«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЖАБЕРГЕН ТУРНИРІ – жас балуандардың бағын ашатын жарыс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда Петропавл қаласындағы олимпиадалық резервтегі облыстық мектеп-интернат-колледжінде қазақ күресінен дауылпаз жырау Қожаберген Толыбайұлы атындағы республика­лық турнир өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен болашағынан үміт күттірер балуандар қатысқан жарыс туралы газетіміздің өткен санында жазғанбыз. Оқырмандарға осы жарыстың ұйымдастырушысы – күрестен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мейрам Хамзинмен болған сұхбатты ұсынамыз. Білікті маман батыр баба атындағы турнирдің маңызы туралы айтып берді.

– Мейрам Тоқтарұлы, каран­тин талаптарының жеңілдеуіне байланысты жарыстар қайтадан өткізіле бастады. Жақында Қожаберген жырау атындағы дода жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көрдік. Осы республикалық жарыстың маңызына тоқтала кетіңізші.
– Қожаберген жырауды біл­мейтін қазақ жоқ шығар. Әйгілі “Елім-ай” тарихи дастанын шыға­рып, қазақтың өткен тарихын өзінің жыр­ла­рына арқау еткен оның қазақ тари­хында алар орны зор. Қожаберген жырау 1663 жылы Жамбыл ауданындағы Күлтөбе де­ген ауылда дүниеге келген. Әкесі Толыбай – сыншы, атасы Дәулен – батыр, бабасы Таузар – сардар. Бір елдің басы­нан өткен тарихты, сол заманның тар жол тайғақ кешуін өлеңмен өрнек­теп қана қоймай, қолына найза ұстап, қазақ батырларымен бірге шап­қыншыларға төтеп берген. Ол – “сегіз қырлы, бір сырлы” дарын иесі. Сондықтан оның есімін қалай ұлықтасақ та, артық болмайды.
2018 жылы жасөспірімдер арасында батыр-қолбасшы, ақын Қожаберген Толыбайұлы атындағы турнир өткізу туралы ұсыныс жасаған болатынмын. Абырой болғанда, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының сол кездегі басшысы Руслан Есеналин бұл бастамамды қолдап, өңірлік спорттық іс-шаралар жоспарына енгізді. Сол кезде қазақ күресінің жанашырлары Жамбыл Тасеменов пен Бауыржан Құлжанов бастаған сала ардагерлері де қолдауларын аяған жоқ. Алғашқы жарысты сол жылдардың көктемінде спортқа мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер облыстық мектеп-интернатында өткіздік. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұйымдастырылған турнирге еліміздің әр өңірінен 150 балуан қатысса, келесі жылы қатысушылардың саны екі жүзге жетті. Дәстүрлі додаға күрестен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, облыстық мектеп-интернат-колледжінің, “Олимп” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері және аудандардың балуандары қатысып, өңір намысын абыроймен қорғап келеді. Өзге өңірлерден жиналған спортшыларға лайықты бәсеке­лес атануда.
– Дәстүрлі жарыс неліктен жасөспірімдер арасында өтуде? Ересектер арасында ұйымдастырылғанда күрес десе ішер асын жерге қоятын жанкүйерлердің қарасы қалың бол­мас па еді?


– Мұның да өзіндік себебі бар. Бүгінгі таңда елімізде қазақ күресі жақсы дамып келеді. Бұған дейін республикалық, халықаралық және дүниежүзілік федерациялардың бастамасымен әлем және азия чемпионаттары, ел біріншіліктері, “Қазақстан барысы”, “Еуразия барысы” сияқты бірқатар рейтингтік жарыстар өткізілді. Бірақ жасөспірімдерге арналған сайыстар сирек. Жылына бір рет Қазақстан чемпионаты ұйымдас­тырылады. Ал бұл жеткіншектер үшін тым аз. Олар кәсіби спортшы болып қалыптасуы үшін жарыстарға жиі қатысып, үздіктермен белдесулері керек. Сонда ғана ысылып, тәжірибе жинайды. Алайда, сайыстардың аздығынан балалар күрестің басқа түрлеріне ауысып жатқанын көріп жүрміз. Қожаберген жырау атындағы турнир сол ел біріншілігі алдындағы дайындық кезеңі іспеттес.
Алдағы уақытта мектеп оқушы­лары мен колледждер студенттері арасында лига ойындары өткізіледі деп күтілуде. Бұдан бөлек, қазақ күресін насихаттау бойынша бірқатар жұмыстар атқарылады. Өздеріңізге белгілі, бүгіндері қазақ күресі вариативті пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізілуде. Балалар білім ордасында жүріп, төл өнердің элементтерімен танысу мүмкіндігіне ие болады. Әдістер мен ережелер жан-жақты зерттеліп, заманға сай жетілдірілуде. Сөйтіп, ұлттық күрестің жан-жақты зерттелуі, насихатталуы және дамуы жаңа деңгейге көтерілмек. Ендігі кезекте жасөспірімдер арасындағы сайыстардың санын көбейтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның шарапатын балуандар ғана емес, бапкерлер мен спорт мамандары да көреді.
– Мейрам Тоқтарұлы, екі күндік жарыс барысында жас балуандар шалбарларының балағының ұзарғанын, боз кілемде жалаң аяқ күрескенін байқадық. Бұған көп­шіліктің таңданыспен қарағаны анық. Қазақ күресінде орын алып жатқан соңғы жаңашылдықтар туралы айтып өтсеңіз.
– Былтырғы жылдың басында үш федерацияның басы қосылып, “Qazaq кuresi” қауымдастығы құрыл­ды. Бұл төл өнерді төрге сүйреп жүрген сала мамандары үшін үлкен жаңалық болғаны рас. Ендігі кезекте бір ұйымның басшылығымен ұлттық күресті одан әрі дамыту, алдағы уақытта жазғы Олимпиада бағдарламасына қосу, соған сәйкес оның ережелерін жетілдіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бекітілген жаңа ережелерге сәйкес балуандар енді дзюдо мен самбодағыдай жалаң аяқ күресетін болды. Бұған дейінгі жарыстарда балақтың ұзындығы да әртүрлі болып келген-ді. Енді үш ұйымның бірігуіне байланысты барлық ережелер бірыңғайланды.
Жаңашылдықтардың бірі – роллматтар. Бұл дегеніміз – каучукпен тығыздалған заманауи кілем түрі. Жалаң аяқ күресуге ыңғайлы. Бұрындары түйе балуандар күрескен кезде аяғымен кілемді жиырып, өкшелері кіріп кететін. Ал роллматтар абсолютті салмақ дәре­жесінде белдесетін балуандардан кейін де зақымданбайды. Бұған Ақтөбе қаласында қазақ күресінен өткен әлем чемпионаты барысында көз жеткіздік. Әзірге біздің залдарда мұндай кілем жоқ. Дегенмен, биыл қаражат бөлініп, роллмат­­тарға тапсырыс бермекпіз.
– Былтыр мамандандырыл­ған балалар мен жасөспірімдер күрес мектебіне 50 жыл толды. Осы уақыт аралығында бұл мекемеден талай балуан тәрбиеленді. Мектептің қазақ күресі бойынша қандай жетістіктері бар?
– Біздің мектепте қазақ күресі бөлімі 2013 жылы ғана ашылды. Бүгіндері ондағы 11 топта 115 балуан жаттығады. Жеті жаттықтырушымыз күрес мектебінде, қазақ мектеп-гимназиясында және №2 жалпы білім беретін орта мектепте үйірмелер жүргізеді.
Төлеген Жетпісбаев, Дәурен Есләмов, Қорған Таманов, Болашақ Қапабаев, Бейбіт Жүнісов және Асылхан Болатов сынды бапкерлердің шәкірттері облыстық және республикалық жарыстарда жүлделі орын алып жүр. Сол жастардың бірқатары республикалық “Жас барыс” турнирінде үздіктер қатарынан көріне білді. Шеберлігімен көзге түсіп жүрген Жігер Еркінұлы турнирдің облыстық кезеңінде 65 килограмм салмақта жеңімпаз атанса, республикалық кезеңде үшінші орынға ие болды. Күрес мектебі­нің өкілдері – Дмитрий Динер (І орын, 42 кг.), Аян Төсекбай (ІІІ орын, 60 кг.), Радион Исхожин (ІІІ орын, 82+ кг.) және Әділ Қайыров (ІІІ орын, 100 кг.) та жасындай жар­қырады. Дәл осы балалар кешегі Қожаберген атындағы рес­публикалық турнирде де жүлделі орындарға ие болғанын атап айтқан жөн. Біз осы балалардың болашағынан үміт күтіп, оларға мол сенім артып отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp