аурухананы пайдалануға беру көзделуде, – дей келе Құмар Ақсақалов компания өкілдерінен қандай көмек қажет екенін сұрап, барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Ал жоба іске асса, нысан еліміздегі заманауи ауруханалардың бірінен саналып, барлық әлемдік стандарттарға жауап беретін осызаманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Жерлестеріміз медициналық көмек алу үшін енді еліміздің өзге өңірлері мен шетелдерге сабылмайтынын айтқан өңір басшысы заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен менеджментті қалыптастырып, медициналық көмектің еуропалық үлгісін жасау көзделіп отырғанын тілге тиек етті. Шетелдік науқастар үшін қызмет ақылы болса, өңір тұрғындары ауруханада тегін ем-дом ала алады.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”. 
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp