«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауылдас інішек Қайырбек Әбдірахманов 2009 жылы Жамбыл ауданының орталығында Алланың жердегі үйін ашқанда менің есіме оның әкесі Қапен ақсақал түсіп еді. Азан шақырып қойған есімі – Қабдолхалық. Соғыстан жараланып оралған мұғалім ағайымыз қос балдаққа сүйеніп жүретін. Әр сабағын зейін қоя тыңдайтынбыз. Ара-тұра майдан естеліктерінен сыр шертетін. Жеңіс күндері “Қызыл Жұлдыз”, “Отан соғысы”, тағы орден-медальдарын саудыратып тағып жүретін. Қапекеңнің ұл-қыздарының арасынан Қайырбектің имандылық жолға бет бұрғанын, “Қабдол Халық” қайырымдылық қорын құрғанын, қажылық парызын өтеп келгенін сырттай еститінмін. Бастапқыда мешіт үйін кіндік қаны тамған Баймағанбет Ізтөлин атындағы елді мекенде салмақшы болыпты. Кейін ол ойынан айнып, аудан орталығын таңдағаны бірден-бір дұрыс шешім еді. Қанша айтқанмен, халық көп шоғырланған жер, келімді- кетімді жолаушылар қарасы да мол.

Содан бері Қайырбек өзі жетекшілік ететін қор арқылы ғибадат үйінің барлық шығынын өтеп келеді. Былтыр 6 млн. теңгеге мешітке күрделі жөндеу жүргізіп, есік-терезелерін жаңалады. Басқа да қыруар шаруалар атқарылды. Мешітпен іргелес 2018 жылы тұрғызылған асхананың үлкен залы 250, кіші залы 30 адамға лайықталған. 12 шәкіртке арналған жатақхана салып, Құран ілімдерін, намаз оқуға үйрететін орталық ашпақ ниетіне коронавирус індеті үлкен кесірін тигізді. Соған қарамастан қайырымдылық істерін одан әрі жалғастыруды мақсат етіп отыр.
Маған оның алған бетінен қайтпайтын табандылығы ұнайды. Өзі елордада тұрғанымен туған жерге ат басын жиі бұрады, жолы түсіп, аудан басшыларының біріне мешіт жағдайын айта барғанда: “Дін мемлекеттен бөлінген. Сондықтан дін нысандарына көмектесе алмаймыз”, – деп бетін қайтарып тастаса керек. Содан жиналып қалған берешекті өтеу үшін Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан демеушілер іздестіруіне тура келген. “Баварец” ЖШС-і 1,3 млн. теңге аударған. Зура Әбдірахманова 100 мың теңге, Уәйіс Артықбаев 60 мың теңге қосқан. Өкінішке қарай, мешіттің игілігін көріп отырған аудан тұрғындары, ондағы кәсіпкерлер тарапынан да ешқандай көмек көрсетілмеген. Қызметкерлердің 1,5 млн. теңге жалақысы “Омар” серіктестігі, сондай-ақ жеке тұлғалардың демеушілігі есебінен өтеліпті. Карантинге байланысты “Хадал” қайырымдылық асханасы жұмысын тоқтатуына байланысты жұмысшыларды түгелге жуық қысқартуға тура келген.
“Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің” деген халық даналығы бар. Құранда “Бақара” сүресінің бір аятында былай айтылады: “Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар”. Қайырбек бауырымыздың халық игілігі үшін жасап жатқан сауапты ісіне үн қосып, мешіт мұқтажына қол ұшын берейік деген сөзімді Құдайға қараған жандарға қарата айтқым келеді.

Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp