Молдованың іздеушілері Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында қаза тапқан солтүсткікқазақстандық жауынгер Иван Романович Чередниктің сүйегін тапты. Молдованың іздеушілері Павлодардағы «Майдан жолы» іздеу-зерттеу отрядына хабарласып, соғыс жылдары қаза тапқан жауынгердің туыстарын табуға көмектесуді сұраған. Бұл жайында әлеуметтік желіде отрядтың командирі Александр Шитов жазды.
Александр Шитовтың айтуынша, Молдованың іздеушілері Ясско-Кишинев майдан даласына кезекті экспедицияға шыққан. Іздеу барасында биыл ақпан айында Хынчештск ауданы Войнеску елді мекенінің маңында бірнеше жауынгердің сүйегі табылған. 1944 жылы тамызда бұл жерде үш гвардиялық дивизияның бөлімшелері шайқасқан екен.
Тарихи-патриоттық клубтың және «Август» іздеу отрядының мүшелері соғыс уақытында жерленген жауынгерлердің зиратын тауып, сүйектерін алып шықты. «Жауынгерлерге қатысты еш ақпарат болмады. Олардың сүйектерін бір-бірлеп шығарып жатқан кезде қағазға оралған затты таптық. Ал соңғы жауынгерді көтеріп жатқан кезде гимнастерканың қалдығы мен гвардиялық белгі көзге түсті. Табылған заттар бұл жерде гвардиялықтардың соғысқанын дәлелдей түсті. Бірақ онымен жауынгерлердің аты-жөнін анықтау мүмкін емес еді, – деді молдовалық іздеушілер.
Олардың бар үміті газетке оралған түйіншек болды. Қабат-қабат оралған түйіншектен алдымен тағы бір гвардиялық белгі шыққан. Кейін «Озат пулеметші» төс белгісі мен нөмірі жоқ «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі табылды. Ал соңғы орамадан «Ерлігі үшін» күміс медалі шықты. Оның сыртында алты таңбалы нөмір болған.
Медальдардың иесі жайында ақпарат архивтен табылды. Ол – Иван Романович Чередник болып шықты, әскери шені – сержант. Солтүстік Қазақстан облысы Троицкое елді мекенінде туған екен. Әскер қатарына Преснов әскери комиссариатынан шақыртылыпты. Ал туыстары деген жерде Фёкла Ивановна Чередник деп көрсетілген. «Иван Романовичтің немересін екі күннің ішінде таптық. Отбасы 1970 жылдары Троицкое елді мекенінен көшіп кеткен екен. Қазіргі таңда Петропавлда тұрады. Қазір біз жауынгердің сүйегін елге қайтару мәселесін шешуіміз қажет. Жауынгердің туған-туыстарын іздеуге көмектескен барша жандарға – Жамбыл ауданы Троицкое елді мекеннің тұрғындарына, Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамовқа, журналистерге алғыс білдіреміз», – деді Александр Шитов.
Ақерке Дәуренбекқызы.