«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚ ЖОЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деп аталатын мақаласында жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтау қажеттігін айта келіп, ойы толысқан отыз жасқа толған, егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген, санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше Тәуелсіздік құрдастары алдына бірқатар міндеттер қойды. Мақалада жазылғандай Тәуелсіздігіміздің үш онжылдық белесінде ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азат, қайта жаңғырған, ел еңсесі тіктелген, ұлттық рухымыз көтерілген қазақ мемлекеті ретінде төрткүл дүниеге танылсақ, төртінші онжылдықтың жүктейтін басты талабы – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Алдымызда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру сияқты асқаралы міндеттер тұр.

Соңғы кездері жас толқынның ел өміріне, қоғамның барлық салаларына белсене қатысуы үрдіс алды. Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен құрылған Президенттік кадр резерві аясында білікті де білімді өрендер арасынан қоғам мүддесіне адал көшбасшылар іріктеліп, әлеуеті дұрыс арнаға бағытталды. Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырып, кәсіби жағынан шыңдалған, шеберлігі толысқан жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдыруға тапсырма берілуі, сондай-ақ әлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатымен “Тәуелсіздік ұрпақтары” атты гранттың тағайындалуы – келер ұрпақ үшін жасалып жатқан көп қамқорлықтардың бірі ғана.
Мен Тәуелсіз елімізбен түйдей құрдаспын, өзімді егеменді елдің еркін, толыққанды азаматы сезінемін. Елдігімізді, тұтастығымызды сақтай алатын орнықты саясатты замана талабына орай бейімдеп, ел тыныштығын, кемел келешегін ойлай білген ел басшыларының арқасында Тәуелсіздігіміз баянды етілді. Шырғалаңы мол дағдарыстарға ұрынбай тарихи сыннан мүдірмей өтті. Халықтың үміті мен сенімі толық ақталды. Отыз жылдың ең басты қорытындысы бәріміздің көз алдымызда: бүкіл адамзат танитын, мойындайтын, құрметтейтін мемлекет құра білдік. Елде – татулық, төрімізде – Ата заңымыз, көгімізде – азаттықтың көк байрағы! Мұның бәрі – елдігіміздің, тұтастығымыздың айшықты белгілері. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда аталған еңбегінде “Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының hәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік”, – деп жазды.
Нұрсұлтан Әбішұлының қанатты сөзге айналып кеткен “Азаттық жолы – азапты, тәуелсіздік жолы – тәуекел” деген пайымынан алатын басты тағылымымыз – қазіргідей алмағайып жағдайда, әсіресе, коронавирустық індеттің дендеп тұрған шағында жас буынға ерекше жауапкершілік жүктелетіні. Мен кей замандастарым секілді білім қуып, шетел асқан жоқпын. Оған мүмкіндік бола тұра Қазақстанды қаладым. Елде жүріп-ақ білікті маман болуға, қалаған ісіңмен айналысуға болатынын өз тәжірибемнен жақсы білемін. Жеке мақсат-мүдде қоғам игілігімен үйлескенде Отанға деген шексіз сүйіспеншілік туындап, халыққа, ұлтқа қызмет ету берік ұстанымы қалыптасады. М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің экономика, бизнес және ауыл шаруашылығы бакалавры, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін экономика ғылымдарының магистрі мамандықтары бойынша бітіргеннен кейін еңбек жолымды қатардағы сарапшы, бас маман қызметтерінен бастадым. Облыс әкімі аппаратында біраз тәжірибе жинақтап, 2020 жылы әз Наурыз мерекесі қарсаңында Айыртау ауданына әкім болып тағайындалдым. Бұл өлке – көгілдір тауларымен, қалың алқапты ормандарымен, айдын шалқар көлдерімен, адамдарының қонақжайлығымен, еңбекқорлығымен ерекшеленетін, қайталанбас сұлу табиғаты тамсандыратын кербез жер жәннаты. Жерінің асты да, үсті де – тұнған байлық. Оның ішінде рухани қазынасы бөлекше. Шоқан, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Орынбай, Кәкімбек Салықов сияқты қазақтың біртуар тұлғалары өніп-өскен жер. Ботайдағы ежелгі адамдар мекені, Айғаным қонысы, Сырымбеттегі Ш.Уәлиханов атындағы этнографиялық мұражай, Қарасай-Ағынтай батырлардың кесенесі, Кеңащыдағы Ақан сері композициясы, тағы басқалары – ең құнды жәдігерлеріміз, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудің таптырмас үлгісі. Бірқатары республиканың киелі жерлер картасына енген.
Олардың арасынан Тәуелсіздігіміздің төл жетістігі деуге болатын Имантау-Шалқар курорттық аймағына айрықша тоқталғанды жөн көрдім. Кезінде оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туризмді дамытудың перспективалы аумақтарының тізіміне қосқан болатын. Республикалық маңызы бар 10 басым жобаға және 2019-2025 жылдарға арналған Қазақстанның туристік саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Соңғы үш жылда курорттық аймақта жұмыс істеп тұрған демалыс нысандарының материалдық-техникалық базалары айтарлықтай жаңартылды.
Бүгінде туризм әлемде ең табысты бизнес көзі саналады. Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 136 елдің ішінде 81-ші орында. Келешекте өңір бойынша жылына 400 мыңға дейін турист қабылдау жоспары жобаланған. Турөнімдер мен оның түрлерін көбейтуге барлық қажетті алғышарттар бар. Қазір ауданда 40 туристік нысан жұмыс істейді. Олар күніне 3100-ге дейін адам қабылдай алады. Былтыр 4 демалыс орны ашылды. Соңғы үш жылда 177 шақырым жол жөнделіп, оған 5,1 млрд.теңге жұмсалды. Кең жолақты интернет желісін жақсарту үшін Айыртау, Шалқар, Имантау елді мекендеріне арнайы қондырғылар орнатылды.
“Мәдени мұра” бағдарламасы ұлттық рухани өрлеуімізге ерекше серпін әкелді. Осы жылдар ішінде бұрын беймәлім болып келген құнды құжаттар табылып, сирек жәдігерлермен толықтырылды. Қоныстар мен қорғандарда кешенді археологиялық зерттеулер жүргізілді. Сөйтіп, тарихи жадымызды жаңғырту арқылы адамдар бойына ұлттық мақтаныш, отаншылдық сезімі орнықтырылды.
Қазақстанның әр азаматы ел Тәуелсіздігін мақтан етеді. Ең қасиетті де киелі ұғым ретінде қастерлейді. Тарих көші ұзақ, шексіз, шетсіз. Олай болса, тұтас бір дәуірдің жылнамасына Тәуелсіздіктің толыққанды шежіресін жас буын жазары хақ.

Дархан ӘМІРИН,
Айыртау ауданының әкімі. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp