«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАРУАЛАРҒА ШИРАҚТЫҚ ҚАЖЕТ Өңір басшысы жерді тиімсіз пайдаланып, төмен өнім алғандарды сынады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болды. Сапар барысында өңір басшысы жергілікті жиһаз цехының жұмысымен танысып, аудан активімен кездесті.

Өңір басшысы ат басын бұрған «Лагода В.П.» жеке кәсіпкерлігі 2005 жылы құрылған болатын. Алғашында аудан орталығындағы базарда сауда жасаған жеке кәсіпкер Владимир Лагода бес жылдан кейін жиһаз шығаратын цехты іске қосқан. Бүгіндері мұнда жиһаздың 25 түрі жасалады. Дайын өнімнің басым бөлігі жеке кәсіпкердің өз дүкенінде сатылады. Бұл жерде таңдау көп. Орындықтан бастап, кереует, ас үй және жатын бөлме жиһаздары бар.
Жеке кәсіпкердің айтуынша, екі жыл бұрын цех жаңғыртылып, 20 млн. теңгенің құрал-жабдығы сатып алынған.
– Жиһаз жасауға қажетті ағаш пен маталарды Петропавл қаласынан сатып аламыз. Алғашында 10 бұйым түрін ғана шығарған болатынбыз. Жаңа құрал-жабдықтың арқасында өнім көлемі де, түрі де арттырылды. Соңғы уақытты Қостанай облысынан да тапсырыс берушілер көбеюде. Жылына 35 млн. теңгенің өнімін шығаратын цехымызда 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық еңбекақылары 100 мың теңгені құрайды, – дейді Владимир Петрович.
Облыс әкімі жұмыс сапары барысында аудан активімен кездесті. Жиында аудан әкімі Марат Ескендіров 2020 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Баяндамашының айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласы 48 млрд. теңгенің өнімін шығарған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 млрд. теңгеге артық. Өнеркәсіп секторы 2 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Өңдеу өнеркәсібінде 1,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, мал шаруашылығы үшін азық-түлік және жемшөп өндірісінің оң өсімі байқалды. Өткен жылы 3,4 млрд. теңгенің жаңа техникасы сатып алынса, салық түсімі 454,9 млн. теңгені құраған.
Үстіміздегі жылы «Жөкей Агро» ЖШС-і Айымжан ауылында 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын, «Қайнарбек Ата» ЖШС-сі Орталық ауылында 1 мың басқа арналған бордақылау алаңын, ал «Атамекен Агро» ЖШС-сі Қарағаш ауылында 780 басқа шақталған асыл тұқымды репродуктор салуды жоспарлап отыр. Жол жөндеу және су тарту бойынша да біраз жұмыс атқарылған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар 34 және облыстық маңызы бар 55 шақырым жол жөнделді. Ал аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 2,8 млрд. теңгенің 6 жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Преснов топтық су құбырын қайта жаңартудың арқасында Троицкое, Орталық, Архангелка және Сенжарка елді мекендерін сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал жыл соңына дейін Благовещенка ауылындағы су мұнарасын ауыстырып, Преснов топтық су құбырынан Ұзынкөл және Айымжан ауылдарына дейін тартып, Кладбинка, Сенжарка және Қайранкөл елді мекендеріндегі су тарату желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізілмек.
Жыл қорытындысы бойынша өсім тіркелгенімен, олқылықтар да жетерлік. Бүгінде Жамбыл ауданында 220-ға жуық серіктестік пен шаруа қожалық бар. Алайда ауданда бір ғана бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Ал тауарлы-сүт фермасы мүлдем салынбаған. Өңір басшысы техника паркін жаңартпай, жерді тиісті деңгейде игермей отырған шаруа қожалықтарының басшыларын сынға алды. Былтыр көктемгі дала жұмыстарына, жанар-жағармай мен арамшөптерге және түрлі зиянкестерге қарсы қолданылатын тыңайтқыштарға демеуқаржы бөлінді. Дегенмен, Жамбыл ауданында күзгі орақ науқанында мардымсыз өнім алған шаруа қожалықтары да бар. Мәселен, 9700 гектар жері бар «Агрофирма Жамбыл» ЖШС-і былтыр гектарынан орташа есеппен 6,5 центнерден өнім алған. Құмар Іргебайұлы жерді тиісті деңгейде игермейтін шаруашылық басшыларына жағдайды түзеу қажеттігін ескертті.
– Жұмыс істемейтін немесе істеуге құлық танытпайтын серіктестіктердің жерлерін мемлекет меншігіне қайтару керек. Әр шаруашылық гектарынан кем дегенде 15-20 центнерден өнім алуға тырысулары қажет. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылы облысқа ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін республикалық бюджеттен 53 млрд. теңгенің субсидиясы бөлінді. Түсініп отырған боларсыздар, бұл – қыруар қаражат. Бұдан былай арнайы механизм жасалуы керек. Субсидия тиісті нәтижелерге жеткен серіктестіктерге ғана берілуі қажет, – деді Құмар Іргебайұлы.
Петропавлдағы «Маслодел» компаниясы сүт сатып алу үшін сонау Қостанай облысына қатынайтын көрінеді. Бірақ Жамбыл ауданына аялдамайды. Өйткені көп көлемде сүт сауылмайды. Аудандағы шаруа қожалықтары техника паркін жаңарту мәселесіне де салғырт қарауда. Бұл да өнімділіктің төмендеуіне әсер еткені сөзсіз. Сондай-ақ, былтыр ауданға шетелден бірде-бір асыл тұқымды ірі қара сатып алынбаған екен. Құмар Ақсақалов аудан басшысының бір жылда атқарған жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.
Актив отырысын қорытындылаған Құмар Ақсақалов аудан әкіміне жоғарыда аталған түйткілді мәселелерді шешудің тиімді жолдарын іздеуді тапсырды.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ,
журналист. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp