Көктемнің шуақты күнімен бірге өміріне де береке, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін “Ұлыстың ұлы күні”, “Әз Наурыз” деп айрықша әспеттеген. Сондықтан болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас бір ай бойы тойланады. 14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Осынау ұлық мерекеге орай Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тұрғындары мәдени-спорттық шара ұйымдастырды. Қыстан аман шыққан жұртшылық арқа-жарқа көрісіп, амандық-саулық білісіп, бір-біріне жылы тілектерін арнады.
“Сен барда босағам төр менің,
Қос анам, бірі сен – Өрнегім.
Өзіңмен биікке өрледім,
Өзіңдей басқа жер көрмедім”, – деп, туған жерін ән мен жырға арқау еткен ақын, жерлесіміз Есләм Зікібаевтың туып-өскен Өрнек ауылында тұрғындардың басын қосқан шара салт аттылардың шеруінен бастау алды. Еліміздің өзге өңірлерінде қызмет етіп жүрсе де, жүрегі “ауылым” деп соққан азаматтар үстіміздегі жылдың басында өңір аумағында өткен “Менің Туым – менің Отаным” атты челленджге қолдау білдірген болатын. Олар Наурыз мерекесіне арналған шарада да көк Туымызды көкте желбіретіп, рухымызды серпілтті. Ауыл ақсақалдары болса зират басында аруақтарға Құран бағыштап, жастарға ақ батасын берді. Олардың бұл тартымды бастамасы тұрғындардың көңілін көтеріп, мерекелік шараға ерекше реңк бере түсті.
Көрісу мейрамының негізгі шарты – қыс бойы бір-біріне жете алмай, сағынысқан ағайын-туыс, құда-жекжаттың амандық-саулық сұрасып, ізгі ниетпен жүздесуі емес пе? Кеш бойы жасы кішілер үлкендерге арнайы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырды. Ал қыз-келіншектер жағы қазанды аққа толтырып, жиналған жұртшылыққа мол дастарқан жайып, дәмнен ауыз тигізді. Мерекелік ән-күй де осы ғұрыптың аясында орындалды.
Ауылдың ақсақалдары Амалға аман жеткен жұртшылыққа “Бір жасың құтты болсын!” деп, батасын берсе, жастар жағы алтыбақан тебісіп, көңіл көтерді. Ақ жаулықты ана, ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлнәз Жұмабекова ауыл халқын ризашылыққа бөлеп, көрісуге мүмкіндік сыйлағаны үшін шара ұйымдастырушыларына алғыс білдіре келе: “Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Бүгін алыстан “ауылым” деп сағынып келгендерге дәм ұсынып, құшағын жайғандардың қарасы қалың. Осылайша, бауырмалдықтың, кішіпейілділік пен қайырымдылықтың үлгісін көрсете білген жастарға алғысым зор”, – деп ағынан жарылды.
Амал мейрамында карантиннен кейін бір-бірін көруге асық барша ауыл тұрғындары жергілікті өнерпаздар әзірлеген мерекелік концерттен соң, қазақ күресін, арқан тартыс пен қол күресін, жілік жару мен тоғызқұмалақ сайысын тамашалады. Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарға Есіл ауданындағы Алматы ауылдық округінің әкімі Мереке Жаманшалұлы грамота мен ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Ол: “Елді бірлікке шақыратын, ортақ мүддеге ұйыстыратын жақсы дәстүр үзіліп қалмас үшін биыл барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра, ауқымды шара ұйымдастырдық. Еліміздің егемендіке жету жолында жанын қиған бабалар рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ата-бабаларымыздың жанпида еңбегінің арқасында біз Наурыз, Амал мерекесі сияқты құндылықтарымызмен қауыша алдық”, – деді.
Ауыл халқы Аманғали Оралбек, Медет Нұрқанов, Ерлан Оразалин, Айгүл Токина, Орал Ташманов сынды жүйріктердің тартысты сайысын қызыға бақылады. Шара соңында мерекелік ас беріліп, жұртшылық көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.