Орталық коммуникациялар қызметінде елдегі эпидемиялық жағдай бойынша баспасөз мәслихаты өтті.
Соңғы аптада коронавирусқа шалдыққан науқастар саны 12 пайызға артты. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов айтты.
– 17 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда Сovid-19-ға оң нәтижемен 226 767 науқас, ал КВИ-дің теріс нәтижесімен 49 896 жағдай тіркелді. КВИ оңнан 208 074 және КВИ терістен 45 428 науқас сауығып шықты. Ақпанда қаңтармен салыстырғанда науқастар саны 30 пайызға төмендегені байқалды. Сонымен қатар соңғы 5 күннің ішінде тәулігіне 1 мыңнан астам жағдай анықталды. Соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда науқастар саны 12 пайызға өсуі байқалады, – деді Е.Қиясов.
Оның сөзінше, Қазақстан тәуекелі төмен немесе «жасыл аймақтан» тәуекелі орташа аймаққа, яғни «сары аймаққа» ауыстырылды. «Қызыл аймақта» 3 өңір – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары және Батыс Қазақстан облысы тұр. «Сары аймақта» Алматы, Ақмола, Атырау, Қарағанды облыстары орналасқан. Қалған облыстар «жасыл аймақта».
Сонымен қатар вице-министр Қазақстан аумағында коронавирустың жаңа штамдары анықталмағанын мәлімдеді.
– Қазақстанда коронавирустың циркуляциясы бойынша эпидемиялық мониторинг жүргізіледі. Қыркүйектен бастап қаңтарға дейінгі аралықта жүргізілген геномдық зерттеулердің қорытындысында ел аумағында коронавирустың жаңа штамы, нақтырақ айтқанда британдық, оңтүстік-африкалық, бразилиялық штамдар анықталған жоқ. Наурыз айының соңында кезекті геномдық зерттеулер нәтижесі алынады, – деді Бас санитар дәрігер.
Өкініштісі, мектеп оқушылары арасында да коронавирус жағдайларының тіркелуі жалғасып жатыр. Оқу жылы басталғаннан бері 10 мыңнан астам мектеп оқушысы коронавируспен ауырған. Оның ішінде 3 324 бала – офлайн режімде білім алғандар. Қазіргі уақытта карантиндік іс-шаралар өңірлердегі және жекелеген мектептегі коронавирусқа шалдығу жағдайларын ескере отырып теңгерімді түрде қолданылады.
– Сәуірде коронавирусқа қарсы вакцина алатын контингент кеңейтіледі. Республикада коронавирус инфекциясына қатысты вакциналау жалғасып жатыр. Бүгінде бірінші компонентпен
83 839 адамға екпе жасалды. 22 ақпаннан бастап екінші компонентпен вакциналау басталады. Бүгінде 19 312 адам екпе алды. Қолайсыз жағдайлар тіркелген жоқ. Вакциналау еліміздің барлық өңірінде жүріп жатыр. 628 екпе пункті құрылған. Оның 451-і жұмыс істеп тұр. Барлығы да вакцинаны салқын жерде ұстауға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген, – деді Е.Қиясов.
Наурыз айының соңына дейін елімізде Спутник V вакцинасының 150 мың дозасы жеткізіледі. Бұл еліміздің барлық өңіріне 1 сәуірге дейін бөлініп беріледі. Осыған байланысты сәуірде коронавирусқа қарсы иммундауға жататын контингенттің кеңейетіндігі күтіліп отыр.
Сондай-ақ Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов коронавирустың шетелден тасымалдану қаупі әлі де барын алға тартты. Мемлекеттік шекарада 14 елмен әуе қатынасы қайта жанданып, рейстер саны аптасына 95-ке дейін ұлғайып отыр. Жолаушылардың басым бөлігі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласына келеді. Әлі де болса шетелден коронавирустың тасымалдану қаупі сақталуда. 2020 жылдың 6 қазанынан бері халықаралық әуе рейстерімен 322 мыңнан астам жолаушы ұшып келді. Олардың ішінде 44 805 адам немесе жолаушылардың 14 пайызы тест тапсырды. Оның ішінде 239 адамда коронавирус анықталды. Ал мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттері арқылы Қазақстанға 835 мыңнан астам адам келді. Олардың 20 пайызы тест тапсырып, қорытындысында 809 адамда оң нәтиже анықталып отыр.
Сәуір айының соңында «QazQovid-In» вакцинасының алғашқы өнеркәсіптік партиясы шығарылады. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков атап өтті.
– Өздеріңіз білетіндей, вакцинаны әзірлеумен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты айналысады. Ол Білім және ғылым министрлігінің құрылымына кіреді. Олардың мәліметтеріне сәйкес бүгінде барлығы да жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Клиникалық сынақтың бірінші және екінші сатысы аяқталғанын білеміз. Бірінші сатысы 2020 жылдың наурызында, екіншісі сәуірде аяқталды. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында үшінші сатысы басталды. Сондықтан бәрі рет-ретімен келе жатыр. Сәуір айының соңында вакцина дайын болады деп күтіп отырмыз. Бірінші көлемі 50 мың дозаға дейін. Сәуірдің соңында алғашқы өнеркәсіптік партиясының шығарылатындығы күтіледі, – деді ол.
«Сары және жасыл аймақтарда» орналасқан өңірлерде карантин режімі барынша жеңілдетілген. Сонымен қатар мониторингтік топтардың жұмысы жалғасуда. Мәселен, ақпанда қаңтармен салыстырғанда рейд саны 1,3 есеге (15 450-ден 19 923-ке дейін) артты, шектеу шараларын бұзғандар 3,6% құрады. Келушілердің көптігіне (түнгі клуб, мейрамхана мен компьютерлік залдар) байланысты объектілер әлі де заңсыздыққа баруда. 2021 жылғы ақпанда санитарлық-профилактикалық және шектеу шараларының талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік іс 1,7 есе (726-дан 1 282 адамға дейін) өскен.
https://egemen.kz