Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда болып, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша арнайы қызметтің көктемгі су тасқынына дайындығымен, кәріз желілері мен тазарту құрылғылары құрылысының жайымен танысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы жиынға қатысып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Биыл қардың шамадан тыс жаууы салдарынан тоғыз ауылды су басу қаупі бар. Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан тиісті әзірлік шаралары қабылданған. Апаттың алдын алу мақсатымен аудан орталығында ұзындығы 2,5 шақырым, бұдан бөлек, көшелер бойымен 2,7 шақырым бөгет салынған. Шарық өзенінде мұз жару жұмыстары атқарылуда. Шұғыл әрекет ету жасағының құрамында 65 техника мен 135 адам бар.
Құмар Іргебайұлы табиғи және техногендік апатпен күресетін мамандармен тілдесіп, 2017 жылғы күрделі жағдайдың қайталанбауын, барлық күш-жігер тасқынның алдын алуға жұмылдырылуы қажеттігін ерекше атап көрсетті. «CASPIAN CONTRACTORS TRUST» ЖШС-нің бас директоры Виталий Аушариповтың айтуынша, кәріз желілерін тазалау талаптарға сай жүргізілуде. Жобалық құны 3,3 млрд. теңге болатын су тазарту нысанының құрылысы осыдан екі жыл бұрын қолға алынған.
Өңір басшысы іссапар барысында Новосельский ауылдық округінде орналасқан «Колос» фермерлік қожалығында болды. Серіктестік егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Агроқұрылым директоры Александр Гейман 175 бас симменталь, 350 бас қазақтың ақбас сиыры өсірілетінін, қазіргі таңда жаңа ферма салумен айналысып жатқанын жеткізді. Заманауи сүт кешенінде 400 басқа арналған «Елочка» сауу қондырғысы орнатылмақ.
Өңір басшысы қатысқан актив жиынында аудан әкімі Ағзам Тастеміров баяндама жасап, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жайымен таныстырды. Былтыр құрылыс жұмыстарының көлемі 6,8 пайызға өсіп, 14 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Өнеркәсіп саласына құйылған инвестициялар бойынша да өсім бар. 1000-ға жуық адам жұмысқа орналасқан. 121 адам 65 млн. теңгенің грантын иеленген. 75 қатысушыға 302 млн.теңге мөлшерінде шағын несие берілген.
– Астықты ауданның әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы егістік алқаптарының әр гектарынан 14,5 центер өнім жиналғанына қарамастан, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды толық пайдалана алмадыңыздар. Субсидия көрсеткіші артқанымен, қайтарым аз, шығымдылық төмен, – деген Құмар Іргебайұлы машина-трактор паркін жаңалау көңіл көншітпейтінін, мұндай жағдайда көктемгі егіс науқаны мен жер өңдеу шараларын дер кезінде ұйымдастыру қиын екенін сынға алды.
Аудан әкіміне тауарлы-сүт фермаларын көбейту, дер кезінде іске қосу, бизнес-жобалар ауқымын кеңейту, инвестиция тарту мәселелері бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жансая ҚАЙЫПОВА,
журналист.