«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҒҰМЫР ЖОЛЫ ҒИБРАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бауыржан Момышұлы жасы үлкен адамдарды төртке бөлген екен. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, өсек айтатынды – шал, өз әулетін шашау шығармай, уысында ұстап, билік жүргізгенді – қария, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айбынын асырып отыратынды – ақсақал, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ішкі қасиеттерді молынан сіңіргенді – абыз деп атаған. Соңғы екі санатқа жататын жандар облысымызда, шүкіршілік, баршылық. Қайраты мен ақылына жүгініп, іскерлігімен, кісілігімен елдің ыстық ықыласына бөленген абзал ағаларымыздың бірі – Оралбай Сағындықов екені еш талас тудырмайды.

Орекеңнің балалық шағы соғыстан кейін халықтың енді ғана ес жия бастаған ауыр уақытымен тұспа-тұс келді. Ата-бабаларының жаз-жайлау, қыс-қыстау еткен қонысы – Баянауыл жақ. Кәмпескелеу кезіндегі қолдан жасалған қысастық салдарынан Ресейге қарай үдере көшіп, Новосібір облысына аялдаған. “Менің туып-өскен жерім – Чулым ауданына қарасты қазақтар көп шоғырланған Жаңа еңбек деген ауыл. 3-сыныпты ана тілімізде оқып, әрі қарай орысша жалғастыруға тура келді. 4-5 шақырымдай орыс селосына жаяу-жалпылап қатынайтынбыз. Осылай жылдар жылжып өтіп жатты. Бірде ұжымшар төрағасы мені шақырып алып, ат пен шана және әбзелдерін қоса бергізді. Бұл қамқорлығын қақаған суықтарды, саршұнақ аяздарды елемей, мектепке барып жүрген табандылығымыз бен сабаққа деген ынта-талабымызға риза болғаны деп қабылдадық. 7-8 баламыз. Ең ересегі – мен, 8-ші сыныптамын. Бөлімшеге газет-журнал мен хат-хабарды тасып-жеткізуді де сеніп тапсырды. Жат жерде жүргендіктен бе, намысқа басып, шыңдалып, шымырланып өстік. Үлкендердің жоқшылық пен қиыншылыққа төзе білу, барға – қанағат, жоққа – салауат ету дағдыларын, еңбекқорлығын үлгі еттік”, – дейді Оралбай Шәріпұлы буыны қатаймай жатып еңбекке ерте араласқан балалық шағы жайлы сыр шертіп.
Жүрек түкпіріндегі атажұртқа оралсам деген арманының орындалған сәті әлі күнгідей көз алдында. 1966 жылы Новосібір ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітіргеннен кейін есіл дерті ел жаққа ауғанымен, ойы бірден орындала қоймады. Жолдама Кемерово облысына беріліп, үш жыл сарғая күтуге мәжбүр болды. Игіліктің ерте-кеші жоқ, Қазақстан топырағына табаны тиіп, сағынышқа шөліркеген құмар-аптығын баса алмай өзін көпке дейін өң мен түстің арасында жүргендей сезінген. Дипломды маманға зәру мұндағылар бойы сұңғақ, келбеті көркем, мінезі салмақты жерлесін құшақ жая қарсы алып, Солтүстік Қазақстан тәжірибе шаруашылығының іргелі бөлімшесіне басқарушы етіп жібереді. Жалынды да жігерлі жас бұл салада өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, партком хатшысы қызметі сеніп тапсырылады. Жаңа қызметке белсене кірісіп, партияластар арасында үлкен бедел-абыройға ие болады. Бескөл аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалып, екі жылдың ішінде тәжірибесі толысқан, іскерлігі шыңдалған кәнігі басшы болып қалыптасады. Мәскеу ауданы (қазір Есіл) “Бұлақ” кеңшарына жетекшілік еткен кезең Орекең үшін табыстың тайқазаны қайнаған белесті жылдар ретінде бағаланады. Шаруашылық әлеуметтік-экономикалық, мәдени жағынан дамып, облыстағы мақтаулылардың біріне айналады. Астықтың гектар берекелігі 31 центнерге дейін жетіп, одақтың, республиканың ауыспалы туын бірнеше мәрте жеңіп алады. Зор ұйымдастырушылық, адамдармен тіл табыса білетін көпшіл қасиеттері ескеріліп, қазіргі Мағжан Жұмабаев аудандық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылады.
“Менің ұғымымда, Оралбай Шәріпұлы – парасат-пайымы мен танымы терең, істің нәтижесі үшін ақырына дейін күресе білетін басшы. Күрделі жағдайлардың өзінде ешқашан асып-саспайды, күйгелектікке салынбайды. Қиыннан қиыстырып, жолын, күрмеуін таба біледі. Дауыс көтеріп сөйлегенін көрген емеспін, бірақ талапшыл, айтқанын орындататын. Адамдарды ерекше жақын тартып тұратын бір қасиеті – әділеттілігі, адалдығы, аманатқа қиянат жасамайтыны”, – дейді қызметтес болған Бөкен Жакин.
Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары – жоспарлау комиссиясының төрағасы секілді лауазымдарға дейін көтерілген ел азаматы тәуелсіздігіміздің тұғырын бекітуге өлшеусіз үлес қосты. Егемендігімізбен бірге есімі қайта жаңғырған Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойын өткізу барысында ақын атындағы шаруашылықтың басшысы бола жүріп, иығына түскен негізгі ауыртпалықты көтере білді. Ғибратқа толы ғұмырында Дінмұхамед Қонаевпен, Нұрсұлтан Назарбаевпен, тағы басқа мемлекет, қоғам қайраткерлерімен кездесіп, әңгімелерін тыңдағанын, ел басқарған тұлғаларды өзіне үлгі еткенін жылылықпен еске алады. Олардың “ұлық болсаң, кішік бол” деген тағылымдарын халыққа қалтқысыз қызмет ету деп түсінді. Осы орайда, Орекеңнің ұлтжандылық келбетін, азаматтық болмыс-бітімін сипаттайтын бір мысал келтіру артықтық етпес. “Өзбекстаннан құжатсыз көшіп келген мен Қазақстанның азаматтығын алуда үлкен қиыншылықтарға тап болдым. Сонда Мағжан Жұмабаев аудандық мәсихатының депутаты, тексеру комиссиясының төрағасы Оралбай ағаға кіріп, жай-жапсарды түсіндірдім. Ол кісі мені тыңдап қана қойған жоқ, мәселемді қолма-қол шешіп беруге көмектесті. Ташкенттегі Қазақстанның елшілігіне телефон соғып, өзінің телефон нөміріне, мекенжайына, телефаксіне дейін беріп, қажетті құжат келіп түскенше қадағалап отырды. “Әкемдей қамқор болды” деп осындайда айтылатын шығар”, – дейді Өзбекстаннан осы ауданға қоныс аударған қандастарымыздың бірі Мекебай Оңай.
“Бақыт қалықтап жүрген құс емес, еңбекпен келер іс” деген халық нақылын өмірлік мақсат еткен ағамыз сексеннің сеңгіріне шықса да, кәрілікке әлі дес берер емес. Оның бір сыры, қарияның әр жұмыс күні есептеулі. Денсаулықты нығайту үшін сергектікке де, серуендеуге де, дене жаттығуына да уақыт табады. Тамақты да талғап, таңдап ішеді. Басты ұстанымы – ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Ұрпағымен өркен жайған Орекеңнің басты байлығы – Құдай қосқан қосағы мен балалары, немере-шөберелері. Сәуле әжей екеуі бір шаңырақ астында 55 жыл түтін түтетіп, алтын асықтай 3 ұл, 1 қызын тәрбиелі, ибалы етіп өсірді. Үйдің тұңғышы Амангелді әке жолын қуды, ғалым-агроном, аудандық аумақтық инспекцияға жетекшілік етеді. Екінші ұлы Ербол бүгінде жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Кенже ұлы Серікжан – адвокат. Әулеттің кенжесі Әсел – қаржыгер. Немерелерінің бірі Қытайда, енді бірі Ресейде білім алады. Димаш есімді шөбересі – көз қуанышы, алданышы.
Оралбай Шәріпұлы табан ақы, маңдай тердің өтеуі – мемлекеттік марапаттардан да кенде емес. Кеудесінде “Құрмет белгісі”, “Октябрь революциясы” ордендері, “Ерен еңбегі үшін” медалі, көптеген мерейтойлық төсбелгілер жарқырайды. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атағы салтанатты жағдайда табыс етілді. Өңіріміздің сыйлы ақсақалы әлі тың, әрі ширақ. 13 жылдан бері аудандық ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп келе жатқаны да – өзін еңбектен қалдырмағаны, қарттыққа аяғын алдырмағаны.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp