«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адамгершіліктің белгісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен Петропавл қаласының тұрғынымын. Ауылдан облыс орталығына көшіп келгеніме жиырма жылдан асты. Осы уақыт аралығында жергілікті әкімдікке жиі хабарласып, үй жанындағы жаяу жүргіншілер жолын қардан аршып берулерін сұрайтынмын. Өтінішімді ешқашан жерге тастаған жоқ. Дереу коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері мен техникасын жіберіп, қол ұшын созады. Алайда, биылғы қыс өзгерек. Әсіресе, борандарымен есте қалары анық.

Демалыс күндері 19-шы шағынауданда Нұрсұлтан Назарбаев көшесі бойымен келе жатып, жер үйлердің бірінде тұратын 80 жастағы кейуана көзіме түсті. Жалғыз тұратын. Ауласындағы қар апталап тазаланбаған. Қария жолға шығып, көшенің қарын шығарып жүрген коммуналдық кәсіпорынның қызметкерінен көмек сұраған екен. Мен дүкенге кіріп шыққанша, трактор үйдің маңайын тазалап шықты. Зейнеткердің өтінішін жерге тастамаған жігітке разы болдым. Бұл – нағыз адамгершіліктің белгісі.
Қаңтар мен ақпан айларында қар жылдағыдан көп жауғаны белгілі. Саршұнақ аяз да бір бүйірден қысып, коммуналдық серіктестіктердің жұмысын қиындатты. Дегенмен, олар жұмысын бір тоқтатқан жоқ. Көшелерде жүйткіген ауыр көліктер мен тракторлар, сары желетке киген қызметкерлер күні-түні дамылдаған жоқ. Біз олардың ауыр еңбегін бағалауымыз қажет деп ойлаймын.

 

Күлжиян ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны.

ЕҢБЕК МҰРАТҚА ЖЕТКІЗЕР

Мен Тайынша ауданындағы Чкалово ауылының тұрғынымын. Қазақы ортада өскендіктен болар, ата кәсіпке жақынмын. Осыдан екі жыл бұрын фермерлік қожалық ашқан болатынмын.
Алғашында жеке қаражатыма 6 ірі қара сатып алып, ісімді өрге домалатуға тырыстым. Үкімет тарапынан да қолдау көрсетілді. Өкінішке қарай, кәсібім алға баспады. Кейін жылқы шаруашылығымен айналысуға бел будым. 2019 жылы “Мал шаруашылығын дамыту” бағдарламасына жүгініп, жеңілдетілген несие ресімдедім. Бұл қаражатқа 10 жылқы сатып алып, қора салдым. Менің ендігі мақсатым – қорадағы жылқының санын арттыру. Сондықтан бастаған ісімді жалғастыру үшін тағы да сол бағдарламаның көмегіне жүгіндім. Бұл жолы 12 млн. теңгенің несиесіне 25 жылқы сатып алдым. Есіл еңбек зая кетпей, қазір Қамбар ата төлінің саны 83-ке жетті.
Биыл мал бордақылау алаңын тұрғызуды жоспарлап отырмын. Бұл жоспарымды жүзеге асыру үшін тағы да мемлекеттік бағдарламаға жүгінбек ойым бар. Бұдан бөлек, қой өсіргім келеді. Себебі, Шопан ата төліне сұраныс жоғары. Ауылдастарыма кәсіп ашып, мал шаруашылығын дамытуға кеңес беремін. Мемлекет тарапынан қолдау зор.

 

Михаил МАРТЫСЕВИЧ,
Чкалово ауылының тұрғыны.
Тайынша ауданы.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp