«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАНАШЫР АЗАМАТ ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кімде-кім өнеге алатын адал да асыл адамдармен кездесіп, тізе қосып жұмыс істеп араласса, сол игі жақсылардан тәрбие көріп, жақсы әдеттерін бойына сіңіріп, сол жандарға ұқсап бақса, өмірде жолы болғаны. Осы күндері бұған көзім анық жетіп отыр. Менің өмір жолымда сондай адамдар өте көп кездесті. Солардың ішінде арда азамат Амантай Құдасбаевтың орны айрықша.

1976 жылы сол кездегі Бескөл ауданындағы “Андреев” кең­ша­рында кәсіподақ комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп жүр­ген­мін. Өнім өндіру көрсеткіштері тө­мендеп, экономикалық жағ­да­йы құлдырап, артта қалған кең­шар бо­лып есептелетін. Кеңшар ди­рек­торы оңтайландыру мақса­ты­мен Үшкөл мен Рябиновка деп атала­тын шағын елді мекендерді жа­уып, халықты басқа бөлімше­лер­ге көшірмекші болды. Бірақ ол ойы іске аспай, екі ауыл тұрғын­дарының 70 пайыздан астамы өз­деріне қолайлы басқа ауылдарға көшіп кетіп, жұмысшылар саны күрт азайып, салдарынан ша­руашылық тұралап қалған еді.
Кеңшар құрып кетуге таяп қал­ғанда, яғни қазан айында Аман­тай Бөкілбайұлы Құдасбаев де­ген азаматты директор етіп жібе­ріпті деп ел іші шу ете қалды. Жа­ңа басшы келе салысымен ша­руашылықпен танысып, кеңшар жұмысын дөңгелетіп ала жөнел­ді. Ауыл шаруашылығының білік­ті маманы, көреген, халықпен тез тіл табысатын, былайша айтқан­да, “сегіз қырлы, бір сырлы” бас­шы екеніне көзіміз жетті. Әр ма­манға нақты тапсырма беріп, оның уақ­тылы орындалуын жіті бақы­лап қана қоймай, ақылын ай­тып, қол ұшын созып, әр істің ба­сы-қасын­да өзі жүрді, осы­лай­ша, халықты соңынан ерте білді.
Сол жылы қыс ерте түсіп, қа­зан айының соңғы күндері қатты аяз қысты. Андреев ауылында үшқа­батты мектеп ғимараты са­лынып, оған жылу мектептен ал­шақ орна­ласқан орталық қазан­дықтан бері­летін болып шешіл­ген. Бірақ қа­зандықтар бірден іске қосылмай, бір аптадай мек­тепке жылу беріл­меді, құбырлар қатып қалуы мүм­кін. Содан не керек, Амантай Бө­кілбайұлы бас болып, шаруа­шы­лық жұмысшы­ларын сынып­тарға кезекке қо­йып, от жағатын лампа­лармен қыз­дырып, аман алып қал­ды. Оқу­шылар екінші тоқ­санда жа­ңа мектепке барды.
1977 жылдан бастап егін шы­ғым­дылығы жақсарып, кеңшар жы­лына бір миллион пұт астық өн­діре бастады. Бұрын-соңды мұн­дай мол астық алып көрмеген ел­дің еңсесі көтеріліп, механи­затор­лар жақсы еңбекақы ала бастады. Тіпті, еңбек озаттары, әсі­ресе, ком­байншылар жыл қо­ры­тын­дысы бо­йынша алған сый­ақысына жеңіл машина, мото­цикл, үйге қажет тех­ника сатып алды. Ол құрылысты да қолға алды. Сонау Қиыр Шы­ғыстан құ­рылыс материалдарын жеткізуді жолға қойды. Тұрғын үй, әлеу­мет­тік ғимараттар, мал қора­ла­ры, астық қоймалары, тағы бас­қа өндіріс нысандары салынды. Ан­дреевкаға көшіп келушілер көбейді, жұмысшылар саны да артты. Бір сөзбен, іс ілгері басты.
Адамгершілігі мен кішіпейіл­ділігі туралы бір оқиғаны баяндай кетейін. 1977 жылдың көктемі бо­латын. Кеңшардың машина-трактор шеберханасында жұмыс істеп жүрген жап-жас жігіттің жү­рек талмасы ұстап, құлап қалға­ны туралы естіп жұрт азан-қа­зан. Әп-сәтте директор да ке­ліп жетті. Ма­шинасынан түскен бетте аузы-мұр­нынан қан кетіп жерде жатқан мәйітті көре сала: “Бұларың не? Қанекей, көтерің­дер”, – деп мар­құмның астына өзінің пиджагын шешіп төсеген еді. Бұл қылығына жиналған жан ризашылығын біл­дір­ді. Директор қай отбасы болма­сын, қызығына да, қайғысына да ортақтасушы еді. Адам тағды­ры­на көп көңіл бө­летін. Нақақтан-нақақ жұмыстан шығарып, қуда­лау дегенді біл­мей­тін. Білмегенін үйретіп, адам­ның жақсылығын асы­рып, жа­ман істері болса шындықты бетке ай­тып, тәртіпке шақырушы еді. Ақылға көнбеген жағдайда ғана жұмыстан шыға­ратын, не қатаң жазалайтын.
Кеңшар жұмысшыларымен үне­мі кездесіп, мұң-мұқтажын ше­шіп, өз тарапынан тілек-талап­тарын да айта жүретін. Алда тұр­ған мә­се­лелерді шешу үшін ша­руашы­лықты аралауға өзімен бір маман­ды, келесі жолы басқа қыз­меткер­ді ертіп алатын. Бақ­сам, ондағы көздегені – әлгі маман­ның кім еке­нін, қолынан не келе­ті­нін сарап­тап білу екен ғой. Сон­дай сапар­лар­дың бірінде мені­мен әңгіме­лесіп келе жатып, то­сыннан: “Сенің осы қазіргі жұмы­сың жасы ұлғайған, өмірлік тәжі­ри­бесі мол адамдікі. Сен жап-жас мамансың, өз мамандығың бо­йын­ша келе­шек өміріңе қажет жұ­мыспен шұ­ғыл­дануың керек қой, осы кең­шар­дың мал шаруа­шы­лығына ие болсаң дұрыс болар еді”, – деді. Мен көп ойланбастан келісе кет­тім. Содан кеңшардың бас зоотех­нигі етіп тағайындады. 1977 жыл­дан 1981 жылға дейін бірге ең­бек еттік. Сол жылдары ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Малшылар қауы­мына қамқорлық көрсетіп, барын­ша жағдай жасады. Әрбір бөлім­шеге жаңа мал қора, жұмыс­шы­лар демалатын үй, ол кезде “қы­зыл бұрыш” деп аталатын ветери­нарлық дәріхана, малды қолдан ұрық­­тан­дыру бекеттерін салды. Малшыларға кезектен тыс тұрғын үй берді. Ол заманда үй ішіне қа­жет теледидар, тоңазытқыш, кі­лем, т.б. заттар өте қат еді ғой. Мұн­дай мәселелерді де өзі қада­ғалайтын. Бірінші кезекте еңбек адамда­ры­на жағдай жасайтын.
Кеңшарымыз бірер жыл ішінде аудан, облыс көлеміндегі жақсы шаруашылықтар қатарына ілігіп, экономикасы дамыды. Мал ша­руа­шылығында да көрсеткіштер жақ­сара түсті. Сүт өндірісі 3-5 тон­надан 9-12 тоннаға дейін артты. Бір бөлімшені мал бордақылауға мамандандырды. 1979-1980 жыл­дары біздің кеңшар қаңтар айы­ның ортасында ет тапсырудың тоқсандық жоспарын орындап, малдың орташа салмағын 390-405 килограмға жеткізді. Бір оқиға әлі күні есімде. 1979 жылдың басы болатын. Мен Алматы зоовете­ри­нарлық институтында кадрларды қайта даярлау курсында оқуда жүрген едім. Ол жылдары наурыз айында тың және тыңайған жер­лерді игеруге арналған мейрам тойланып, оған бүкіл Қазақстан­ның кеңшар, ұжымшар, аудан жә­не облыс басшылары қатысатын. Сол жиынға Амантай Бөкілбай­ұлы­ның келгенін естіп, іздеп бар­сам, амандықтан соң: “Ертең Фрун­зе қаласында Қырғыз Рес­публикасының кірпіш өндіретін комбинатының директорымен кез­десу керек. Биыл курортта бірге дем алғанбыз. Кеңшарға керек кірпіш алуға келісу керек”, – деді. Сол жолы комбинат директоры және Қырғызстанның жергілікті өнеркәсіп министрімен келіссөз жүргізіп, 10 вагон кірпіш жіберуге рұқсат алды. Міне, солай таны­майтын-білмейтін, курортта кез­дес­кен адамдармен тіл табысып, кеңшардың кез келген шаруасын шешіп жүруші еді.
Кейінірек ауыл шаруашылығы саласын жақсы меңгерген білікті маман, қабілетті басшы болған­дықтан, Жамбыл аудандық ауыл ша­руа­шылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды. 1981 жылы Жамбыл ауданында жаңадан Суаткөл қой кеңшары ашылғанда, Амантай Бөкілбай­ұлы директорлыққа менің канди­татурамды ұсыныпты. Содан жа­ңа құрылған кеңшарға директор болып тағайындалдым. Тағы да тағдырымыз тоғысып, бірге жұ­мыс істедік. Шаруашылық жұмы­сын ұйымдастыруға шын жанашыр­лық танытты. Басшы ретін­де шыңдалуыма орасан зор көмек көрсетті. Бірақ төрт айдан кейін Амантай Бөкілбайұлы Возвышен аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне ауысып кетті. Басқа ауданда жүргенімен, қал-жағ­дайымды сұрап, көрші орна­лас­қан Ресейдің Түмен, Қорған, Челябі және Омбы облыстарының азаматтарымен таныстырып, жаңа құрылып жатқан кеңшарды құрылыс материалдарымен, бас­қа да жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесті. Ағамыз адал ниетті, жұмысын беріліп істеген кез келген адамды қолдап, қол­паш­тап, бауырына тартатын.
Амантай Бөкілбайұлы ел эко­номикасы құлдыраған қиын ке­зеңде шаруашылықты, әлеуметтік нысандарды талан-таражға сал­дырмай, сақтап қалды. Елінде ме­шіт салды. Амал жоқ, ұзаққа со­зылған жаман ауру ағамызды ара­мыздан алып кетті. Сырқаты жа­нына батып, қатты қиналып жүрсе де, дүниеден өткенге дейін ат үсті­нен түспей, елге қызмет етті. Аман­тай Бөкілбайұлы бастап кет­кен игі істерді бүгінде ұрпақтары мен бауырлары жалғастырып жүргені – көңілімізге медеу.


Жасұлан ҚАЗБЕКОВ,
Жамбыл ауданының құрметті азаматы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp