«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАЛДАН БАСТАЛАР ӘЗ НАУРЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктемнің шуақты күнімен бірге өміріне де береке, шапағат кіреді деп сенген халқымыз Наурыз мерекесін “Ұлыстың ұлы күні”, “Әз Наурыз” деп айрықша әспеттеген. Сондықтан болса керек, қазақта Наурыз бір күн емес, тұтас бір ай бойы тойланады. 14 наурыз – Амал, Көрісу күнінен басталған мейірім мейрамы айдың соңына дейін жалғасады. Осынау ұлық мерекеге орай Есіл ауданындағы Өрнек ауылының тұрғындары мәдени-спорттық шара ұйымдастырды. Қыстан аман шыққан жұртшылық арқа-жарқа көрісіп, амандық-саулық білісіп, бір-біріне жылы тілектерін арнады.

“Сен барда босағам төр менің,
Қос анам, бірі сен – Өрнегім.
Өзіңмен биікке өрледім,
Өзіңдей басқа жер көрмедім”, – деп, ту­ған жерін ән мен жырға арқау еткен ақын, ­жерлесіміз Есләм Зікібаевтың туып-өскен Өрнек ауылында тұрғындардың басын қосқан шара салт аттылардың шеруінен бастау алды. Еліміздің өзге өңір­ле­рінде қызмет етіп жүрсе де, жүрегі “ауы­лым” деп соққан азаматтар үстіміздегі жыл­дың басында өңір аумағында өткен “Менің Туым – менің Отаным” атты чел­ленджге қол­дау білдірген болатын. Олар Наурыз мере­кесіне арналған шарада да көк Туымызды көкте желбіретіп, рухы­мыз­ды серпілтті. Ауыл ақсақалдары болса зи­рат басында аруақтарға Құран бағыштап, жастарға ақ батасын берді. Олардың бұл тартымды бастамасы тұрғындардың көңілін көтеріп, мерекелік шараға ерекше реңк бере түсті.
Көрісу мейрамының негізгі шарты – қыс бойы бір-біріне жете алмай, сағынысқан ағайын-туыс, құда-жекжаттың амандық-саулық сұрасып, ізгі ниетпен жүздесуі емес пе? Кеш бойы жасы кішілер үлкендерге ар­найы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыс­ты­рды. Ал қыз-келіншектер жағы қазанды аққа толтырып, жиналған жұртшылыққа мол дастарқан жайып, дәмнен ауыз тигізді. Мерекелік ән-күй де осы ғұрыптың аясында орындалды.
Ауылдың ақсақалдары Амалға аман жеткен жұртшылыққа “Бір жасың құтты бол­сын!” деп, батасын берсе, жастар жағы ал­ты­бақан тебісіп, көңіл көтерді. Ақ жаулықты ана, ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүл­нәз Жұмабекова ауыл халқын ризашы­лық­қа бөлеп, көрісуге мүмкіндік сыйлағаны үшін шара ұйымдастырушыларына алғыс білдіре келе: “Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш ке­шіріліп, араздық ұмытылады. Бүгін алыс­тан “ауылым” деп сағынып келгендерге дәм ұсынып, құшағын жайғандардың қара­сы қалың. Осылайша, бауырмалдықтың, кішіпейілділік пен қайырымдылықтың үлгі­сін көрсете білген жастарға алғысым зор”, – деп ағынан жарылды.

Амал мейрамында карантиннен кейін бір-бірін көруге асық барша ауыл тұрғын­да­ры жергілікті өнерпаздар әзірлеген мере­келік концерттен соң, қазақ күресін, арқан тартыс пен қол күресін, жілік жару мен то­ғыз­құмалақ сайысын тамашалады. Жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарға Есіл ауда­нын­дағы Алматы ауылдық округінің әкімі Ме­реке Жаманшалұлы грамота мен ақша­лай сыйлықтарды табыс етті. Ол: “Елді бір­лік­ке шақыратын, ортақ мүддеге ұйысты­ратын жақсы дәстүр үзіліп қалмас үшін биыл барлық санитарлық талаптарды сақ­тай отыра, ауқымды шара ұйымдастырдық. Еліміздің егемендіке жету жолын­да жанын қиған бабалар рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ата-бабалары­мыз­дың жанпида еңбегінің арқасында біз Наурыз, Амал мерекесі сияқты құндылық­тарымызмен қауыша алдық”, – деді.

Ауыл халқы Аманғали Оралбек, Медет Нұрқанов, Ерлан Оразалин, Айгүл Токина, Орал Ташманов сынды жүйріктердің тар­тыс­ты сайысын қызыға бақылады. Шара соңында мерекелік ас беріліп, жұртшылық көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp