Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов жобалық топ жетекшілерімен және атқарушы билік өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, еліміздегі жемқорлық деңгейі ең төмен өңірдің күрес тәжірибесімен танысты.
«Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшелерімен жүздесуде жемқорлыққа қарсы ведомоство тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде әңгімеледі. Кейін Петропавл қалалық әкімдігінде фронт-кеңсе мен «I-komek» қызметінің жұмысымен танысты. Жергілікті билік тарапынан тұрғындарға қолайлы жағдай жасалғанын қуаттады. Жобалық топ жетекшілері «Парасат жолы» және «Саналы ұрпақ» орталықтарының іс-тәжірибесімен таныстырды. «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесі өз қызметін М.Қозыбаев атындағы университетте жүргізеді. Оның құрамына 300-ден астам волонтер-студент тартылған.
Елордалық мейманға «Солтүстік фанера комбинаты» ЖШС-нің ламинатталған фанера шығаратын зауытының өнімдері көрсетілді. Инвестициялық жоба сыбайлас жемқорлықпен күрес ведомоствосының қамқорлығына алынған. Жасалған келісім аясында департамент қызметкерлері бюрократиялық және сыбайлас жемқорлық мәселелері бойынша туындайтын түйткілдерді шешуге жәрдемдесіп отырады.
Агенттік аппаратының жетекшісі Қуаныш Жапақов пен облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа басшысы Жарқын Ғалымов «Медсервис+» қоймасына барып, коронавирусқа қарсы препараттардың қорын тексерді. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмек тапшылығы байқалмайды.
Қуаныш Асылбекұлы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын бұлжытпай орындау маңызды екенін, жаңа тәсілдер мен шығармашылық идеялар жастарға ерекше күш-жігер беретінін атап өтті.
Жан АЙТМАҒАНБЕТОВ,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің
бас маманы.