2000 жылы ашылған С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының алғашқы қарлығаштарының біразы бүгіндері еліміздің өзге өңірлерінде табысты қызмет атқаруда. Солардың бірі – актер Нартай Сауданбекұлы. Дәстүрлі сауалымызды талант иесіне жолдаған едік. Ол былайша жауап берді:
– Қазір отбасыммен елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатырмын. Актерліктен қол үзген жоқпын. Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық театрда еңбек жолымды жалғастырудамын. Астана төрінде жүрсем де, Қызылжардағы қанатымды қатайтқан қарашаңырақпен үнемі байланыстамын.
Өз басым өнер адамының бір орында ұзақ жылдар тұрақтағанын дұрыс деп санамаймын. Өнердің тынысы жер, ел көргенде ашыла түседі. Театр сахнасынан бөлек ара-тұра сериалдарға түсіп, дубляж жасау ісімен де айналысып жүрмін. Петропавлдан кеткелі радиода да, телеарналарда да еңбек еттім. Одан бөлек, драматургияға бет бұрдым. Яғни, Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уәлиханов, Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевке арналған туындыларды сахнаға лайықтап жаздым.
Алдағы уақытта 13 жыл бойы сахнада еркелеткен, көңілімді көркем еткен Қызылжар өңіріне келу жоспарымда бар. Әріптесім, жергілікті театрдың директоры Біржан Жалғасбаев өнер ордасының жиырма жылдығына орай, осыған дейін ойнаған спектакльдерді жаңғыртып, сахнаға шығару туралы ұсыныс айтты. Сол уақытта солтүстікқазақстандық көрермендеріммен бір қауышсам деймін.
Дайындаған
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.