«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСТЫ ШИРАТУ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдіктің кезекті отырысында үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және бюджеттің шығыс-кіріс бөлігінің орындалу барысы қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков үстіміздегі жылдың екі айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, жетістіктер мен кемшіліктерді атап көрсетті. Баяндамашының айтуынша, өңірдің дамуында оң үрдіс бар. Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция – 12,2 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру – 11,4 пайызға, өнеркәсіп өндірісі – 9,7 пайызға, бөлшек сауда – 7,9 пайызға, ал құрылыс жұмыстарының көлемі 18,8 пайызға артқан.
Әр салада өсіммен қатар кемшін тұстар да бар. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 20,3 млрд. теңгені құрап, көрсеткіш 3 пайызға кеміген. Бұл саладағы ең төменгі көрсеткіш Қызылжар ауданына тиесілі. Мал шаруашылығында өсім тіркеліп, ірі қара саны 3 пайызға өсті. Алайда, Жамбыл ауданында жағдай мәз емес. Мұнда былтыр бірде-бір бордақылау алаңы салынбаған, асылтұқымды ірі қара сатып алынбаған. Сондай-ақ Шал ақын мен Тайынша ауданында мал басы кеміген. Жыл басынан бері облыста құс саны да 27 пайызға азайды. Сәйкесінше, жұмыртқа өндірісі біршама төмендеген. Атап айтқанда, Петропавл қаласында 22,5, ал Қызылжар ауданында 20,1 пайызға құлдырады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыстық көрсеткіштің төмендеуіне әкелген.
Пандемияға байланысты жолаушылар тасымалы да төмендеп, кәсіпкерлер шығынға бастқан. Қызылжар өңірінің «жасыл аймаққа» кіруіне байланысты бұл салада оң көрсеткіштер болады деп күтілуде.
Өндіріс саласында 48,5, ал қайта өңдеу саласында 33,2 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Жыл басынан бері экономикаға 23,1 млрд. теңгенің инвестициясы құйылса, оның 49 пайызы кәсіпорындарға тиесілі. Қомақты қаржының көп бөлігі агроөнеркәсіп кешеніне бағытталған. Құрылыс саласында атқарылған жұмыстың көлемі Петропавл қаласы мен сегіз ауданда артқанымен, Аққайың және Уәлиханов аудандарында әлі де бәсең.
– Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жаман емес. Көптеген салаларда оң өсім бар. Алдағы уақытта қол жеткен табысты одан әрі еселеу бойынша жұмысты жалғастыруымыз керек. Ол үшін өңірімізде мүмкіндіктер жеткілікті. Мемлекеттің қолдауының арқасында облысты дамыту бойынша кешенді жоспар бес жылға ұзартылды. Республикалық бюджеттен 500 млрд. теңгеден астам қосымша қаржы бөлінеді, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жиында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарға басымдық беру керектігі атап айтылды. Яғни, елді мекендерді ауызсумен қамтуға және жол құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Құмар Іргебайұлы жекелеген аудандар өз әлеуетін толық пайдаланбай отырғанын атап айтты. Әсіресе, Есіл, Тимирязев, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларын салу сияқты ауқымды жобалар жүзеге асырылмай отыр. Бұл жобаларды «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландыруға болады. Жылына кем дегенде он тауарлы-сүт фермасын салу қажет. Бұл – орындалатын меже.
Бұдан кейін облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант бюджеттің шығыс-кіріс бөлігінің орындалу барысы туралы есеп берді. Баяндамашының айтуынша, жергілікті бюджет 10 млрд. 405 млн. теңгемен толыққан. Яғни, жоспар 131,8 пайызға асыра орындалды. Ал бюджеттің шығыс бөлігі 97 пайыз. Атап айтқанда, 34 млрд. 941 млн. теңге жұмсалды. Баяндамашы жергілікті бюджет қаржысының 279,5 млн. теңгесі игерілмегенін атап өтті. Белгілі болғандай, Петропавл қаласы, Уәлиханов, Тимирязев аудандары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, білім басқармалары бюджет қаржысын игеруде сылбырлық танытқан.
Өткен екі айдың қорытындысы бойынша әр салаға жеке-жеке тоқталып өткен Құмар Ақсақалов кейбір аудан басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Сондай-ақ, қатысушыларға екі айда тіркелген облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң серпінді жыл аяғына дейін сақтау қажеттігін ескертті.
Қанат АТАМАНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan». 

Сурет: https://kapital.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp