Оқушылар сарайында облыс полицейлері өңір кәсіпкерлерімен кездесті. Облыстық полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Арман Оразғұлов қатысқан бұл кездесуге ломбардтардың, ақша айырбастау пункттерінің, шағын несие беру ұйымдарының, қоғамдық тамақтандыру орындарының және жеке күзет құрылымдарының басшылары шақырылды.
«2020 жылы облыста бір жанар-жағармай құю станциясына қарақшылық шабуыл жасалып, ломбардтарда екі алаяқтық факті тіркелді. Мұндай қылмыстар үстіміздегі жылы да орын алды. Бұған күзетті ұйымдастырудағы қателіктер негізгі себеп болып отыр. Бейнебақылаудың, жеке күзеттің болмауы, аумақтардың жеткілікті жарықталмауы – қылмыстық әрекеттердің жасалуына әкеп соқтыратын факторлар», – деді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматов. Ол интернет-алаяқтық мәселесіне жеке тоқталды. Шағын несие беру ұйымдарының басшыларына қатаң түрде займ алу талаптарын күшейту, займ алушының жеке басын сәйкестендіру, бейнеқоңырау бойынша оның келісу мәселесін пысықтау ұсынылды, киберқылмысқа қолдан келгенше қарсы іс-қимыл жасау аса қажет екендігін атап өтті.
Облыстық полиция департаменті күзет қызметін бақылау бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Руслан Данияров күзет агенттіктерінің басшыларына қызметкерлердің мамандандырылған оқу орталықтарында уақтылы тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді, дене шынықтыру және күрестің арнайы тәсілдері бойынша қосымша сабақтарды өткізуді ұсынды. Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Талғат Әбілов кәсіпкерлерді шетел азаматтарын жұмысқа қабылдаған кезде заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертті. Сондай-ақ, ол жыл басынан шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бұзғаны үшін 12 азаматтың жауапқа тартылғаны туралы хабарлады.
Шараға қатысқан бизнес өкілдері полицейлердің құқықтық тәртіпті нығайту туралы бастамасы жөнінде оң пікірлерін білдірді.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің аға инспекторы.