«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Пәрменді күрес бәсеңдемейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдамағаны үшін квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы қорғаныс істері жөніндегі департаментте өткен жиында сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин әңгімеледі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміз бойынша әлеуметтік кеселге қарсы пәрменді күрес күшейе түскен. Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатымен бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Соңғы іргелі өзгерістердің біріне қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін саяси мемлекеттік қызметшілердің отставкаға кету және бірінші басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту институтының енгізілуін жатқызуға болады. Маңызды нормативтік құқықтық актілер қабылданғалы елімізде 6 саяси қызметші отставкаға жіберілді. 9 саяси, 39 әкімшілік мемлекеттік қызмет атқаратын басшы және квазимемлекеттік сектордың 5 топ-менеджері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұдан бөлек, квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметтерін құру тәртібі бекітіліп, басшыларының әкімшілік жауапкершілігі арттырылды. Атап айтқанда, сыйлықтар беруге толық тыйым салынды және жақын туыстарының бірлескен жұмысына шектеу қойылды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне еніп, іске ерекше серпін берді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі соңғы екі жылда пара берудің 480 фактісін анықтады. Былтыр облыс бойынша сыбайлас жемқорлық үшін 17 адам сотталды. 12-не 96 млн. теңге айыппұл салынды. 48 басшы лауазымынан төмендетіліп, қызметінен шеттетілді.
Нұрлан Серікұлы сыбайлас жемқорлықты болдырмауды көздейтін комплаенс қызметінің ерекшелігіне айрықша тоқталды. Оның негізгі мақсаты – квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу және ескерту болып табылады. Мемлекеттік компанияларда сыбайлас жемқорлыққа тап болған кез келген адам комплаенс-офицер агенттіктерімен байланысып, келеңсіз көріністер бойынша пәрменді шаралар қабылдауға міндетті. Осы себепті жеке компанияларға өз қалауы бойынша комплаенс-қызметтер құру құқығы берілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс институтын толыққанды енгізу үшін комплаенс-офицерлердің пәрменді өкілеттіктері қалыптастырылады. Ал компаниялардың басшылары дербес жауапкершілік аясында комплаенс офицерлерге барлық жағдайды тудыруы тиіс. Өзара түсіністікпен бірлесе әрекет ететін болса, ұйымдағы ұйымдастырушылық-басқарушылық, қаржылық қызметтегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азая түсері анық. Әйтпесе бақылаудан тыс қалған ауыр іс-әрекеттердің соңы қылмыстық зардаптарға әкеп соқтыруы ықтимал.
«Ұжымдағы алдын алу жұмысының сапасы үшін басшының тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселені шешу кезінде оның қызметі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша бағаланатынын еске сала кеткім келеді. Агенттік өз кезегінде осы процестерді жүйелі негізде үйлестіре отырып, барлық квазимемлекеттік компанияларда комплаенс-қызметтерді құру және тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды дәйектілікпен жалғастыратын болады», – деді департамент басшысының бірінші орынбасары.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp