Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырыла өткізілген X қысқы гимназиада өз мәресіне жетті. Оқушылар арасындағы биылғы дода карантиндік шектеулерге байланысты жанүкүйерлерсіз өтті.
Гимназиада Петропавл мен Нұр-Сұлтан қалаларында 8 спорт түрінен өтті. Елордада жас спортшылар мәнерлеп сырғанау, шорт-трек пен конькимен жүгіруден сынға түссе, Қызылжар төрінде биатлон, президенттік қысқы көпсайыс, спорттық бағдарлау, шаңғы жарысы мен шайбалы хоккей бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Жарыс қорытындысы бойынша, қыздар арасында конькимен жүгіруде солтүстікқазақстандықтар бірінші орынға ие болды. Қостанай облысы мен Алматы қаласының бұрымдылары екінші-үшінші орынға табан тіреді. Ұлдар арасында алматылықтар жеңімпаз атанса, күміс медаль қостанайлықтар бұйырып, жерлестеріміз үздік үштікті түйіндеді. Мәнерлеп сырғанауда жалпыкомандалық есепте Алматы қаласы топ жарды. Нұр-Сұлтан командасы күміс және Қарағанды құрамасы қола медальдарды місе тұтты.
Борки кентінің шаңғы базасында биатлоннан өткен жарыста ұлдар арасында ақмолалықтар үздік болды. Екінші орын Алматы облысына бұйырса, қызылжарлықтар қола медальді еншіледі. Қыздар сынында да көкшетаулық спортшылар бәрінен оза шапты. Қостанай екінші сатыға көтерілсе, қарағандылықтар үшінші орынға жайғасты. Қысқы президенттік көпсайыста ұлдарда Ақтөбенің командасы жеңімпаз атанды. Солтүстікқазақстандық спортшылар күміс медаль тағынды. Ал Қостанай оқушылары қола медальды еншіледі. Бұрымдылар арасындағы бұл сында қызылжарлық қыздар жеңістің биік тұғырына көтерілді.
Өкінішке қарай, жерлестеріміз шаңғы спорты, шайбалы хоккей, шорт-трек және спорттық бағдарлауда үздіктер қатарынан көріне алмады. Дегенмен, солтүстікқазақстандықтар жалпыкомандалық екінші орынға тұрақтады. Қостанай облысы жеңімпаз атанса, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының намысын қорғаған командалар үздік үштікті қорытындылады.
Келесі қысқы гимназиада 2023 жылы Ақмола облысында ұйымдастырылады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».