«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ БАСТАУЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан тарихы өте бай. Қазақ халқының арғы шежіресі ғұндардан басталып, көк түркілерге жалғасатынын, одан кейін Алтын орда, Қазақ хандығы дәуіріне ұласатынын, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға келіп тірелетінін жастар жағы жете білуі тиіс. Олардың бойында Ұлы дала ұрпақтарына тән мақтаныш сезімін ояту үшін батыр бабаларымыздың есімдерін біліп қана қою аздық етеді. Бұл орайда баға жетпес мұраларымызбен, ата тарихымызбен кеңінен таныстырудың мәні айрықша. Мәселен, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Қазақ жерінен тарағаны – талассыз шындық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласында “Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі “Ботай” қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді”, – деп жазды.

Қатпарлы тарихымыздың сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын Ботай сияқты жергілікті археологиялық қазынамызға егемендік алған кезеңнен бері терең зерттеулер жүргізіліп, төрткүл дүниеге ұлттық бренд ретінде танылды. Ботай десе, бірден қазақтар мен Қазақстанды еске алып жататындары сондықтан. Француздың атақты шығыстанушы ғалымы, академик Рене Груссе өзінің “Дала империясы” атты еңбегінде былай деп жазады: “Ең алғаш жылқы малын қолға үйретушілер көшпенділер болған. Сайын дала – жылқының отаны. Далалықтар жаратылысынан ат құлағында ойнаған, ат әбзелдерін ойлап табушылар да осылар”.
Никольское ауылы маңайында орналасқан ежелгі адамдар тұрағын бертінге дейін археологиялық ескерткіш ретінде ғана біліп келсек, енді “мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы” деген жоғары мәртебеге ие болып, Мәдениет және спорт министрлігінің қамқорлығына алынды. Ондағы мақсат – өңірде мәдени-туристік кластерді дамытумен қатар ұлттық құндылықтарымызды жаңа заманға бейімдеу, өзгелерге таныту. Мұнда келешекте сапар орталығы кешенін салу міндеті тұр. Оның нобайын ойластырған кезде ата-бабаларымыздың өмір салты, халқымыздың мәдени ерекшеліктері бірінші кезекте ескерілді. Отандық, шетелдік туристерге түрлі ат ойындарын көрсету мақсатымен ипподром тұрғызу ойластырылған. Бұдан бөлек, мұражай, кітапхана бой көтереді.
Ботай мәдениеті жайлы алғашқы деректер өткен ғасырдың 70-ші жылдары жариялана бастағанымен, жаhандық ауқымда таңдай қақтыратын жаңалықтар, мәселен, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашқаны жайлы жан-жақты мағлұматтар бертінірек жазыла бастады. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империясы тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ботай – энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті, адамзат өркениетінің, ұлт шежіресінің бастауы. Оған 1981-1983 жылдар аралығында жерлесіміз, тарихшы-ғалым Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізіліп, соңғы жылдары ерекше қарқын алды. Осы уақытқа дейін 15 мың шаршы метр аумақ аршылды. Жаздық баспаналар, жылқы қаңқалары, қыш ыдыстар, ағаш өңдейтін үскілер, киім тігетін тебен инелер, тері сылатын қырғыштар, оюлы бұйымдар, тастан, сүйектен жасалған құралдар, тағы басқа 200 мыңнан асатын артефакті табылды. Біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта қазақ даласында жылқы қолға үйретіліп, қымыз дайындалғаны дәлелденді.
Уақыт өткен сайын Ботай мәдениетіне деген қызығушылық артып келеді. Қырық жылдай зерттелсе де, ішіне бүккен сырлары әлі де көп.

Мақпал ӘЛМАҒАМБЕТОВА,
“Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсия жүргізушісі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp