«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГІСКЕ ДАЙЫНДЫҚ ҚЫЗУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биылғы көктемгі егіс науқанында 4,2 млн. гектар алқаптың 3 млн. гектарына дәнді және 914,5 мың гектарына майлы дақылдар себіледі. Сондай-ақ, 30 мың гектар аумаққа картоп, ал 6 мың гектарға көкөніс отырғызылады. Бұл жайында журналистерге өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ерболат Бекшенов айтып берді.

Басқарма басшысы баяндамасында өткен жылдың орақ науқанының нәтижесіне де тоқталып өтті. 2020 жылы пандемия салдарына қарамастан жауапты науқан уақытында аяқталып, өңір диқандары қамбаға 4,5 млн. тоннадан астам астық құйды. Әр гектардың орташа берекелігі 15,2 центнерден айналды. Өңір шаруашылықтары картопты да молынан жинады. Құрғақшылыққа қарамастан түсім 592 мың тоннадан асса, 205 мың тоннаға жуық көкөніс өнімі алынды. Бұған минералды тыңайтқыштарды тиімді қолдану септігін тигізген. Атап айтқанда, жергілікті диқандар топыраққа 135 мың тонна тыңайтқыш енгізді.
Ерболат Бекшеновтың айтуынша, биыл да тыңайтқыш көлемін арттыру көзделген. Шамамен 2,5 млн. гектар алқапқа 160 мың тоннаға жуық тыңайтқыш сіңіру жоспарлануда. Бұдан бөлек, биыл облыс бойынша 751 мың тонна шөп, 193 мың тонна пішендеме, 190,5 мың тонна сүрлем және 1,3 млн. тон­на сабан дайындалмақ. Үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары да жалғасын таппақ. Биыл шаруашылықтар 2100 техника сатып алуды жоспарлауда.
Былтыр өңірімізде карантиндік шектеулерге қарамастан 11 заманауи тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталса, оның бесеуі іске қосылды. Жобалық қуаттылығы 17 мың тоннаны құрайды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл өз жалғасын тауып, 10 мың басқа арналған 16 сүт кешені салынатын болады. Басқарма басшысының айтуынша, биыл жалпы 633,5 мың тонна сүт өндірілмек. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 6 пайызды құрады. Зеңгі баба төлінің басым бөлігі Еуропа елдерінен жеткізіледі деп күтілуде.
– Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлінуде. Бүгіндері Ақжар мен Уәлиханов аудандарында екі бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Олар «Береке-Ақжар» мен «Орта Солтүстік КЗ» жауапкершелігі шектеулі серіктестіктеріне тиесілі. Сондай-ақ, алдағы уақытта өңір шаруашылықтары етті бағыттағы 5 мың ірі қара сатып алады. Тайынша аудынындағы «Bio Operations» серіктестігінің еншілес компаниясы – «EMC-Агро» ЖШС-і шошқа фермасының қуаттылығын 50 мыңнан 100 мыңға дейін жеткізбек, – деді Ерболат Мұратұлы.
Былтыр Ресеймен шекаралас бірқатар облыстарда құс тұмауы өршіген болатын. Салдарынан біздің облыстағы үш құс фабрикасында қанаттылар қырылған. Салдарынан жұмыртқа өндірісінің қарқыны бәсеңдеп, сауда нүктелерінде бағасы шарықтап кеткен-ді. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қараша-желтоқсан айларында өңірге 627,5 мың құс жеткізілді. Сондай-ақ, Аққайың ауданы мен Петропавл қаласы маңында екі бройлер фабрикасының құрылысын бастау жоспарланған. Қос жобаның құны 8 млрд. теңге.
Баяндамашы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың маңыздылығына да назар аударды. Өткен жылы егіншілікке тиесілі 15 мың гектар жер мақсатты пайдаланылмағаны анықталды. Басқарма мамандары шаруашылық басшыларына ескерту жасады. Егер тиісті жұмыстар жүргізілмесе, жер мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. Бұған дейін 38 мың гектар алқап мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 12 мың гектары сот тәртібімен тәркіленсе, 26 мың гектарды жалдау шарты бұзылған.
Брифингті қорытындылаған басқарма басшысы Ерболат Бекшенов өткен жылы жылы ауыл шаруашылығы саласында 779 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін атап айтты. Сондай-ақ, облысымыз салаға 124,4 млрд. теңгенің инвестициясын тартып, бұл көрсеткіш бойынша республикада көш бастады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan». 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp