«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРҒЫНДАР МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ — МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз – “Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін” деген өнегелі сөздерді санамызға сіңіріп, көкірегімізге түйіп өскен ұрпақтың өкіліміз. Бүгінгідей күрделі жағдайда осы талап үдесінен көріне білу – үлкен сын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­ “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында: “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” – бұл, шын мәнінде, “Әділетті мемлекет” құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет”, – деді. Атқарушы органдардың түпкі мақсаты – адамдардың мүддесіне қалтқысыз қызмет ету, сындарлы өтініштеріне жедел құлақ асу, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог арқылы үйлесімді мемлекет құру.
Қатаң карантин, демалыс күндеріндегі локдаундар, бақылау бекеттері, бетперде режімі – әдеттегі өмір салтымызға түзетулер енгізіп қана қоймай, сонымен бірге коронавирусты жеңу жолында бәрімізді біріктірді. Мемлекет басшысы болашақта көш бастайтын елдердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалатынын атап көрсетті. Бұл бағытта қалыптасқан тәжірибелеріміз баршылық. Қандай күрделі кезеңді өткерсек те, аудан тұрғындарының лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, тұрмыс сапасын жақсартуға міндеттіміз. Бұл ретте мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешімдер қабылдау жүйесіне, оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты түбегейлі өзгерте отырып, бәсекеге қабілеттілігімізді көрсететін артықшылықтарымыз бен нақты мүмкіндіктер әлеуетін пайдаланудың маңызы зор.
“Еңбегің егіз болса, байлығың сегіз болады” демекші, есілдіктер де ұйымшылдықтың үлгісін таныта отырып, ауданның дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді. Коронавирус індеті әкелген қиындықтарға, сондай-ақ ауа райының кейбір қолайсыздығына қарамастан 2020 жылы ауыл шаруашылығындағы бір қызметкерге шаққанда еңбек өнімділігі 4 млн. 241 мың теңге болып, 129 пайызды құрады. Жергілікті бюджет (облыстық бюджеттен берілетін трансферттерді есепке алғанда) 103 пайызға орындалды немесе қазынаға 8,1 млрд. теңге кіріс түсті. Алдыңғы жылға қарағанда түсім 3,9 млрд. теңгеге артты. Бюджеттің толығуы жалақының өсуіне айтарлықтай ықпал етті. Еңбеккерлердің орташа айлық жалақысы 144500 теңгеге жуықтады. Облыстық көрсеткіштен сәл төмендеу болғанымен, ілгерілеушілік бар.
Жолдауда ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті іргелі экономика саласына айналдырудың стратегиялық міндеттері белгіленді. Агроөнеркәсіпті әртараптандыру, шикізатпен ғана шектеліп қалмай, өнімдерді ұқсатып пайдалану, жерді тиімді өңдеу, ауыл еңбеккерлерінің жұмысын жеңілдету, ол үшін озық технологияларды енгізу аса маңызды. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 53 млрд. теңгені құрауының бір себебі, агроқұрылымдар субсидия түрінде нақты қолдауларға ие болды. 2019 жылы 1,9 млрд. теңге субсидия берілсе, былтыр оның көлемі 3,2 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. “Прометей-Агро”, “Ғасыр-Астық”, “Азия-Тораңғұл”, “Заградовское”, тағы басқа серіктестіктердің табыстары қомақты. Бұл шаруашылықтар майлы дақылдар өсіруде де жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Егіншілік технологияларының барлық қажетті шарттары қатаң сақталса, сорт жаңарту, алқаптарды цифрландыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу талапқа сай атқарылса, еңбек еткеннің – мұратқа жеткені. Өкінішке қарай, еңбек етпей елге өкпелейтіндер, егін екпей жерге өкпелейтіндер жоқ емес. “Ақжайық”, “Жұлдыз”, “Айдар”, “Ольга-Бесқұдық” сияқты шаруа қожалықтарының көш шаңына көміліп қалуының басты сыры – технологиялық тұрғыдан ескірген әдістер көлеңкесінен шыға алмауында. Әйтпесе, құнарлы жерден төмен өнім жинауы – айтуға ұят. Кәсіби мамандардың тапшылығы, аграрлық ғылымның өндіріске баяу енгізілуі де – бұл саладағы қордаланған мәселелердің бірі. Осы ретте агроқұрылым жетекшілерімен бірлесіп өткізген келелі кеңесте АӨК-ні дамытудың іргелі міндеттері, кооперациялардың, қосалқы шаруашылықтардың әуелетін дұрыс пайдалану жайы кеңінен талқыланғанын айта кеткен жөн. Жиын барысындағы талдау көрсеткендей, мал шаруашылығында да сапалы әрі мол өнім өндірудің мүмкіндіктері баршылық. 2019 жылға қарағанда Петровка ауылдық округінде сүт өндірісінің, Алматы, Амангелді, Петровка ауылдық округтерінде ет өндірісінің төмендеуі орын алды. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың саны 41-ден 68-ге дейін көбейгенімен, ауыл шаруашылығындағы үлесі 26,5 пайызды ғана құрады. Қазір 400 бас сауын сиырға лайықталған 2 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр, алда олардың саны көбейтіледі. Былтыр, тұтастай алғанда, 34306 тонна сүт, 3758 тонна ет өндірілді. Бұл бағыттағы маңызды міндет – әр еңбек адамына, шаруашылыққа өз әлеуетін жүзеге асыруға толық мүмкіндік бере отырып, өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу.
Президент 2025 жылға қарай шағын және орта бизнес 4 млн. қазақстандықты қамтып, ішкі жалпы өнімнің 35 пайызын өндіру, жыл сайынғы өсім қарқынын бес пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз ету сияқты іргелі міндеттер қойды. Осы саладағы түйткілді мәселелерді ұтымды шеше білудің маңызы айрықша. Ауданда соңғы 4 жылда жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 9,5 пайызға өсіп, бөлшек тауар айналымының жалпы көлемі 11 млрд. теңгеден асты. Өңдеуші өнеркәсіп пен агроөнеркәсіптік кешендегі өндірісті кеңейтуге, сондай-ақ ішкі нарықты отандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтерімен толықтыруға бағытталған жеңілдікпен несие беру бағдарламасы жұмыс істегелі тек былтыр 524,5 млн. теңгенің 6 жобасы қаржыландырылды. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша соңғы 4 жылда 24 кәсіпкерге 621,9 млн. теңгенің қолдауы көрсетілді. Оған қатысушылар өндіріс орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарын құрды. 98 жеке кәсіпкер өз бизнесін ашып, 110 адамды жұмыспен қамтыды.
Жолдауда ауылдың әлеуетін толық іске асыру стратегиялық маңызды міндет ретінде қойылып, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасын жүзеге асыру одан әрі жалғасатыны атап өтілді. Жасыратыны жоқ, елді мекен тұрғындары сапалы ауызсуға әлі де зәру. Қазіргі уақытта 53 ауылдың 54,7 пайызы ғана орталықтандырылған сумен жабдықтау желілеріне қосылған. Былтыр 4 елді мекенде жөндеу жүргізілді. Волошинка және Ильинка ауылдарына тартылған су тарату желілерін қалпына келтіру биыл аяқталады.
Еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының қоныстануына қолайлы жағдай жасап, жұмысқа орналастыруды жандандырамыз. Былтыр Қытайдан 24 отбасы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласынан, Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан 49 отбасы көшіп келді. Оларға 34 млн. теңге жәрдемақы төленді. Биыл 57 отбасын қабылдау жоспарланған. Бұл мәселенің стратегиялық маңызы ерекше болғандықтан, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қолдау көрсетіледі. Әрі халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуіне тосқауыл қойылады деген үміт те жоқ емес.
Президент Жолдауын жүзеге асыру, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайту жолында шынайы патриоттық сезімге толы іс-шаралар дәйектілікпен жалғаса беретін болады.

Алтынбек АБДОЛЛАЕВ,
Есіл ауданының әкімі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp