«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨҢІРДЕГІ ЭПИЗОТИЯЛЫҚ АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Tikeleı baılanys” айдарының кезекті қонағы – облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов “Soltüstık Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және “VATSAPP” желісіне келіп түскен оқырмандардың сауалдарына жауап берген болатын. Бүгін осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Дәулет ЫРЫСКЕЛДІ,
Есіл ауданының тұрғыны:
– Мен Есіл ауданындағы Тауағаш ауы­лының тұрғынымын. Соңғы жылдары қорадағы қара малдан түрлі аурулар шы­ғуда. Олардың кейбіреулерін жаңадан естіп жатырмыз. Мені де бұл мәселе алаңдатады. Қазір өңірдегі эпизотиялық жағдай қандай?

– Өте орынды сұрақ. Ветеринария – мал шаруашылығының ең маңызды саласы. “Медицина адамды емдейтін болса, вете­ринария адамзатты емдейді” деген қанатты сөз бар. Қызылжар өңірінде ауылда тұрып, мал ұстайтындар көп. Соңғы дерекке сәй­кес, облыста 347,1 мың ірі қара, 440,8 мың қой мен ешкі, 121,8 мың шошқа, 130 мың жыл­қы және 17 түйе бар. Бүгінгі таңда олардың барлығы бақылауға алынған. Уақытын­да қолға алынған ветеринарлық шаралар­дың нәтижесінде облыс аумағындағы эпи­зотиялық жағдай тұрақты. Соңғы он екі айда өңірде қауіпті ауру ошағы тіркелген жоқ.
Ветеринарлық шаралардың жылына екі рет жүргізілетінін атап айтқым келеді. Ал­ғашқысы көктемде, яғни қыс бойы қорада бол­ған мал жайылымға шығарда, соңғысы күз­де – мал қораға қамаларда жүргізіледі. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Республикадан тиісті препараттар облысы­мызға жеткізілді. Кейін олар аудандарға бө­лініп берілді. Ветеринарлық шаралар бірне­ше түрге бөлінеді. Атап айтқанда, алдын алу шаралары кезінде мал мен құсқа 9 түрлі ауруға қарсы екпе егіледі. Олар – сібір жарасы, құтырма, пастереллёз, вирустық диа­рея, инфекциондық ринотрахеит, эмфизе­матоздық карбункул, нодулярлық дерматит, жылқы ринопневмониясы және құс тұмауы. Бұдан бөлек, бруцеллёз, инфекциялық эпидидимит, лейкоз, хлами­диоз, пастереллёз, эмкар, құс тұмауы мен құтырмаға қарсы диагностикалық зерттеулер жүргізіледі.
Ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру – мемлекеттік маңызы бар шара. Себебі, ол малды есепке алу, бақылау, жұқпалы аурулардың алдын алу мен диагностикалық зерттеулерді тіркеу шаралары үшін маңызды. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру дерегі мен вете­ринарлық сараптамалардың қорытындылары ауыл шаруашылығы өнімдерін сәйкестендіру жүйесіне енгізіледі. Бұл дерекқорда жануарлардың жынысы, тұқымы, түсі, жасы, иесі және т. б. мәліметтер жиналған.

Ғани МҰРАТОВ,
Тимирязев ауданының тұрғыны:
– Мен қорамдағы малымды сойып, етін Петропавл қаласына өткізуге барған сайын бірқатар кедергілерге кезігемін. Базар өкілдері ветеринарлық құжаттардың жоқтығын алға тартып, етімді сатып алмай қойды. Енді қайтпекпін, қорадағы бір тоқтыны сою үшін де құжат қажет пе?

– Қазақ халқының басты тағамдарының бірі ет болғандықтан, мал сою рәсімі өз алдына дәстүрге айналған. Алайда, көпшілік әлі күнге дейін кейбір қауіпсіздік қағидаларына көңіл бөлмейді. Мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын ветеринарлық-санитарлық талаптарға сай келмейтін орындарда союға болмайды. Сондықтан етке өткізілетін жануарлар ет өңдеу кәсіпорындарында, мал сою орындарында немесе сою алаңдарында ғана бауыздалуы тиіс.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі “Ветеринария туралы” Заңына сәйкес малды сою пункттерінде неме­се ет өңдеу кәсіпорындарында сойған кезде ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханасының немесе өндірістік бақылау бөлімшесінің мал дәрігері сойылатын мал­дың ілеспе ветеринарлық құжатының болуын тексереді. Ветеринарлық паспортта немесе ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан алынған көшірмеде малдың жеке нөмірі, өткізілген ветеринарлық-профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулер туралы мәліметтер болуы керек.
Сойылған әр малдың еті ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өткізіледі. Барлық талаптарға сәйкес сойылған, қажетті құжаттары бар малдың еті мен шикізаты ғана сауда орындарында сатылады. Бұл шаралар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өнім сапасына кепілдік беруге бағытталған. Осыған байланысты соятын малыңыз ветеринарлық қызметтің бақылауына алынбаған жағдайда етіңізді базарларда өткізе алмайсыз.

Жарқын МҰХАМЕДЖАНОВ,
Шал ақын ауданының тұрғыны:
– Жыл сайын аудандарда бруцеллез ошақтары тіркеледі. Қауіпті кесел бір кезде­рі Шал ақын ауданында да тараған еді. Бұл аурудың таралуының себебі неде? Одан қалай қорғануға болады?

– Облыс бойынша ірі қара малдың бруцеллез жұқтыру көрсеткіші 0,12 пайызды құрайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, ел бойынша 0,36 пайыз, Ақмолада – 0,35, Қостанайда – 0,42 пайыз, Павлодарда – 0,49 пайыз. Яғни, көрші облыстарға қарағанда көрсеткіш әлдеқайда төмен екенін байқауға болады. Аудандарға келер болсақ, бруцеллез Уәлиханов ауданында көп тіркелуде. Мәселен, 2019 жылы – 267, 2020 жылы – 203 ірі қара ауру жұқтырды. Эпизотикалық зерттеулер жүргізіліп, сынамалар алынады. Әдетте аурудың тарауына малдардың бір өңірден екінші өңірге ветеринарлық бақылаусыз тасымалдануы себеп болады. Мысалы, Бидайық ауылдық округіндегі Жамбыл ауылында бруцеллез тіркелді. Тексеріс барысында 5 ауру малдың Уәлиханов ауданынан жеткізілгені анықталды. Ал ол кезде бұл елді мекенде ауру ошағы тіркелуіне байланысты шектеу шаралары енгізілген болатын. Соның салдарынан қауіпті ауру Жамбыл ауылында тарады. Басқарма мамандары дереу алдын алу шараларын жүргізіп, шектеу енгізуге тура келді.
Өңір тұрғындары түрлі тойлар мен құдалықтарға қой апарады. Бұл жерде де ешқандай ветеринарлық бақылау болмайды. Ветеринарлық қызмет ұлттық салт-дәстүрге қарсы емес, алайда, азаматтар санитарлық талаптарды ескерсе екен дейміз. Жоғарыдағы мысал тек қойға ғана емес, басқа да жануарларға байланысты.
Бруцеллезді жою үшін былтырғы жылдың наурыз айында ірі қараны вакцинациялау жүргізу туралы шешім қабылданды. Бұл жұмыстар Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл, Жамбыл және Тілеусай ауылдарында атқарылды. Бір атап өтерлігі, вакцинаға Үкімет тарапынан қаржы қарастырылмаған. Оны тұрғындар өз ақшаларына сатып алулары тиіс. Сонымен қатар екпені жергілікті ветеринар мамандар салуы тиіс.

Алмас ҚАЙРАТ,
Тайынша ауданының тұрғыны:
– Былтыр күзде еліміздің бірқатар об­лыстарында құс тұмауы тіркелді. Әсіре­се, Қызылжар өңірі ең көп зардап шеккен болатын. Атап айтқанда, салдарынан тұрғындардың аулаларындағы үй құсы мен фермалардағы қанаттылар өлді. Ал қазіргі жағдай қандай?

– Иә, былтыр тамыз-қыркүйек айларында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Ресей Федерациясының кейбір аймақтарынан Қазақстан аумағына тірі құс пен құс өнімдерін алып келуге және олардың транзитіне уақытша шектеу енгізген еді. Бірақ салалық министрлік тарапынан жүргізілген жедел шараларға қарамастан жоғары патогенді құс тұмауы еліміздің 8 өңіріне дала құстардың қоныс аударуы салдарынан тараған болатын. Құс тұмауына байланысты 54 ошақ анықталды. 628301 құсқа екпе жасалды. Карантин аясындағы шаралардың барлығы ел бюджетінен бөлінген қаражатқа жүргізілді.
Эпизоотияға қарсы іс-шаралардың аяқта­луына орай және құстардың өлім-жітімінің жаңа жағдайлары тіркелмегендіктен карантин алынып тасталды. Қазіргі уақытта құс тұмауы бойынша эпизоотикалық жағдай тұрақты. Алайда, биылғы жылы дала құсының көктемгі миграциясына байланысты инфекция қайта тарауы мүмкін. Мұның алдын алу үшін 2021 жылы кешенді жоспар бекітілді. Ресеймен шекаралас ауылдардағы 1242 мың қанаттыға екпе жасау жоспарланған. Үй құсы мен дала құсының араласуына жол бермеу керек.

Асыл МӘКЕНОВА,
Мағжан Жұмабаев
ауданының тұрғыны:
– Былтырғы құс тұмауы кезінде облысымызда ондаған мың құс қырылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін ауыр соққы болды. Өтемақы толық төленіп бітті ме?

– Ауру ошақтарын оқшаулау және жоюға байланысты іс-шаралар барысында біздің өңірде 883900 құс жойылды. Оның 42,4 мыңы ауыл тұрғындарына тиесілі. 2020 жылдың желтоқсанында Ветеринарлық ба­қылау және қадағалау комитетінің “Республикалық эпизоотияға қарсы отряд” кәсіпорны орташа айлық нарық құны бойынша індеттің кесірінен шығынға ұшыраған құс иелеріне өтемақы төлеу жұмыстарын жүргізді.
Ветеринарлық-санитарлық қағидаларға сәйкес тәркіленген және жойылған құстар­дың құнын өтеу “Жоғары патогенді құс тұмауы” індетінен өлгенін растайтын құжаттар негізінде атқарылды.
Барлық ұсынылған құжат бойынша тө­лем толық көлемде жүргізілді. Атап айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтарға 147,1 млн. теңге төленді. Ал құс фабрикаларында жойылған қанаттылар үшін 813,2 млн. теңге берілді. Құжат болмаған жағдайда төлем жүргізілген жоқ. Тұрғындар тарапынан ешқандай арыз түспеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жоғары патогенді құс тұмауынан қырылған құстарға байланысты өтемақыны толық көлемде өтеді.

Айгүл СӘКЕНОВА,
Жамбыл ауданының тұрғыны:
– 2020 жылдың соңында Ресейдің Омбы облысында африкалық шошқа оба­сының тіркелгені туралы хабар тарады. Осыған орай біздің өңірде кеселдің алдын алу шаралары күшейтілді ме? Өңірде шошқа фермалары бар. Оларда­ғы жағдай не болмақ?

– Облысымызбен шекаралас Ресейдің бірнеше облысында африкалық шошқа оба­сының 75 ошағы тіркелген болатын. Африка­лық шошқа обасы – жұқпалы вирустық ауру. Адам үшін қауіп төндірмейді. Осыған орай облыстық ветеринарлық басқарма мамандары жұқпалы індеттің өңірімізге енуі мен таралуының алдын алуға кірісіп кетті. Өңірде аталмыш індеттің өршуіне жол бермеу мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асы­рылуда. Аталмыш індеттің алдын алу, инфекцияның облыс аумағына енуіне және таралуына жол бермеу үшін ветеринарлық-санитарлық шаралардың кешенді жоспары әзірленді.
Мемлекеттік шекара арқылы өтетін ав­томобиль пункттері ветеринарлық-санитарлық бақылауға алынды. Қазіргі уақытта барлық импорттық және транзиттік жүктер тексерілуде. Аурудың ошағы анықталған жағдайда карантин енгізіліп, тұмау белгісі бар шошқалар жойылатын болады. Ал өлексе­лер, нәжістер мен жемазық қалдықтары өртел­мек. Тайынша ауданындағы “EMC Agro” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет комбинатында 50 мыңға жуық талпақ танау өсірілетіні белгілі. Көрші елде орын алған жағдайға байланысты кәсіпорын басшылығына қосымша қорғаныс шараларын қолға алып, нысанда ветеринарлық-санитарлық бақылауды күшейту қажеттігі ескертілді.
Аталмыш індетті жабайы шошқалар да жұқтыруы мүмкін. Сондықтан республика­дан келген арнайы топ өкілдері мен жергілікті аңшылық шаруашылықтарының екі жүз маманы Қызылжар, Мағжан Жұмабаев аудандарының ормандарын ерекше бақылауға алды. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғын­дар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 1846 жадынама таратылып, адам көп жүретін жерлерде 1293 ақпараттық плакат ілінді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтік желі арқылы да белсенді жүргізілді. Қазіргі уақытта жағдай жіті бақылануда. Уақытында қолға алынған кешенді шаралардың арқасында африкалық шошқа обасын жұқтыру фактісі тіркелген жоқ.

Майра ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ,
Айыртау ауданының тұрғыны:
– Мал аурулары соңғы кезде көбейген сияқты. Алайда, былтыр ауданымыз­дағы сол ауруларды бақылайтын ветеринарлық бөлімше мүлдем жабылып тынды. Бұл қалай?

– 2020 жылдың сәуір айында ветеринарлық қызмет қайта құрылған болатын. Нәтижесінде аудандық ветеринария бөлімдері жабылып, ветеринарлық стансалар басқарма қарамағындағы мекемелерге берілді. Сөйтіп, облыс – аудан – ауылдық округ бойынша вертикалды басқару жүйесі орын алды. Кейбір қызметкерлер мен лауазымдар қысқартылды. Осылайша, бюджеттен ветеринарлық шараларға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайтылды.
Үстіміздегі жылы материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 100 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Қызылжар ауданында ветеринарлық станса ғимараты, 5 модульді ветеринарлық қосын, препараттар тасымалдайтын автокөлік, компьютерлер мен басқа да құрал-жабдықтар сатып алынады. Облысымызда мал шаруашылығы қарқынды дамуда. Соңғы бірнеше жылдан бері тауарлы-сүт фермалары мен бордақылау алаңдары бой көтеруде. Алыс-жақын шетелден асылтұқымды мал жеткізіліп жатыр. Осының барлығы шаруашылықтарға жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Сәйкесінше, агроқұрылымдарда ветеринарлық қызметтің жұмысы бір жолға қойылуы керек. Бұл өз кезегінде тазалықты сақтап, ветеринарлық шараларды уақытында жүргізуге мүмкіндік береді. Қарамағындағы малдың саулығына ерекше көңіл бөлінген кезде ғана түрлі кеселдердің алдын алуға болады.
Ветеринарлық қызметті одан әрі ны­ғайту және дамыту үшін, сондай-ақ ветеринария саласында орын алып отырған мәселелер бойынша 2021-2023 жылдарға арналған кешенді шаралар әзірленді. Бұл кешенді шаралар жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты бақылау, ветеринарлық препараттардың айналымы, жануарлар ауруларын болжау, ветеринария саласындағы сапалы кадрлық құрамды даярлау және қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген ветеринар мамандары мен инспекторлардың біліктілігін арттыру, ветеринария саласын цифрландыруды, қызмет тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды іске асыруды қамтиды. Сөйтіп, жер-жерде ветеринарлық қауіпсіздік қамтамасыз етіліп, өңір аумағындағы эпизоотиялық жағдай жақсара түспек.

Дайындаған
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp