Өткен жылы өңіріміздің мәдениет саласы оң қарқынмен дамып, 2021 жылға бекітілген бюджет 6,6 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірейісов орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте Досбол Нұржанұлы өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарға тоқталды. Ол 2020 жылы жалпы сомасы 922,5 миллион теңгені құрайтын 32 мәдени нысанға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Соның ішінде 20 нысан жұмыспен қамтудың Жол картасы аясында жөнделді. Өткен жыл айтулы оқиғаларға, мерейтойларға толы жыл болды. Бұл орайда, өңір тұрғындары 10 мың шараны қашықтан тамашалауға мүмкіндік алды. Әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Сәбит Мұқановтың мерейтойлары мен Жеңістің 75 жылдығына орай өткен ауқымды шаралардың маңызы ерекше.
– Бүгінде өңірде мәдениет саласында 2601 адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – 105 мың теңге. 2020 жылы сала қызметкерлерінің еңбекақысы 35 пайызға өсті. Үстіміздегі жылы мемлекеттік бағдарламалар аясында Тимирязев ауданындағы Ақсуат ауылында мәдени-сауықтыру орталығын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 2 мәдени нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, – дей келе Досбол Әбдірейісов 6 мәдени ошақ күрделі жөндеуден өтетінін жеткізді. Өңіріміздің 10 ауданындағы 18 мәдени-сауықтыру орталығы спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ал 2020-2024 жылдарға арналған мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бойынша республикалық бюджет есебінен Айыртаудағы Айғаным, Ботай қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, облыс орталығындағы «Абылайдың ханның резиденциясы» мұражай кешені ғылыми-реставрациялаудан өтеді. Өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде археологиялық ескерткіштер мен тарихи-мәдени маңызы бар нысандарды (Қызыл Оба, Байқара ескерткіштері) кешенді зерделеу және музейлендіру қолға алынбақ.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.