«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰБТ тапсырудағы жаңашылдық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміз бойынша ұлттық бірыңғай тестілеудің екінші кезеңі басталды. Қызылжар өңірінде өткен сынаққа Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов қатысып, маңызды емтиханға дайындық шараларымен танысты.

– ҰБТ-ның екінші кезеңін электронды форматта ұйымдастыру жөнінде шешім қабылданды. Оның артықшылықтары көп. Мәселен, тестілеу өтетін уақытты және орынды талапкерлердің өздері таңдауға құқылы. Емтиханның нәтижесін де бірден біле алады. Ең бастысы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолы кесіледі. Басқа да тиімділіктері бар, – деді Дидар Нүркенұлы.
Бұрын түлектер үшін құжаттар жинап, оны орталыққа тапсыру, рұқсат алу сияқты қағазбастылық екі күн уақытты алатын. Биыл бұл үрдіс қашықтан атқарылды. Облыс орталығында өткен тестілеудің екінші кезеңінің алғашқы күні 17 үміткер қатысып, білімдерін сынады. Олар компьютерлермен, бейнекамералармен жабдықталған аудиторияларда емтихан тапсырды. Тестілеу талаптарының бұзылмауы монитор арқылы бақыланып отырды. Қадағалаушы топ құрамына ата-аналар, үкіметтік емес ұйым өкілдері тартылды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры Ерлан Шулановтың айтуынша, алғаш рет тәжірибеге енгізіліп отырған электронды форматтағы тестілеу ата-аналар тарапынан түсінбестік тудырса, қазір жағдайдың қалыпты өтіп жатқанына көздері жеткен.
Биыл өңірде мектеп бітіретін түлектерінің саны 3405 болса, 2,5 мыңы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп отыр. Олар Петропавл қаласында және Тайынша, Новоишимка елді мекендерінде орналасқан арнайы пункттерде сынақ тапсырады. Тестілеудің екінші кезеңі 10 сәуірге дейін жалғасады.
Жансая ҚАЙЫПОВА,
облыстық білім басқармасының
баспасөз хатшысы.

Сурет: https://daryn.online/
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp