Небір дарабоз тұлғаларға алтын бесік болған қасиетті Қызылжар өңірінен халықтың арманы мен үмітін арқалап, бар ғұмырын, білімі мен дарынын сол жолда сарп еткен, айшықты белестерді бағындырған толағай тұлғалардың аз шықпағаны әмбеге аян. Сол жұлдызды шоғырдың қатарынан Есім Шәйкенұлы Шайкиннің есімі ерекше ілтипатпен аталады. Биыл көзі тірі болса абыз ақсақал торқалы тоқсан бес жастың биігіне көтерілер еді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен рухани шара бірегей тұлғаның мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Есім Шайкиннің ғұмырдариясына зер салатын болсақ, оның балалық шағы мен жігіттік дәуренінің ел басына күн туған қилы кезеңдермен тұспа-тұс келгенін аңғарамыз. Небәрі он төрт жасынан бастап еңбекке қызу араласып, елдің шетіне жау тигенде рухты намысын қаруға айналдырып неміс-фашист басқыншыларына қарсы майдан даласына аттанды. Соғыстан елге аман-есен оралған соң бейбіт еңбекте де алғы шепте жүрді, 1950 жылы Новорыбин май зауытының директоры, 1952 жылы аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1955 жылы Преснов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. 1956 жылы Есім Шәйкенұлы Преснов (қазіргі Жамбыл) ауданына қарасты Киров атындағы ұжымшардың төрағасы болып тағайындалды. Буденный атындағы ұжымшарда бөлімше басқарушысы болды.
Шарада Есім Шайкиннің өмірі мен қызмет жолы туралы әсерлі сөз сабақтаған “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, жазушы Жарасбай Сүлейменов бірегей тұлғаның қандай қызметтің тұтқасын ұстамасын, оттай жанып, шоқтай маздап, өзінің жансебілдігімен, тынымсыз ізденісімен, мұқалмас ерік-жігерімен, көшбасшылық қасиеттерімен дараланғанын айтты.
Елордадан “ЗУМ” платформасы арқылы байланысқа шыққан жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Есім Шайкиннің өмірінің қай белесінде болмасын қызу еңбектің ортасынан табылып, өр мінезімен, асқақ айбарымен, елжандылығымен туған жеріне адал қызмет еткенін дәттеді. Есім Шәйкенұлының небір игі істердің бастамашысы болғаны, оның басқаруымен түрлі шаруашылықтар мен елді мекендердің тамырына қан жүгіргені, халықтың ыстық ықыласына адал еңбегімен жеткені облысымыздың құрметті азаматы Анатолий Башмаковтың, “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының төрағасы Темірғали Әбілмәжіновтің, спорт ардагері Жамбыл Тасеменовтің әңгімелері арқылы көрініс тауып жатты.
Ауылда жүріп-ақ ірі мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген Есім Шайкин – туған халқының сүйіспеншілігіне көзі тірі кезінде-ақ бөленген тұлға. Қазақстан Компартиясының 14-съезінде орталық комитеттің мүшесі болып сайлануы, Социалистік Еңбек Ері атанып, екі рет одақтың ең жоғары наградасы – “Ленин” орденімен, “Еңбек Қызыл Ту”, “Құрмет Белгісі” ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталуы сөзіміздің айғағы. Мұның бәрін жиналғандар “Уақытым тығыз, асығыспын” атты кітап көрмесі арқылы тамашалай алды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.